Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ауруханадан әкеме хат

16.05.2023

745 0

Әкетайым, аман сау барсыз ба? Үйге жақсы жеттіңіз бе? Бүгін ауруханада жатқаныма тоғыз күн болды. Сіз Қызылордаға қайтып кеткелі өзімді біртүрлі сезініп қалдым. Бірақ түк уайымдамаңыз, менікі жәй балалық жатырқау ғана. Әйтпесе қасымда өзім сияқты көңілді, ақжарқын құрбыларым бар ғой.

Сізге деген сағынышымды әрі алғысымды білдірейін деп, қолыма қалам алып, бар лебізімді хатқа түсіріп отырмын.

Әкетай, екеуіміз осында Аста­на қаласының «Ана мен бала» орталығына ауруханаға алғаш келгенде қатты жүрексіндім. Оның үстіне дәрігерлер «омырт­қама ота жасау керек» дегенді айтқанда тіпті шо­шындым. Сізге көрсетпей, асхана жаққа түсіп, жылап та алдым. Бірақ  сіз табандылық көр­сеттіңіз. «Қызымды пышаққа тү­сірмей­мін. Омыртқасын отасыз қал­­пына келтірудің қандай ем-ша­ра­сы болса да, мен көне­мін, тек ота жасатпаймын. Нұрайым, түк уайымдама, мен сенің қасыңдамын, ем алып, Қызылордаға тәп-тәуір болып қайтасың» деген сөзіңізден өзіме үлкен демеу алдым.

Міне, шүкір Аллаға, қазір, бірте-бірте белім шаншып ауырғаны басылып келе жатыр. Тамаққа деген тәбетім де бұрынғыдай емес, қазір жақсы.

Әкетайым, сіз мені осында ау­руханаға жатқызып, бір апта бойы күнде келіп жүрдіңіз. Білесіз бе,  күнде түске таман тереземнен  «Ханшатыр» жаққа көшеге қа­рап, сіздің келе жатқаныңызды көріп, көзіме жас алып тұрып қуанатынмын. Екі қолыңызда ауыр  екі пакет, оның ішінде мен ұнататын тәттілер. Әйтеуір авто­бустан түсе сала ауруханаға жүгіре жетесіз. Тайғақ жолдан тайып құлап кетпесінші деп екі қолымды уыстап ұстап, терезеге телміре қарап тұрамын. Бір кезде ауруханаға кіріп кеткеніңізде, медбике апайдан сұранып, бі­рінші қабатқа жеткенше асы­ғамын. Кейде төменге түсетін лифті көтеріліп болмайды. «Әкетайым, күтіп қал­масыншы, тезірейік жетейінші» деп іштен Аллаға жалбарынамын. Сөйтіп тұрғанда лифті де көтері­ліп жетеді. Бір кезде бірінші қабат­қа түсіп, ұзын дәліздің ар жағы­нан  екі қолыңызды  екі жаққа со­зып мәз болып келе жатқан сізді көріп, баяғы бірінші сыныптағы мектептен қайтқан кезім секілді жүгіремін-ау сізге қарай. Содан кейін түскі үзілісте, екеуіміз ау­рухананың асханасына барып бірге тамақтанамыз. Әкетайым, білсеңіз ғой. Сізбен бірге отырып әңгімелескенім, сырласқаным, алдымызға  армандар қойып, бір­ге қиялдайтыным маған та­маша көңіл күй сый­лайтын. Есіңізде шығар, мен сіз­ге кейде палатадағы құрбы­ларымның әңгімесін айтып, бірге талқылай­тынбыз. Кейде таңертең жа­сайтын жаттығуымның дене­ме қалай жағатынын айтып бірге қуанатынбыз

Осы ауруханаға жатқалы, мен үшін ең керемет, ең қуанышты болған күнді айтайын ба? Ол  сіздің менің туған күні­ме арнап өз қолыңыздан палау пісіріп әкелгеніңіз. Қандай дәм­ді болып еді сол палауыңыз. Палатадағы сол күнгі туған күн кешімді еш­қашан ұмытпайтын шығармын. Сізге өтініш айтып, «пиццаға» тапсырыс беріп, алдыртып едім ғой. Бірақ сіздің палауыңыздың орны ерекше болды. Бірге  жа­татын қасымдағы құрбы-қыздар сүй­сініп жеп, жақ­сылап тойып алдық.  «Палаудың еті күйдіріліп қуырылған екен.  Мен сондай етті ұнататын едім» деп айтып қалды  бір құрбым. Ал  мен болсам, іштей, білдіртпей күліп-күліп қой­дым. Артынан  тәтті торт жеп отыр­ғанымызда, құрбыларыма, бұл палаудың «авторы» менің әкетайым дегенімде, бәрі таң­ғалысты. Семейлік Мая есімді қыз: «Мұндай дәмді тамақ әзірлейтін әкең барда сен қандай бақыттысың» деген болатын. Осыны естігендегі күні бойы мәз болып, қуанғаннан шаттанып жүргенімді көрсеңіз ғой.

Бір сөзіңізде айтып едіңіз ғой: «Нұрайым, егер сен бір нәрседен қамығып, ренжитін болсаң, мен оны кәдімгідей сезетін боламын, ал көңілің қуанышты болып жүрсе, менің де көңіл-күйім көтеріліп, сол күнгі жұмысым алға баса беретін бо­лады» деп. Сол үшін де өз-өзіме барынша қуанып, көңілді жүрейін деп серт бердім. Әйтеуір  дәрігерлер қолынан келген бар  көмегін беріп, ем жасап жатыр. Қалған жігерлілік, күресу өзіме байланысты деп білемін. Бір Аллам жар болсын деп тілеймін.

Астанадағы ауруханаға жат­қан әуелгі бір апта сіз қасыма жақын болғасын ба, оншалықты көңілсіз болған жоқ. Қайта күн сайын сіздің келуіңізді күтіп, бірге тамақтанатынымыз, әңгі­ме­лесеті­німіз маған құдды бір лагерьде жүр­гендей сезінетінмін. Енді сіз жұмысыңызға байланысты Қызыл­ордаға қайтуыңыз керек болды. Ал  мен қазір күндегі­дей, түске таман терезеге қарап, Астананың ұлпа­лап жауған қарына қызыға қарап отырмын. Шіркін, әкешім­нің палауы болса ғой бүгінгі түскі аста деп  бір күрсініп қоя­мын.

Жан әкешім, тек сіз уайым­дамаңыз, мен де көңі­лімді түсір­мейін. Алла бұйырса, енді тағы бір апта шыдасам, сіз мені ауруханадан шығарып, үйге алып қайтасыз. Үйдегілердің бәрін сағынып жүрмін…

Анашымды са­­ғындым. Жан анашымның сап-сары бауыр­сағын сағындым. Ағам­ды, апамды, кіш­кентай сіңілім­ді сағындым. Сізді сағындым. Бәріне менен дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, әке.

Маған деген мейіріміңіз үшін, маңдайымнан сипап еркелетке­ніңіз үшін, арқалап өсір­ге­ніңіз үшін, тоңып қалмасын деп үстіме жапқан көр­пеңіз үшін, арқам ауыр­масын деп сөмкемді арқа­лағаныңыз үшін, бала ке­зімде бетіме жара шығып күндіз аулаға шыға алмай қалғанымда, кешкісін қараң­ғы түскенде мені арқаңызға салып, қыдыртқаныңыз үшін, ауырып Астанаға ауру­ханаға келгенімізде, бетімнен сүйіп, «Ботақаным, Алла бұйырса, бәрі де жақсы болады, түк уайымдама, мен қасыңдамын, анаң қасыңда, бәріміз сенің қасыңдамыз. Бірге күресіп жеңеміз» деп маған демеу болатын жылы сөзіңіз үшін, сізге шексіз ризамын, әке.

Сіз көңілді жүруіңіз үшін, мен де еш қамық­пайын, еш нәрсеге ренжі­мейін. Тек күлімдеп, сіздің әр күніңізге қуа­ныш сыйлайтын көңіл күйде жүретін боламын. Ауруханадан жақсы болып ем алып шығып, өзіңізбен Алла аман сау қауышуды жазсын.

Нұрай Егізбаева,

№12 І.Қабылов атындағы ІТ

мектеп-лицейінің

11 «Б» сынып оқушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: