Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылдық округіне барып, көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын көрді.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев ауылдағы әлеуметтік нысандарды таныстырды.
2022-2023 жылдары ауыл көшелерін қайта жаңғыртуға Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 525,9 млн теңге, дәрігерлік амбулатория құрылысына 404 млн теңге бағытталды. Мұнан бөлек, «Абзал және К» ТС абаттандыру жұмыстарына жыл сайын 100 млн теңге қаржы бөледі. 2015 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысына 44 млн теңге, 2016 жылы ауылдық мешітті жаңартуға 137 млн теңге, 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл әкімдігі ғимаратының құрылысына 134 млн теңге жұмсады. Өткен жылы компания балалар ойын алаңы мен спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізуге 23 млн теңге және «Еңбек аллеясының» құрылысына 455 млн теңге бөлді.
Айта кетейік, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Мемлекет басшысының туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырған үндеуін барынша қолдап, игілікті бастамаға белсенді атсалысуда. Демеушілік есебінен облыста 31 млрд. 700 млн. теңгенің жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, маусым айынан бері 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталуда. Қызылордалық кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба құны 1 млрд. теңгені құрайды.
Мұнан бөлек, меценаттардың қолдауымен Сыр өңірінде көптеген әлеуметтік нысандар салынып, қасиетті орындар – Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру басталған болатын. Аулаларға заманауи спорт алаңдары салынып, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда. Бұл тұрғындардың, балалардың демалысына қолайлы әрі спортпен шұғылдануына серпін береді. Абаттандырылған, көркейтілген аулалар жақында аталып өтілетін Қала күні мен Қызылорда облысының 85 жылдығына тарту етілмек.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!