Мұнайлы аудандық ауруханасында қызметкерлерге еңбекақы уақтылы төленбей, жалпы берешек 273 млн теңгеден асқан. Жағдайға прокуратура араласып, тексеру жүргізді, деп жазады Egemen.kz.
Тексеру барысында Мұнайлы аудандық прокуратурасы аурухананың 1040 қызметкерінің еңбек құқықтары бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, 2025 жылғы қазан айы үшін жалақы белгіленген мерзімде төленбеген.
Қадағалау органының қабылдаған шараларының нәтижесінде медициналық мекеме қызметкерлер алдындағы 273 млн теңгеден астам жалақы қарызын толық өтеді. Осылайша жұмысшылардың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.
Бас прокуратураның мәліметінше, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау қадағалау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Айта кетейік, бұған дейін шенеуніктердің салғырттығы салдарынан Маңғыстау облысында 100 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар тұрғын үй жеңілдіктерінен қағылғаны хабарланған еді. Өңірлік прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтардың бұзылған құқықтары да қалпына келтірілген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
