Сенбі, 21 желтоқсан, 22:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бәрінен бірлік маңызды немесе жылды қалай қорытындыладық?

24.12.2022

1117 0

Жыл бойы атқарылған жұмысты саралап, алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасы жылды қорытындылау шарасын өткізді. «Достық» үйінде өткен «Сыр қоғамы – руханият бесігі» атты қорытынды шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Салтанатты шара «Жастар» театры әртістерінің қойылымымен басталды.

2022 жыл тәуелсіз еліміздің тарих жылнамасына жаңа бастамалар мен саяси реформалармен қадам басты. Өкініштісі, жыл басы Қаңтар оқиғасымен басталып, халық есінде мәңгі сақталып қалды. Тарих қой­науына кетіп бара жатқан жылда облыстық қоғамдық даму басқармасы ауқымды жұмыстар атқарды. Сал­танатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов облыстық қоғамдық даму басқармасы 20 жылдық белесті бағындырып, жаңа кезеңге қадам басқанын айтып өтті.

– Өңірдің қоғамдық саяси тұ­рақтылығын қамтамасыз етуді мақ­сат еткен тұтастай сала үшін бір жылда атқарылған тірлікті саралау өте маңызды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жыл қасіретті қаңтар оқиғасымен басталды және мәңгі есте қалды. Халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, аза­маттарымыздың қауіпсіздігіне, елі­міздің болашағына қауіп төнген сол күндер бәріміздің жадымызда. Тұнығымызды лайлауға әрекет ет­кендерге дер кезінде тойтарыс берілді. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихына «Қасіретті қаңтар» деген атпен енді. Өткеннің сабағы жаңа қоғамның табалдырығын аттап, баршамыздың ортақ үйіміз –  Жаңа Қазақстанды құруға түрткі болды. Бастысы – ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік.

Сол сындарлы сәтте Мемлекет басшысы халыққа арнап бірнеше үндеу жасап, жағдайды жан-жақты түсіндірді. Бұл ретте, азаматтық қоғам өкілдері де халықты елдік мүддеге шақырып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, татулық пен тұрақ­тылықтың, тыныштық пен бейбіт­шіліктің қаншалықты маңызды екенін бұрынғыдан да белсенді насихаттады. Қоғамда тараған түрлі қауесеттің, жалған түсініктің қалыптасуына жол бермеді.

«Әділетті Қазақстан» термині пайда болғалы қоғамдық-саяси ахуал­ды сараптап отыратын қоғамдық даму басқармасына бұған қатысты сұрақ талай рет қойылған болар. Бұл ұлттық идея халықты ұлттық тұтастыққа, бірлікке, әділеттілікке ұмтылдырды. Бір аймақтың, бір әлеуметтік топтың емес, тұтас ұлттың мәселесі жақындасу, бауырласу үрдісін жылдамдатты. Қоғамды жаңарту білімді, белсенді талапшыл жандардың патриоттығына байла­нысты,  – деді Нұрымбет Аманұлы.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысының тікелей қолдауымен руханият сала­сында ауқымды жобалар мен игілікті шаралар атқарылғанына тоқталды.

– Облыстық қоғамдық даму басқармасы аймақтың қоғамдық саяси ахуалының тұрақтылығы мен идеологиялық бағытында көлемді жұмыстар жүргізуде. Түбегейлі ре­формалар қарсаңында күрделі жол­дың басында тұрған еліміздің Әділетті Қазақстан құру мақсаты өз ісін білетін, жанашыр, патриот жандардың жанкешті еңбегімен іл­герілейді. Осы мұрат жолында бар­шамызға жүктелер міндет аз емес. Жылдың тоғысар тұсындағы бүгінгі шарада саланың уақыт белгілеген үдемен үндестігіне баға берілмек.

Бірлік, ынтымақ, еңбек жоғары баға­ланатын қоғамды алға жылжы­ту, оларды құндылықтар арқауына айнал­дыру қажыр-қайратты, күш бі­рік­тіруді қажет етеді. Осы жолдағы бар­лық бастамаларымыз табысты бол­ғай! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде аймақтың қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жыл ішінде басқарма 9 мыңға жуық шара өткізген. Соның нәтижесінде 200 мыңнан аса адамды ортақ іске біріктірген. Оның ішінде әлеуметтанушылар, БАҚ өкілдері мен діни бірлестік жетекшілері, қоғам жанашырлары бірлік танытып, түр­лі жобаларға өз үлесін қосқан.

Салтанатты шарада қоғамдық-саяси шараларда белсенділік таныт­қан бірқатар азаматқа құрмет көр­сетілді. Мәселен, аймағымыздың дамуына елеулі үлес қосқан аза­маттар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ҚР Парла­менті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен мара­пат­талды. Сонымен қатар жыл үздік­теріне 27 аталым бойынша марапат берілді.

Бір ерекшелігі, байқағанымыз жылды қорытындылауы ресми жиналыс емес, салтанатты шара деңгейінде өтті. Тағы бір атап айтарлығы, бұл шараға БАҚ өкілдері, ҮЕҰ-дар, жастар атсалысып, қо­ғамдық даму басқармасының қоғам­дағы орнын көрсете алды.

Жаңа сипатта өткен шарада аймақтың белгілі журналистері Мұрат Жетпісбаев, Алтынай Молжанова, Гүлнұр Бүркітбаева, Олжас Дәуіт сахнада ән шырқады. Өзге ұлт өкілдері Наталья Мишукова, Светлана Крюгер және Фархат Халилуллаев шараны қазақ тілін­де жүргізіп, мазмұнды өтуіне атсалыс­ты. Сондай-ақ жас ақын Мақсат Дауылбай дүниеден өткен қалам­герлерге, қоғам белсенділеріне ар­наған өлеңін оқыды. Ал неміс этномәдени бір­лестігі «Адажио» шоу бағдар­ламасын ұсынды. Айтулы шара Сыр өңірі – қазақылықтың, руха­нияттың, бірліктің қайнаған ордасы екенін дәлелдей түскендей.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген  Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: