Бұл сұраққа Рамазан айына орай берілген баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ислам діні адамға ешуақытта қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа, шамасы келген адам ауызашар береді. Пайғамбарымыз сахабаларға ауызашар туралы айтқан кезде олар Алла елшісіне біздің барлығымыздың ауызашар беруге шамамыз келе бермейді ғой дегенде, пайғамбарымыз бір түйір құрма немесе бір жұтым су берсеңіз де сондай үлкен сауап аласыз дейді, – деді Бас мүфти.
Наурызбай Тағанұлы ауызашар беруге ниетті адамға су мен құрма да жеткілікті екенін айтады.
Қарызға батып ауызашар бергеннен гөрі ауызашар беруге ниет қылған адам ауыз ашатын адамға кішкентай құрма, су болсын берсе, соның өзі жеткілікті, – деді ол.
Сондай-ақ Бас мүфти ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырды.
Ауызашар болсын, басқа дастархандар болсын шариғатымыз ысырапқа жол бермейді. Қандай дастархан болса да, адамның қажеттілігіне сай жасалғаны дұрыс. Ауызашарға ораза ұстаған адамға қандай ас пайдалы болса, соны бергеніміз абзал болады біз үшін. Оны асыра сілтеп, салтанатты қылып, ысырап қылса, сауап алам деп жүріп, күнә алып қою мүмкін, – деді Бас мүфти.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!