Сенбі, 21 желтоқсан, 22:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Азшылық топтың» арманын орындау міндет пе?

27.03.2021

3500 0

Білетініміз, адам құқығы, наным-сенім бостандығы, әйел теңдігі турасында жалпыадамзаттық қағидаттар қалыптасқан. Оның өзегі гуманды игілік, ғаламдық даму болған соң, әлем елдері де аталған ортақ ұстанымдармен санасуға тырысады. Алайда соңғы уақытта осы кеңдік пен төзімділікке үндейтін қозғалыстар мен халықаралық заңнамалар шеңберінде белгілі бір дәстүрлі емес топтардың мүддесі алдыңғы орынға шығып жатқан секілді. Тарқатып айтсақ, ЛГБТ өкілдерінің митингі, дәстүрлі емес жыныстық ориентацияны насихаттау, жыныс ауыстыру секілді әрекеттер. Әсіресе, соңғысы консервативті қазақ қоғамында аса бір шиеленісті дау-дамайға әкеп соқты.

Даудың басы

Жақында әлеуметтік желіде «Қазақстан­да жыныс ауыстыруға рұқсат беретін заң қабылданды» деген дерек тарап, қоғам белсенділері мен саясаттанушылар, түрлі саладағы мамандар мен қарапайым халық дүрліге көтерілді. Қарсылық білдірген жұрт азғындаған топқа ойына келгенін істеуге жол беруге болмайтынын айтып, наразылық көрсеткен-тұғын. Артынша «жыныс ауыстыру отасы тегін жасалатын болыпты» деген жанама ақпарат шыққанда елдің бәрі үкіметті сынап, министрді сыбап жатты. Осы орайда алдымен ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желіде желдей ескен мәліметтер шындыққа жанаса ма, соны бағамдаудан бастайық.

Расында, Қазақстанда жыныс ауыс­тыруға рұқсат берілген. Алайда ол – бүтін заң жобасы емес, денсаулық сақтау министрі қол қойған адамның жынысын ауыстыруына байланысты медициналық куәландыру ережесі көрсетілген бұйрық. 2020 жылдың 25 қарашасында жарияланған (№ ҚР ДСМ-203/2020) бұйрықта жыныстық ауытқуы бар адамдарды медициналық куә­ландыру және олардың жынысын ауыстыру қағидалары бекітілген болатын. Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мұндай қадамға бару себебін ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне енгізілген өзгеріспен байланыстырды. Аталған кодекстің 156 ба­бында: «Психикалық, мінез-құлықтық бұзылу­шылықтары (аурулары) бар адам­дардан басқа, жиырма бір жасқа толған, әрекетке қабілетті, жыныстық сәйкестендіру ауытқушылықтары бар адамдардың өз жы­нысын ауыстыруына құқығы бар» делінген. «Өзі шығайын деп тұрған көз еді» демекші, Алексей Цой осылайша кодекске сүйене әрекет етіп, арнайы бұйрық шығарыпты.

Реті келгенде министр қабылдаған бұйрықтағы маңызды деректі мысалға келтіре кеткен жөн секілді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бекіткен бұйрыққа сәйкес, жыныс ауыстыруға ниетті азамат 21 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс болуы керек және арнайы комиссия шешімінен соң ғана жыныс ауыстыруына рұқсат беріледі. Сондай-ақ комиссия құрамында уролог, гинеколог, терапевт, эндокринолог, психолог мамандар болу міндетті деп көрсетілген. Ресми дерекке сәйкес, 2009 жыл­дан бері елімізде 25 адам жынысын ауыстырса, өткен жылы тиісті медициналық куәландырудан 13 адам өткен. Демек, аталған ақпаратты жоққа шығара алмаймыз.

Ал «тегін отаға» келер болсақ, бұл дерек тек «аттанға айқай қосу» болып шықты. Ешқандай жыныс ауыстыру отасы тегін жасалмайды, квота берілмейді екен. Оған денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілдері былайша жауап қайтарған: «Морфологиялық жынысты өзгерту бойынша операциялар адамның өтінішімен жос­парлы түрде, кезең-кезеңімен, қажетті тексеру­лерден өткеннен кейін, сонымен қатар комиссияның рұқсаты мен гормондық терапиядан өткен соң жүзеге асырылады. Бұл операция тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейді және ақылы қызмет болып табылады» депті. Ендеше, ота жасау мемлекет есебінен емес, азаматтардың қалтасынан төленеді деген сөз.

Осы мәселе көтерілгелі ұлттық болмысқа қайшы қадам жасауды заңдастырған билікке деген халық сенімі сетінеп, наразы топтың қарсы әрекеті мен үндеуі қоғамда толқу тудырғаны белгілі. Танымал тұлғалар мен зиялы қауым болса, үндеу жариялап қоймай, халық болып қарсы тұруға шақырып жатты. Қазір де аталған мәселе күрмеулі түйінге айналған.

«Азшылық топтың» арманын орындау міндет пе?

Қайдан келген кесел?

Көбіміз батыс елдеріне тән жат үрдіс бізге де жетті деп алаңдап жатамыз. Расында, Қазақстанда аталған қозғалыс пен үрдістер енді ғана пайда болды ма? Біздіңше, бұл бұрыннан бар мәселе секілді. Тек жыл өте ушығып, ауқымы артып келеді. Мысалы, Орталық Азиядағы ЛГБТ-ның «бейресми астанасы» Алматы қаласы саналатынын көбісі біле бермейді. Мұнда «бөгделердің» ұйымы, жиналатын уағдалы орны, арнайы түнгі клубы да бар. Қала жастары бірнеше мәрте аталған мекен жайларда шу шығарып, төбелес ұйымдастырғанымен, одан әрі аса алмай келеді. Көше әңгімесі дерекке жүр­мейтінін білеміз. Алайда бейресми ақпараттар ЛГБТ қауымдастықтарын қорғайтын қарулы қазақ жігіттері бар деседі. Сондықтан болар, бұған дейін көпшілік ЛГБТ туралы естісе де мән бермей, білсе де мойындағысы келмеген. Енді, міне, жағдайға тура қарамаудың салдары ресми рұқсатқа жеткізді. Әрине, бұл жалғыз себеп емес…

Жалпы мұндай «азшылық топ» қайдан шыққаны туралы түрлі түсіндірме кездеседі. Әлдекімдер айтқандай, бұл соқпақтың бастауын көне дәуірге тіреп, киелі кітаптардан мысал келтіріп, тым әріге бару орынсыз шығар. Өйтсек, кей ұлт пен ұлыға тіл тиіп кетер. Қазір маңыздысы «мұндай үрдіс қашан ғаламдық сипат алды?» деген сауалға жауап табу секілді. Себебі дәл осы ғаламдық үрдіс қораш заңдар мен қозғалыстардың бастау көзіне айналуда.

«Жабық тақырыптың» кең өріс алуы – үгіт-насихат жемісі. Асыра толеранттылық дейміз бе, жаңашалануға жата ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, жаңа ғасыр басталғалы «азшылық топты» насихаттау, оларға тең құқық беру мәселесі белең алды. Тіпті батыста осы салада құқық қорғап, жақтай сөйлегенді ізгілік жаршысы, батылдық үлгісі ретінде дәріптейді. БАҚ пен әлеуметтік желі теңдік, төзімділік ұғымын да ЛГБТ өкілдерімен байланыстырып, кім қолдаса, сол әділетшіл, қарсы шықса, қатыгез етіп суреттеуге дағдыланған. Сонымен қоса, «теріс көзқарасты» насихаттау үшін шетелдік жобаларға қайтарымсыз қаржы беру көбейген. Қазақстанда мұндай ұлттық менталитетке жат сананы сыналай енгізу әрекетін «Адали» қоры, «Сорос-Қазақстан» қоры (Soros Kazakhstan Foundation) секілді ақпараттық-құқықтық бірлес­тіктер мен ұйымдар атқаруда.

Үгіт-насихаттың тағы бір тармағы өнер сала­сында байқалады. Мысалы, 2016 жылы киноиндустрия саласындағы белді сыйлық – «Оскарды» «Даниялық қыз» атты фильм алды. Скандинавиялық алғашқы трансгендердің өмірін сурет­теген кинотуынды шығыс­та ғана емес, Еуропа­ның өзінде сынның астында қалған еді. Себебі де анық. Фильм көрерменді психологиялық ауытқушылыққа итермелеп, жиіркеніш сезімін тудырады. Соған қарамастан кино медиакеңістікте кең тарап, танымалдыққа ие болған.

Сондай-ақ 2014 жылы «Евровидение» халық­аралық ән бай­қауында Кончита Вурсттың жеңісі саяси аренада «азшылық топтың» орасан салмаққа ие екенін дәлелдегендей болды. Әйтпесе, Кончита Вурсттың жеңімпаз атануы жалғыз әншілік қабі­летінде емесі бірден байқалатын.

Міне, осылайша үгіт-насихат жүргізу, жоба­ларды қаржылан­дыру, БАҚ-тың біржақты ұстаны­мы «бөгделер өмірін» қоғамдық сипатта ғана емес, саяси аренада да басқа деңгейге шығарды.

«Азшылық топтың» арманын орындау міндет пе?

Ауру ма, азғындық па?

Көбісі «Трансгендер ауру ма, әлде құштарлықт­ың азғындаған түрі ме?» деген сұраққа жауап алуға талпынатыны анық. Алайда осы сауалдың айналасында құбылмалы анықтама, көлеңкелі тұс көп байқалады. Мәселен, ескі заманда өз жынысынан жерігендерді діни тұрғыда тарқатып, мистикалық жын-перілердің әрекеті десе, ХХ ғасырдың басында «шизофрения» деген диагноз қойғанын білеміз. Тіпті қоғамдағы азғын топ ретінде психиатриялық ауруханаға қамаған.

Соған қарамастан жыныс ауыстыру арқылы қоғамға қарсы шыққан түрлі әлеуметтік топ өкілдері көбейіп, ота жасатуға ниетті азаматтардың қатары артты. Ғалымдар өткен ғасырдың екінші жартысында мұндай әрекеттің белең алуын «циклоспорин» дәрісінің пайда болумен сабақтастырады. Препарат бөтен ағзаны қондырған кезде иммунитеттің қарсылығын басуға көмектескен. Нәтижесінде отаның сәтті шығу ықтималдығы артып, операция жасатушылар саны көбейіпті. Бүгінде көрсеткіш көбеймесе, азайған жоқ. Әлгінде айтқанымыздай, Қазақстанның өзінде 20-дан астам адам ота жасатып үлгерген.

Жалпы әлем трансгендерді психологиялық ауру ретінде қабылдайды. Ғылымда да солай бекітілген. Түрлі елдерде жарық көрген психологияның фунда­менталды анықтамасы, аурулар жіктемесі секілді ғылыми еңбектерде трансгендерді жүйке жүйесі мен психологиялық ауру тізіміне енгізген болатын. Сондықтан ғаламдық тәжірибеде жыныс ауыстыру саналы адамның әрекеті емес, психологиялық ауру науқастың таңдауы деп рұқсат берген.

Айнұр Қасқабасова, психолог:

– Кейбір адамның жыныс ауыстыруға шешім қабылдауы денсаулық ақауына немесе гормон бұзылуынан туындауы ықтимал. Еркектің өзін әйел сезінуі немесе керісінше әйелдің өзін еркек сезінуі көп жағдайда психикалық ауытқумен қатар, қызығушылығы мен ортасына қарай қалыптасып жатады. Негізінен трансгендерлердің дені бейімделу, еліктеу нәтижесінде өзгергендер. Мұны жүре қалыптасатын мінез дейміз. Мұндай мінез-құлықты дер кезінде байқап, дұрыс бағыттаса, адамды райынан қайтарып, түзетуге болады. Сондықтан ондай жандарға дұрыс тәрбие қажет, – дейді.

Ult.kz тәуелсіз интернет-басылымына берген сұхбатында «Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан жыныс ауыстыруға талпыну психологиялық ауытқушылық екенін атаған.

– Адам өзін қандай жыныстың өкілі са­найтыны маңызды. Кейде генетикалық тұрғыдан әйел болып шықса да өзін еркекше сезінетін пациенттер бар. Бұл енді медициналық қана емес, психологиялық, отбасылық тұрғыдан да күрделі мәселе. Қандай жағдайда болсын, мұндай жаны мен тәні ауру жандар психикалық тұрғыдан үлкен қысымға тап болады. Аналық және аталық жыныс бездері дұрыс қалыптасқан, бірақ жасырын гермафродитизмге ұшыраған сырқаттарға заң­герлік және психоло­гиялық көмек ауадай қажет. Кейбіреулер гормо­налдық ем-дом алып, жа­қындарының жақсы қол­дауынан кейін дертінен айығып кетіп жатады, – деген дәрігер.

Сонымен ғалымдар бұл санаттағыларды психо­логиялық ауытқушылығы бар адам қатарына жатқызды. Бір қызығы, халықаралық заңдар мен құқықтық құжаттар, қауымдастықтар аталған теорияны жоққа шығарып, трансгендерді ақыл-есі дұрыс адаммен теңестіруге тырысуда. Бүгінгі әлемдегі ЛГБТ шерулер мен қозғалыстардың негізгі көздегені де осы. Тіпті халықаралық құқықтық келісімдерде аталған идея төңірегінде дау көтеріп келеді. Ойлаған мақсат та алыс емес секілді. Мысалы, үш жыл бұрын Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың халықаралық жіктемесінен (АХЖ-11) трансгендерлікті жүйке жүйесі аурулары тізімінен алып тастады. Бұл – медицина саласындағы ғаламдық ең маңызды құжаттың бірі. Осылайша, трансгендерлер емдеуге болатын психикалық ауытқушылығы бар санаттан әлеуметтік топқа ауысты. Яғни, әлем ендігі жыныс ауыстырғысы келген немесе ауыстырған адамдарды ақыл есі ауысқан деп санай алмайды деген сөз.

Осындайда «Мұның барлығын бізге не қатысы­ бар? Бұл оқиғалар шалғайдағы қазақ қоғамына не үшін әсер етуі керек?» деген заңды сауал туа­ды. Оның бірнеше жауабы бар. Алғашқысы, Қазақстан – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына мүше ел. Сәйкесінше, ұйымның заңнамалары мен ереже­лерін сақ­тауға міндетті. Демек, Қазақстан да оларды психологиялық ауытқушылығы бар деп қабылдамауы қажет. Екіншіден, мүйізі қарағайдай БҰҰ, ЕО, ШЫҰ, ХЕҰ секілді алпауыт бірлестіктер мен одақтардың адам бостандығы, төзімділік тура­сында өзіндік қағидаттары бар. Онда да транс­гендерлер қоғамда «бостандық пен теңдікке» қол жеткізу керектігі тайға таңба басқандай айтылған. Сондықтан алды тұман мұн­дай талапты орындамау – экономикалық, саяси қысымға жетелеуі ықтимал. Әрине, Түркияның Ыстанбұл конвенциясынан шығуы секілді, аталған талаптардан бас тартуға да болады. Алайда ол экономикалық тұрғыда орасан зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан, бір ғана қорғаныш амалы – ұрпақты ұлттық болмыс шеңберінде тәрбиелеу.

«Азшылық топтың» арманын орындау міндет пе?

Осы орайда, Қазақстандағы медициналык биотехнология саласының маманы Серік Керей тақырыпқа мынадай пікір білдірген:

– Егер батыстың құқық, заң жүйелері болмағанда бұларды (трансгендерлерді -Б.Ш.) емделуге жататын науқастар тобына жатқызған. Бұл таза медициналық ғылым тұрғысынан айтылған ой. Адамзат көз жеткізген зарядтардың, организм мен химиялық элементтердің екі таң­басы ғана бар: оң және теріс. Сондай-ақ биология ғылымы бойынша көбею, өзгеру, түрленуі үшін де екі түрлі таңба бар: «+» және «-». Бұл адамзаттың даусыз дәлелдей алатын тұжырымы. Ал бүгінгі философия, дін, құқық, заң, саясат бойынша жасалған стандарттар мен нормалардың болашақта өзгеруі және түбегейлі жоққа шығуы мүмкін. Сондықтан дәстүрлі емес жыныстық топтарды «жыныстық ауытқушылық бар топтар» деп санаймын. Алайда бүгінгі үстемдік етіп тұрған заңдар барда оларды емдеуге мүмкіндік жоқ. Уақытша төзімділік танытуға тура келеді. Келешекте жаратылыстану ғылымдары дамыған шақта алдын алу, емдеу жұмысын заңдастыру басталары сөзсіз, – дейді маман.

Қоғам үні

Қазақ менталитеті, болмыс-бітімі ұлтқа зиян келтіретін теріс үрдіске қарсы тұруға қау­қарлы екені анық. Оның үстіне ғасырлар бойы қалыптасқан исламдық қағидаттар мен тарихи сана да сыртқы күшке шыдас беретін қасиетке ие. Сондықтан батыстың «азшылық топтың» өмір-салтын жалпыадамзаттық өмір сүру моделіне айналдыру саясатына қазақ қоғамы ұлттық болмысты насихаттау арқылы жауап қайтаруда. Жыныс ауыстыру тақырыбында да ұлттық сана аз айтылған жоқ.

– Адам баласы ғасырлар бойы табиғатпен үйле­сімде, бірлесе ғұмыр кешіп келеді. Әу бастағы бол­мысты бұзбау – саулықтың ең басты көрсеткіші. Сол себепті жыныс ауыстыруды табиғатқа қарсы шығу, өз өміріне, болмысына қастандық жасау деп ойлаймын. Тіпті ондай адамдар болған күнде өз ұстанымдарын насихаттауға құқы жоқ. Себебі жер бетіндегі өзге адамдардың да дәстүрлі, орнықты, үйреншікті орта мен қалыпта өмір сүруге қақысы бар емес пе? – дейді қоғам белсендісі Аслан Мырзаев.

Бұл тақырып сөз болғанда қоғам алдымен зиялы қауым мен дін өкілдерінің көзқарасын білуге асығатыны анық. Ақын-жазушылар, қоғам белсенділері мәсе­леге ұлттық болмыс тұрғысынан келсе, дін мамандары шариғи үкім турасында жауап қатты. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы ресми сайтында жыныс ауыстыруға қатысты Шариғат және пәтуа бөліміның үкімі жарияланып, қоғамға қозғау салды. Үкімнің мәтінінде «Шари­ғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жы­ныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныс­тық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауысты­руы – харам» деп жазылған.

Іле-шала Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «facebook» әлеуметтік желісінде пікір білдірді:

– Бұрын өз жаратылысынан жеру деген жағымсыз істі жат жұрттан көріп, жағамызды ұстаушы едік. Өткен жолы Алматы көшесінде өз құқығын желеу еткендердің ЛГБТ-ның түрлі-түсті жалауын желбіретіп жүргені арқамызға аяздай батты. Енді жыныс ауыстыруға ресми рұқсат берілгені қоғамның наразылығын тудыруда.

Жыныс мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі. Алла Тағала Құранда «Ниса» сүре­сінің 119-аятында лағынетке ұшыраған ібіліс шай­танның адам баласын азғыру туралы былай деп ант ішкенін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір ете­мін». Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жа­ра­тылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны, – деді.

«Екінші өмір»

Енді мына қайшылықты қараңыз. Бүгінде әлем бойынша жыныс ауыстыру көрсеткішінде Тайланд елі бірінші орында болса, екінші орында Иран мемлекеті тұр. Иә, кәдімгі теократиялық басқару формасындағы Иран Ислам Республикасы. Кейбір мәліметтерде мұнда жылына 500-ге жуық азамат жыныс ауыстыру отасын жасайды екен. Демек, жат әрекетке қарсы тұруда тек діни қағидаларды желеу етумен шешілмейді, салқын ақыл, таза сана және ұлттық болмысты қарсы қойғанда ғана нәтижелі болмақ.

Себебі зерделі адам әр әрекеттің салдары мен зиянын елеп-екшеп, дұрыс-бұрысын бағамдай алады. Осы орайда бірнеше деректі мысалға келтіре кетейік. Ғалымдардың айтуынша, жыныс өзгерткен адам өмір бойы гормондық дәрі ішіп жүруге мүжбүр. Оған қоса дәрі-дәрмек салдарынан психикаға зардап келіп, адам ақыр соңында өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен. Кей деректерде ота жасатқан адам 20 жыл ғана өмір сүреді деп болжанған.

Түйін сөз:

Зайырлы, әділетті орта қалыптастыру – қоғам армандаған жетістік. Ол өркениеттің мате­риалдық игілігінен де, жаһандық бастамалар­дан да маңызды. Алайда сол «зайырлы, әділетті қоғам» концепциясын құқықтану мен саясат­та түрліше тәпсірлеп, дәстүрлі емес топтар­дың ыңғайына икемдеу бір ұлтты ғана емес, бүтін адамзатты орға жығатын әрекет екені сөзсіз. Әлемнің қай бұрышында болмасын, бар саналы адамның ойлау жүйесі осыған саяды. Елдің бәрі еріккен емес, біз көп «кінәлайтын» батыстағы ойшылдардың басым бөлігі де ортақ құндылыққа бас иеді. Әйел теңдігі, бала қауіпсіздігі, қорғансызға қамқорлық көрсетуге келгенде нәсіліміз бір, ойымыз ортақ. Осы қағидаларды арзан ұстаным, теріс пиғылмен арамдауға болмайды. Мұндай мысал бірен-саран деп ескермеу – үлкен қателік. Себебі денсаулыққа зиян бір адамға, санаға түскен залал бар адамға келеді емес пе?

Берен Шағыров

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: