Абай облысының Үржар ауданындағы Бестерек ауылында ауыр жол апаты тіркелді. Көлік үйдің жанында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Қайғылы оқиға салдарынан үш бала көз жұмды, тағы үш бала әртүрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Оның аясында Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік ұшағы Үржар ауданына жөнелтілді.
Бортта реаниматолог, нейрохирург және травматологтан құралған мамандандырылған медициналық бригада бар. Олар жарақат алған балаларға жоғары деңгейде көмек көрсетуді жалғастырады, – делінген ДСМ хабарламасында.
Үржар аудандық полициясының мәліметінше, көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық куәландыру оның апат кезінде есі дұрыс, байсалды күйде болғанын көрсетті. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Toyota» маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші басқару тізгінін игере алмай, үй қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балалар тобына соқтығыс жасаған. Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапты, біреуі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Тағы үш кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!