Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аудандық басылымдар республикалық газеттермен бәсекеге түсе алады

26.01.2023

795 0

Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары форумының ресми ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейбір аудандық басылымдардың республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін атап өтті.  Ведомство басшысы осыған байланысты Қызылорда облысында жарық көретін «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Біз аталған басылымның меншік иесі «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директор – Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевты сөзге тарттық.

– Форум барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі сіздердің аудандық газеттеріңізді көпшілікке үлгі етті. Оқырмандарымызға осы газет туралы жалпылама ақпарат бере кетсеңіз.

– Біздің «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты 12 басылым бар. Оның үшеуі – облыстық, біреуі – қалалық, қалғаны – аудандық газеттер. «Жаңақорған тынысы» жеті аудандық газеттің біреуі. Министр жазда «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымымен жолығып, тілшілерімен және жұмысымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, ой сарабына салған. Сол кезде риза болған. Сол кездесуде редакция орналасқан ғимараттың тарихын айтып бергенбіз. Осыдан 10-15 жыл бұрын болуы керек редакция қызметкерлері, ауданның зиялы қауым өкілдері бірігіп, халық болып асарлату әдісімен әдемі заманауи ғимарат салған. Сол уақытта газет редакторы Алмас Бекжігітов деген ағамыз болды. Ол кісі қазір зейнет демалысында. Кейін газет бізге қосылғаннан кейін редакцияны жаңа техникалық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бүгінде бұл басылым біздің маңдайалды газеттеріміздің біріне айналды. Газет А2 форматында басылады. 7 500 тиражбен тарайды. Түрлі-түсті газетіміз республикалық кез келген басылыммен салыстыруға келетін дизайнда шығады. Соның бәрінен Дархан Қуандықұлы хабардар.

Ал өзге өңірдегі аймақтық газеттерден озық тұстарыңыз қандай?

– Аталған басылым биыл 90 жылдығын атап өтеді. Ең алғашқы саны 1933 жылы жарыққа көрген. Газет әр жылдары әртүрлі атаумен шығып тұрған. Мәселен, «Жаңақорған тынысы» атауына дейін газет «Қызыл мақташы», «Коммунизм шырағы», «Екпінді» және тағы да басқа атаумен жарық көріп келді. Біздегі газеттердің барлығында өздерінің желілілік интернет сайттары бар. Интернет ресурстарымыз ақпараттық агенттік есебінде қайта тіркеліп, былтырдан бері жұмыс істеп жатыр. Ол жердегі мамандар шынайы әрі маңызды ақпараттарды жедел жариялап отырады. Мысалы, сайттарымызда аудиподкаст,  медиа веб-контенттер бар. Әр сайттың әлеуметтік желілерде парақшалары ашылған. Соның бәрінде жас қыз-жігіттер қарқынды жұмыс істеп жүр.

– Кадр мәселесімен қиындық жоқ па?

– Басшы ретінде «Сыр медиа» басылымдарындағы кадр мәселесіне баса назар аударамын. Аудандық және облыстық басылымдарда жастарға басымдық берілген. Олардың бәрінде іріктелген қыз-жігіттер жұмыс істейді. Мысалы, бізге қарасты кей 3-4 газеттің редакторлары 25 жастағы азаматтар. Бәрі оқу бітіріп, 1-2 жыл жұмыс істеп, біздің тәжірибемізден өткен мамандар. Жалпы жастарды орталыққа шақырып, кейін респубикалық басылымдардан тәжірибеден өткіземіз. Астана, Алматы, тіпті кейде Ресей астанасында болатын салалық форумдарға да жіберіп тұрамыз. Олардың тәжірибе жиғаны біз үшін аса маңызды.

Сондай-ақ серіктестік аясында «Сыр медиа академиясы» деген оқу орталығымыз бар. Ол жерде дизайннан бастап, өзге де салалық тематикалар бойынша тренерлер мен спикерлерді шақырып, кездесу өткізіп тұрамыз. Сол арқылы өзіміздің журналистерді тәрбиелеп, біліктілігін артырғымыз келеді.

Елорда төрінде өтіп жатқан форумнан қандай нәтиже күтесіз?

– Форумнан күтер үміт мол. «Масс-медиа туралы» заң қабылданады деп отырмыз… Жиында өзімнің 10 түрлі ұсынысымды айттым. Сол ұсыныстарымның көбі осы жолы шешіледі деп ойлаймын. Министрдің де баяндамасынан осы заңға қатысты пікірлерін тыңдадық. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту бойынша үмітіміз көп. Мәселен, облыста өткен жылға қарағанда биыл мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы біршама азайды. Оның өткізілуінің өзі жылда кешігіп отырады. Сондай-ақ бұған дейін сөз болғандай, мемлекеттік тапсырыстың шаршы сантиметріне есептелетін қаржыны бірдейлендіру бастамасы оңтайлы шешімін тапса екен дейміз. Газеттер үшін шаршы сантиметр құны барлық өңір үшін бір бағада болғаны абзал.

Деректер бойынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша газеттің әр шаршы сантиметріне республикалық басылымдарда  –  700 теңге, жергілікті басылымдарда – 120 теңге белгіленген. Бұл менің ғана емес, өңірлердегі, аймақтардағы қалам ұстаған қауымның арман-тілегі.

– Жауабыңызға рахмет!

Айта кетейік, өңірде өнімді жұмыс атқарып отырған «Сыр медиа» ЖШС-ның басшысы форумда бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, газет басу және тарату қызметін субсидиялау; Республика көлеміндегі барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жазылдыруды тұрақты міндетке алу; студенттер үшін газетке жазылуды субсидиялау; журналистерді әлеуметтік қолдаудың пакеттерін ұйымдастыру; «Дипломмен ауылға» бағдарламасын журналистерге де қатысты ету және осы бағдарлама аясында жас журналистерді баспанамен қамту,  бір реттік көтерме сыйақы тағайындау; жас журналистерді арендалық үймен қамтамасыз ету; журналистердің біліктілігін арттыруға, жан жақты тәжірибе алмасуға республикалық деңгейде жүйелі түрде жұмыс жүргізу; БАҚ өкілдері арасында байқаулардың жаңа тәсілдерін табу және оған аймақтардың қатысуына басымдық беру; газетке жазылу мәселесінде ірі мұнай, газ, тағы да басқа компаниялар арасында ықпалдастықты күшейту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайтуды жандандыру қажет деген секілді нақты ұсыныстар әзірлеп әкелген.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: