Жалағаш ауданында халықты сапалы ауызсумен қамту және электр желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудан халқы толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар инфрақұрылым сапасын арттыру үшін жаңа жобалар қолға алынуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов баяндады.
– Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – басты назарда. Бүгінгі күні аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба құны 388 млн теңге болса, алғашқы кезеңге бюджеттен 38 млн теңге бөлініп отыр. Электр жүйелерінің жағдайын жақсарту бағытында да жұмыстар қолға алынды. Қазір аудандағы электр желілерінің ұзындығы 450 шақырымнан асады, олардың тозу деңгейі 30 пайыз шамасында. Осыны ескере отырып, Жалағаш кенті мен Еңбек, М.Шәменова ауылдарының электр желілерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бюджеттен шамамен 1,6 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау сапасын арттыруға және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!