Сенбі, 07 желтоқсан, 20:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Азапталған да, азаптаған да қазақ

22.02.2022

1018 0

Соңғы кездері қаңтар оқиғасымен байланысты жазықсыз қамауда отырғандарды босатуды, азаптауларды тоқтатуды талап еткендер көбейді. Әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарда бірінің баласы, бірінің бауыры, енді бірінің өмірлік жары жаламен қамалғаны айтылады. Олардың адам төзгісіз тәсілдермен азапталып жатқаны тағы бар. Қамалғандардың арасында «қайғылы қаңтарда» қылмыс жасағандардың да бар екені жасырын емес.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ: 3070 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛҒАН

Қаңтар оқиғасына байланысты қанша қылмыстық іс қозғалған, қанша адам қамауда отыр, оларды кім тергеп жатыр? Полицейлердің кейбір істері прокурорларға өткен. Тіпті өкілеттіліктерін асыра пайдаланғаны үшін тергеліп жатқан полицейлер де бар. Бұл мәселеге байланысты ел ішінде «анау айтты», «мынау айтты» деген ақпарат көп. Саралап, анық-қанығына көз жеткізу қиын. Біз нақты ақпаратқа сүйену мақсатында Қазақстан Президентінің ресми сайтына жарияланған материалдан дерек келтіргенді жөн көрдік.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Президентке «қасіретті қаңтар» оқиғасын тергеп-тексеру барысы және рұқсат етілмеген тергеу әдістеріне қатысты азаматтар мен құқық қорғаушылардың мәліметтері негізінде қабылданып жатқан ша-ралар баяндалды.

Қазақстан Президентіне 3070 қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берілді. Саралап қарайтын болсақ, ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау және басқа да қылмыстарды ішкі істер органдары тергеп-тексеріп жатыр. Бас прокурордың мәліметінше, ішкі істер органдарының қарауында 2710 іс бар.

Ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, тәртіпсіздіктер өршіп тұрған кезде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылымдар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек тергеу жүргізілуде. Осындай әрекеттердің салдарынан Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1500-ден астам қару қылмыскерлердің қолына түскен. Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі ғана табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық фактілер бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.

ТЕРГЕУДЕ АЗАПТАЛҒАНДАР БАР

Азапталғандардың жанайқайы жаныңды ауыртады. Әсіресе Талдықорғанда қамалғандарды аяусыз азаптағандарын естігінде не ойлап, не айтарыңды да білмейсің. Өйткені азапталып жатқан да, азаптаған да қазақтың баласы.

Белсенді Дана Жанай Instagram-дағы парақшасына Талдықорғанда Азамат Батырбаевты уақытша ұстау изоляторында қатты азаптағанын жазған. «Полиция қызметкерлері Азамат Батырбаевты ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдірген. Құзырлы органдар оны емделуіне және сауығып кетуіне қажетті, тиісті көлемдегі медициналық көмек әлі алмаған кезде емдеу мекемесінен алып кетіп, емдеуге және сауығып кетуіне жағдай жасалмаған тергеу изоляторына қамады», – деді Дана Жанай.

Бұл жазба жарияланғаннан кейін-ақ қоғамда қызу талқыға түсті. Жұртшылық азаптауларды тоқтатуды талап етті. Қазақстан Президенті тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолданбауды және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауды тапсырды. Тіпті арнайы комиссия Талдықорғанға барып, мәселенің мән-жайымен танысты. Қазір азаптаған құқық қорғаушылардың өздері тергеліп жатыр.

Бас прокурордың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша 173 істі жүргізуде. Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Аймақта «Қаңтар қасіреті» кезінде орын алған оқиғалар бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлімдеді.

– Облыс бойынша 72 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде терроризм актісі бойынша 5 іс, адам өлтіру фактісі бойынша 2 іс, жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша 1 іс, қаруларды жымқыру дерегімен 4 іс, билік өкіліне қатысты күш қолдану бойынша 4 іс, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша 2 іс және басқа фактілер бойынша 54 іс тіркелген. Оқиға орнын қарап-тексеру барысында 100-ден астам бейнежазба, 83 дана қол-саусақ ізі, 73 дана гильза және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Ұсталғандардан 6 дана атыс қаруы мен 63 патрон тәркіленді. Тергеп-тексеру барысында 960 адам оның ішінде қылмыстық іс шеңберінде 351 адам полиция органдарына жеткізілді. Қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы бар екендігі бұлтартпас айғақтармен бекітілген 103 адам күдікті ретінде танылды, – деді М.Қазиев.

Айта кету керек, 103 күдіктінің 63-і соттың санкциясымен қамауға алынды. Қалғандарының денсаулық жағдайы мен отбасы жағдайы ескеріліп, 40 адамға қатысты бұлтартпау шаралары қолданылды.

Прокуратураның бастамасымен 18 күдіктіге қатысты оның ішінде 1 ауыр науқас, 2 көпбалалы ана бұлтартпау шарасы негізінде үй қамаққа ауыстырылды. Сонымен қатар негізсіз ұсталуына байланысты бір адам уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Бұдан бөлек осы жылдың 10-14 қаңтарында заңсыз акцияларға қатысқаны үшін 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 252 адам ұсталған.

Несін жасырамыз, Сыр бойында да жақынына жала жабылып, қамауда отыр дейтіндер табылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның Қызылордадағы жиыны жайлы жазылған «Азаттық ньюстің» материалына назар аударайық.

«Достық» үйінде өткен жиында Ағима Балымбетова есімді тұрғын баласының «Арай сити» сауда үйінің қасындағы кондитерлік мекемеде жұмыс істейтінін, сол күні жұмыстан шығар кезде митинг басталып, бейнежазбаға түсіп қалғанын айтты. «Сол іс бойынша сағат түнгі 1-де үйге адамдар келіп, баламды алып кетті», – дейді А.Балымбетова.

Жанна Бедембаева есімді тұрғын жолдасына қатысты істің әділ жүрмей жатқанын жеткізді.

– 11 қаңтар күні жолдасымды өзінің жеке автокөлігімен полиция қызметкерлері тоқтатып, көліктен схемалар табылды деп айыптайды. Одан кейін жолдасымды 72 сағат тергеу уақытында қинап, азаптайды. Менің жолдасыма байланысты іс әділ жүріп жатқан жоқ. Сол жағдайға байланысты шағымдануға келіп отырмын, – деді Жанна Бедембаева.

Қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның басшысы Рысбек Сәрсенбаев: «ешқандай экстремистік, лаңкестік, терроризммен Қызылорданың бірде-бір азаматы сотталуға, айыпталуға тиісті емес деп есептеймін. Халықтың өмірін қор етуге, ананы жылатып, ата-ананы зарлатып, балаларды жетім етуге ешкімнің хақысы жоқ», – деген пікірін білдірді.

ҚАМАУДА ОТЫРҒАНДАРДЫҢ ЖАЙЫ

Өткен аптада облысымызға еліміздің мәжіліс депутаттары келіп, Қызылорда қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесінде қамауда жатқандардың жағдайымен танысты.

Нақтырақ айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттаттары Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали, «Ақжол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Пірманов, қалалық мәслихат депутаты Ғибрат Байсейітов және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД басшылығы тергеу изоляторының режимдік корпустарын аралады.

Халық қалаулылары алдымен мекеменің кезекші бөлімінде болып, ондағы тергеу, адвокаттар, кездесу және таксафонмен сөйлесу бөлмелеріндегі жағдайлармен танысты. Бұдан соң ішкі ғимараттағы мекеменің асханасына барып, қамаудағыларға дайындалып жатқан ас мәзірін бақылап шықты. Одан соң мекеменің медицина бөлімінің жабдықталуын көріп, арнайы процедуралық бөлмелерді аралады.

Аралау барысында мекеме бастығы, әділет подполковнигі А.Тасқараев қамаудағы азаматтарға медициналық көмектің тиісті деңгейде жасалып жатқанын, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп олардың толық профилактикалық тексерістен өткендігі туралы және тергеу изоляторы қызметін ұйымдастыру мен қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандарды тергеп-тексеру тәртібі жайлы ақпарат берді.

Мәжіліс депутаттары қапастарға кіріп, қамауда ұстау жағдайларын көрді. Халық қалаулылары қаңтар оқиғасына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен қамауда отырған азаматтардың қылмысын ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын және қамауда ұстау санкцияларын жеңілдету жөнінде сотқа және құқық қорғау органдарына ұсыныс беру үшін келгендіктерін жеткізді.

Күдіктілер мен айыпталушылар сұрақтарын қойып, мекемедегі ұстау жағдайларына, оның ішінде азаптауларға қатысты шағымдарының жоқ екенін айтты. Керісінше, күдіктілер өздерінің денсаулық жағдайларының бірқалыпты екенін, жеке тергеу істері бойынша тергеушілермен, адвокат және заңды өкіл-дерімен кездесулер заң шеңберінде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ?

«Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторларында азапталған азаматтар аз емес. Ондаған адамның бостандыққа шығуына «Аманаттың» себепкер болғанын білеміз. Бұл қамалғандардың бәрі бірдей кінәлі еместігін білдіреді. Дегенмен олардың арасында кінәлілер де бар ғой. Заңгер ретінде не дейсіз?», – деп, елге белгілі заңгер Абзал Құспанға сауал жолдаған болатынбыз.

– «Аманат» комиссиясы ресми ұйым емес не алдын ала жоспарланған жұмыс емес. Өткен айдың 22 күні мемлекеттік хатшы Ерлан Каринмен кездестім. Сол кезде өзімнің ұсынысымды айттым. Мемлекетте төтенше жағдай жарияланған кезде төтенше іс-әркеттерді қажет етеді. Сондықтан тек қана тергеушілердің құзіретіне қалдырмай, қамалған көп азаматтың қосақ арасында кетіп қалмауына азаматтық қоғам мүдделі. Ертең елдің наразылығы туындайы. Өйткені көп адамның баласы, жақын туысы істі болуы мүмкін. Қосақ арасында жазықсыз адамдар кетіп қалмауы үшін шешімді қабылдағанда осы кезге дейін тергеушінің, прокурордың ғана құзырындағы мәселе екендігі бәрімізге түсінікті. Төтенше жағдай орын алғандықтан азаматтық қоғам өкілдері бірге атсалысу керек. Біздер ең болмаса соны көруіміз керек. Қадағалауымыз керек. Мүмкіндігімізше шешім шығаруға араласуымыз керек деген мәселе көтердім. Мемлекеттік хатшы заңдылық жағының негізін көрейік деп, бас прокуратураның өкілдерін шақырды. Оларға да түсіндіріп айттым. «Сізге қандай мүмкіндік керек?», – деді. Мен «Екі-ақ мүмкіндік керек», дедім. Біріншісі – тергеу изоляторына кіріп, сол азаматтармен жолығу, жүздесу, кездесу, сөйлесу. Екіншісі – қатысы жоқ-ау деген азаматтарға қарсы іс материалдарымен танысу. Олар: «Жақсы, біз жергілікті жерлердегі прокурорларға тапсырма береміз. Олар қандай шешім қабылдайды өздері біледі» деді.

Бұл жерде мәселе мынау. Бастапқы кезде ішкі істер органдары қылмыстық істерді қозғап, азаматтарды ұстап соттың санкциясымен қамағандарымен кейін жергілікті жердегі прокуратура органдары облыстардағы қалалардағы ведомствоаралық жедел тергеу тобын құрып, яғни проурорлар өз үлесіне алды. Тиісінше процестік шешімдерді тергеу органдарына кіргізу, іс құжаттарын беру, тергеу изоляторына кіргізу сияқты шешімдерді сол жердегі ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшылары қабылдайды.

Міне содан кейін 24 қаңдарда Алматы қаласынан бастадық. Күні бүгін осы прокуратурамен бірлесіп, іс-әрекет жасау барысында біздің ықпал етуімізбен 200-ге жуық адам шығарылды. Нақты санын дәл бүгін айта алмаймын. Өйткені статистика күн сайын өзгеріп жатыр. Біз 6 өңірде жұмыс жасап үлгердік. Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Шымкент, Семей және Өскемен қалаларында болдық. Алдымызда Қызылорда, Атырау облыстарына бару жоспары тұр. Бірақ 6 өңірден кейін 10 күндей болды астанада жұмыс істеп жатырмыз. Осы кезге дейін мәлімдегеніміздей, жүйелі түрде орталық мемлекеттік органдар арқылы әрекет еткеніміз дұрыс деп шештік. Алты өңірде жұмыс жасаған тәжірибеміз бойынша көптеген ұсыныс енгіздік. Соның ішінде әсіресе 272-бап жаппай тәртіпсіздік деп аталады. Соның ішінде 272-баптың 2-бөлігі қатысушыларға қатысты «мынадай жағдайда олардың бас шарасы өзгертілу керек» деп бас прокуратураға

ұсыныс енгіздік. Олар бұл ұсынысымызды жергілікті жердегі прокурорларға жолдады. Сол себепті біз бармаған өңірлерде де қандай да бір азаматтар бостандыққа шығып, шаралар өзгертіліп жатса, қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа оған да мына жақтан ықпал етіп жатқандығымыздың бір дәлелі.

Жаңағы сұрағыңыз, қаупіңіз өте орынды. Қамауға алынған адамдардың барлығы бірдей жазықсыз дегенді білдірмейді әрине. Біз олай деп айтқан емеспіз. Ондай демогогияға салына алмаймыз. Ол дилетанттық деп есептеймін. Айталық, Алматы қаласында біз жұмысқа кіріскенде тергеу изоляторында отырған адамдардың саны 280-дей болса, біз соның бүгінгі күнде 91 адамын шығаруға атсалысқан екенбіз. Енді шығаратын прокурор мен тергеу соттары ғой. Біз солардың шығуына себепкер болған екенбіз. Ықпал еткен екенбіз. Яғни 3/1 бөлігі шықты деуге негіз бар. Бірақ қалған адамдардың кінәлі, кінәсіз екендігін тергеу орындары мен сот қана анықтайды. Ал мына шыққан адамдардың да қазіргі таңда мойындарынан кінәлары алынып тасталған жоқ. Оны біз талап ете алмай отырған себебеміз, қылмыстық процес кодексінің талаптарына сәйкес тергеу мерзімі кем дегенде екі ай. Бізге ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшылары: «кешіріңіз, қазір біз қылмыстық істі қысқарту туралы шешім қабылдай алмаймыз. Себебі әлі біздің процестік мерзіміміз бар» дейді. Ол айтулары да дұрыс. Тергеу басталғанына екі ай бола қойған жоқ. Үш айға дейін созуға да құқылары бар. Негізгі қазір босап шығып жатқан азаматтар ол бас шаралары өзгертілгендер. Бірақ олар болашақта қылмыстық істері қысқартылуына басты кандидаттар деп айтуға негіз бар.

Қаңтар дүрбелеңіне байланысты сол жағдайды пайдаланып, азаматтардың мүлкін тонауға атсалысқан, қолына қару алған, ғимараттарды өртеген, ғимараттарға шабуыл жасап, ішіндегі мүліктерді жоюға, тіпті кейбір жекелеген жағдайда азаматтарға күш қолданып, әртүрлі дене жарақаттарын салған азаматтар да, сонымен қатар қандай кінәсі барлығына қарамастан ұсталған азаматтарды азаптап, ұрып-соғып тағы да басқа заңсыз әрекеттерге барған полиция қызметкерлері де, тасада отырып тас атқан арандатушылар да жазасын алу керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде біз ана жақ мына жақ деген екі лагеръге бөлінбеуіміз керек. Бұл жерде кім осы оқиға кезінде қандай құқық бұзушылыққа барды барлығы қызметіне қарамай, шеніне- шекпеніне қарамай, әлеуметтік статусына қарамай қылмыстық жауапкершілікке тартылып, лайықты жазасын алуы тиіс, – деді белгілі заңгер.

Р.S. Түптеп келгенде қаңтар оқиғасында тоналған, қираған ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар, өртелген автокөліктер аз емес. Өкінішке орай адам да өлді. Оның ішінде қарт та, жас та, бала да бар. Мемлекетке 100 млрд теңгеден астам шығын келді. Осының бәріне кінәлілер жазалануы керек. Бірақ жазықсыз жандар нақақтан нақақ күйіп кетпесе екен. Қалай болғанда да азаптауларды тоқтатып, жазықсыз жандарды босату керек. Қазақстан халқының талабы, тілегі – осы.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: