Бүгін «Достық» үйінің мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдар төрағалары мен облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен мазмұнды басқосу өтті.
Басқосудың басты мақсаты – азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді ашық әрі сындарлы форматта талқылау.
Іс-шараға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Жиынды «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден жүргізіп, пікір алмасудың жүйелі әрі ашық өтуіне ықпал етті.
Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев өңірде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және серіктестік аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, азаматтық сектордың әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Сондай-ақ, сала бойынша жауапты облыстық басқарма басшылары мен орынбасарлары өз бағыттары аясында баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, ҮЕҰ жетекшілері басқарма басшыларына еркін форматта сауалдар қойып, көтерілген мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар жобалардың тізбесін жаңарту, табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бастамаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, ұрыс даласы оқиғаларының ардагерлері мен ерекше баласы бар ата-аналар одағы өкілдері денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларына қатысты бірқатар ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарды курорттық-санаторлық емдеумен қамту, ерекше балалардың ата-аналарына арналған тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері көтеріліп, қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасу өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
