Қазақстан Республикасының сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыру. Осы бағыттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – аумақтан тыс соттылық институтының енгізілуі.
Аумақтан тыс соттылық ұғымы еліміздің процессуалдық заңнамасына енгізіліп, қазіргі таңда Азаматтық процестік кодексте, Қылмыстық-процестік кодексте және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте нақты бекітілген. Бұл институттың басты мақсаты – сот төрелігін жүзеге асыру барысында бейтараптықты қамтамасыз ету, соттарға түсетін істерді әділ бөлу және азаматтардың сотқа жүгіну құқығын тиімді іске асыру.
Аумақтан тыс соттылық мынадай жағдайларда қолданылады:
- белгілі бір істі жергілікті сотта қарау судьялардың бейтараптығына күмән келтіретін болса;
- соттардың шамадан тыс жүктемесін азайту қажет болғанда;
- қоғамда үлкен резонанс тудырған істерді қарау кезінде әділдікті сақтау мақсатында;
- тергеу судьяларының жедел санкцияларды қарау қажеттілігі туындағанда.
Бұл тәртіп істердің әділ әрі дер кезінде қаралуына мүмкіндік береді.
Аумақтан тыс соттылық институтының сот жүйесі үшін берері мол, сот төрелігінің бейтараптығы мен тәуелсіздігін нығайтады, өңірлік соттар арасындағы жүктемені тең бөледі, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етеді, азаматтардың әділ сотқа деген сенімін арттырады.
Аумақтан тыс соттылық – уақыт талабына сай қабылданған маңызды қадам. Ол сот билігінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына үлес қосады.
Сот жүйесіндегі мұндай жаңашылдықтар – Елбасы мен Мемлекет басшысы белгілеген құқықтық реформаларды іске асырудың нақты нәтижесі. Сондықтан да аумақтан тыс соттылық институты сот төрелігін жүзеге асырудың тиімді тетігі ретінде өз жемісін беруде.
Алмагүл Күншығарова, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің басшысы |
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!