Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 18:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр

15.06.2021

1578 0

– Картоп қаншадан болып жатыр?

– Келіңіз, 350 теңгеден. Кеше ғана Сарыағаштан келген жаңа өнім.

– Қызанақ қанша?

– 600 теңге.

– О, тоба! Сендер немене бағаны күнделікті қосып жатсыңдар ма? Кеше ғана 500 теңгеден алып кеткенмін. Бұл – базарда болған әңгіме ауаны. Иә, қазір азық-түлік бағасы аспандап тұр. Базарға барсаң қос қалтаңды қағып шығасың. Алмайын десең ас керек, алайын десең түрі осы.

Бағаға бұғау бола ма?

Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің мән-жайын білмек болып, сауда орындарын аралап көрдік. Теңіздің дәмін тамшысынан білесің демекші бәрінің бағасы бір-біріне деңгейлес екенін аңғардық. Дегенмен  бірлі-жарымын жазып өтейік. Біз аялдаған алғашқы нысан «SmaII» сауда орталығында картоптың келісі – 349 теңгеден. Өсімдік майының 5 литрі 3995 теңгеден сөрелерде самсап тұр. Жұмыртқаның бір данасы 50-55 теңге. Азық-түліктің қай түрі болсын бағасы басыңды айналдырады. Ал «Жайна» сауда базарында оңтүстік өңірінен келген картоптың биылғы өнімі түрі 280 – 300 теңгенің көлемінде. Пияздың келісі 150 теңгеден сатылуда. Сүт өнімдерінің бағасы да санаңды сан саққа жібереді. Саудагерлердің айтуынша, сүт өнімдері көбіне еліміздің Оңтүстік және Солтүстік өңірлерінен әкелінетін көрінеді. «Арай» сауда орталығында да азық-түлік өнімдерінің бағасы әртүрлі деңгейде қойылған. Бір байқағанымыз, бағаларында байлам жоқ. Осылай базар бағасын саралап жүргенде екі тұтынушының сөзі кенет ойымды бөліп жіберді. «Тамақты суға қайнатып житін шығармыз. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз солай күн көрген ғой. Қайтеміз енді? Қазір картоп дегенді ұмыттық дейді екіншісі мұның сөзін қостай кетіп». Халықтың аузына қақпақ бола алмайсың. Ойланып қалдым. Сәлден соң келесі қатарда қасында немересі бар бір ақсақалды әңгімеге тарттым.

Тұрғындар не дейді?

– Мен осы қаланың байырғы тұрғынының бірімін. Қазір зейнет жасындамын. Азық-түлік өнімдерінің бағасын айта-айта шаршадық. Бұған да тәубе айтып, барына қанағат етеміз. Өйтпегенде қайтеміз енді. Өзімізден шығатын жергілікті өнімнің өзін удай қымбат ақшаға сатып алатынымыз жаныма батады. Карантин кезінде халықтың тұтынатын өнімдері артқанын аңғарамын. Өйткені кез келген жерге барсаң кезек күтіп тұрған халықты көресің. Қазіргі кезде әлем рыноктарындағы жағдай белгілі. Бірақ біздегі азық-түлік бағасы әлі реттелер емес. Анығында ақиқаты осы. Сыр өңірінде бақша дақылдарынан бөлек жеміс-жидек түрлері де көптеп шығады. Ал оның сауда сөрелеріне түскендегі бағасына еріксіз бас шайқайсың. Сырттан әкелінетін өнімдерді атамай-ақ қояын. Ол – ұзақ әңгіме. Қазақстан азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін импорттайтынын есітіп жатамыз. Кәсіпкерлер әлемдік рыноктардағы ахуалды пайдаланып, өз пайдасын асырып тұрады. Сонда ортақ бақылау болмайтыны ма? Айналып келгенде халықтың қалтасына салмақ салады. Бағаға бұғау бола ма? Осыларға әкімшілік шектеу шараларын қою қажет, – дейді қала тұрғыны Ыдырыс Айбергенов есімді ақсақал.

Саудагердің сөзі

Құрманкүл есімді «Жайна» базары саудагерінің сөзiнше, соңғы айларда кейбiр азық-түлiк тауарлардың құны аптасына екi есеге қымбаттаған. «Ұн, шай, картоп, қызанақ, қияр және өсімдік майының бағасы тіптен ақылға қонымсыз. Бізге солай қымбат болып келеді. Көретін пайдамыз 5-10 теңгенің көлемінде ғана. Одан түскен ақшаны жалға тұрған  жерімізге төлейміз. Бағаның  қымбаттауы туралы дүйім ел дабыл қағып айтып жатыр. Бұл бізге де оңай соғып тұрған жоқ. Осы бағаға бізде азық-түлік сатып алып жүрміз. Біздің қолымызда тұрған дәнеңе жоқ. Халқымызда «тоқпақ мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген тәмсіл сөз бекер айтылмаған. Егер жоғары жақтан бағаны төмендету және тұрақтандыру туралы заң шықса бәрі бір күнде реттеледі», – деген пікірін жеткізді.

Үш жыл бұрынғы баға қандай еді?

Ендi 2018 жылғы азық-түлік бағасын бағамдаңыз. Облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған ресми мәліметке сүйенсек, облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының ақпараттық-маркетингтік жүйесі азық-түлік өнімдерінің бағаларына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде қала орталығында өнім түрлерінің бағасы мынандай: Нан – 45 теңге, күріш – 200 теңге, қарақұмық жармасы – 125 теңге, макарон – 110-140 теңге. Сары май – 450 теңге, өсімдік майының бір литрі – 310 теңге, шай (250 грамм) – 560 теңге, жұмыртқа данасы – 17 теңге, картоп келісі – 90 теңге, сиыр еті – 1250 теңге, қант – 220 теңге, тауық еті – 560-630 теңгеден. Сол жылдары «Мирас» сауда үйінің ауласында орналасқан қоймада картоп – 85-90, пияз – 65-70, сәбіз – 150-155, қырыққабат – 60-65 теңгеден сатылған. Сонда 3 жылдың ішінде азық-түлік бағасының еселеп өсуіне не себеп болған?        

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: