Сурет ашық дереккөзден алынды
Елімізде жыл сайын зейнетақы, жалақы көтерілер сәтте азық-түлік бағасы шарықтап кетеді. Жо-жоқ, жыл басынан емес, жаңа жыл мерекесі қарсаңында-ақ көбі бағаны өсіріп жіберетіні белгілі. Осы күні екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені «үйдегі көңіл-күйді базардағы баға бұзып» тұр.
Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес.
Сенбідегі сергелдең…
Өткен аптаның сенбісінде халық көп жиналатын ескі базар мен біршама сауда орындарын аралап, бағаларды бағамдап, ондағы тұрғындармен тілдескенді жөн көрдік. Бүгінде қызылордалықтардың көпшілігі азық-түлікті ескі базар айналасындағы «Асқар», «Отырар» және «Ажар» секілді сауда орындарынан алады. Бірақ бұл жақтағы бағалар әртүрлі. Мәселен, ең маңызды деген азық-түлік түрлеріне тоқталсақ, сиыр етінің келісі – 2000, жылқы еті – 2200-2300 теңгеден жоғары. Картоп – 200-ден басталса, жуа – 180, сәбіз – 200, 25 келілік жоғары сортты ұн – 6500, 7000 теңге аралығында болса, 5 литрлік күнбағыс майы – 4500 теңгеден басталады.
Негізі «Асқар» көтерме сауда дүкенінде халық қарасы өте көп екенін байқадық. Себебі бұл жақ қарапайым тұрғындардың кәдесіне жарап тұр. Мұндағы баға тиімді, қалтаға қонымды. Ал сатушылардың айтуына қарасақ, соңғы жарты жылда күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, тауық еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, айран мен сүт және шайдың бағалары айтарлықтай өскен.
Сонымен қатар балықтың бағасы да көтеріліпті. Қанша қымбаттаса да етсіз отырмайтын қазақ арасында балықты да жақсы жейтіні белгілі. Осы орайда біз «Алтын балық» дүкеніне де бардық. Бұл жақтағы балықтың келісі 1800-ден басталды.
– Демалыс күні балық алайын деп екеуін өлшетсем, 8 мың теңгенің үстіне шықты. Қайтадан ойланып, бір шағын балықты ғана алуыма тура келді. Енді балықты аптасына емес, айына бір рет жейтін шығармыз. Баға күн сайын қымбаттап барады. Ендігі жерде халық ысырапшылдыққа жол бермей, үнемділікті үйренуіміз керек шығар, – дейді тұрғын.
«Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар» демекші, бала күнімізде әр отбасы азық-түлікті қаптап сатып алатын да, көңілі жайланып жүретін. Қазір қаптап алатындар қатары мүлдем сиреп кеткенге ұқсайды. Себебі де белгілі. Өйткені екінің бірінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы көтере бермейді. Сол себепті азық-түлікті там-тұмдап алуға тура келеді. Әрине, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тұрмыс кешсе өйтпес еді ғой. Оның тағы бір себебі – жұмыссыздық, табыс көлемінің аздығы.
Екінші қыры – қымбатшылық. Расында, қазіргі қоғамдағы қайыршылық, жұмыссыздық, кедейлік, қаржылық дағдарыстан туындайтын әлеуметтік құбылысқа бағаның қымбаттауы да қосылып, онсыз да әбден титықтаған халық зардабын тартып, шаршап жүргені байқалып-ақ тұр.
Биылғы баға болжамы қандай болмақ?
«Сарапшылар 2023 жылы доллар 497,1 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасауда. Жаһандық экономикалық өзгерістер тікелей халықтың күнделікті күн-көрісіне әсер ететіні сөзсіз. Қазақстандықтарды алаңдатқан азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктер қымбаттайды», – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бағаның шарықтап өсуімен ең төменгі күнкөрістің өзі бір апталық азыққа жетпейді. Аталған мәселе бірінші кезекте халықтың ең осал топтарына зиянын тигізеді. Мемлекеттік бюджет бірқалыпты айналымда болғанымен, жаһандық тауар нарығы мен АҚШ-тың жоғары мөлшерлеме саясатының жалғасуы теңгеге қысым көрсетуі мүмкін екендігін елдегі экономистер ашық айтуда.
Тұрғындарды толғандырып тұр
Халық сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Өссе, бір қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде қуанады. Бірақ бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көрмедік. Әйтеуір баға бұлданып, ақша құнсызданып барады.
Сауда орындарына бара қалсаңыз, баға қалтаны қағады. Бағаның ырық бермей келе жатқанына да сан мәрте шүйліксек те, нәтиже шығар емес. Бір сөзбен айтқанда, дәл қазір қолының майын мәсісіне сүртіп отырған ешкім жоқ. Бұл жайында қала тұрғындарының өздері айтсын.
– Өзім зейнеткермін. Апта сайын «Асқар» сауда дүкенінен және ескі базардан азық-түлік аламын. Басқа сауда орындарына бара қоймаймын. Себебі қалта көтермейді. Биыл жыл басынан бағаның өскені едәуір байқалады. Дегенмен жаңа жыл қарсаңында баға тіпті өсіп кетіп еді. Жалпы біз сияқты зейнеткерлер үшін азық-түлік бағасының арзан болғаны жақсы. Өйткені қымбатшылық қарапайым халыққа қиын болып тұр, – дейді қала тұрғыны Айткүл Жамалбекова.
Әсіресе бағаның шарықтауы көпбалалы отбасыларға оңай тиіп жатқан жоқ.
– Қазір арзан бағаны көрмедім. Бір жалақымен өмір сүретін біз сияқты адамдар үшін қымбатшылық қиынға соғуда. Мен жеке шаруашылықта жұмыс істеймін, темір қабылдап сатамыз. Айына 100-110 мың теңге жалақы аламын. Келіншегім үйде отырады. Тапқан еңбекақыма азық-түлік апарамын. Үйде 7 адамбыз, 5 балам бар. Айына 100 мың теңгеге тамақ аламыз. Қанша ақша тапсақ та, жетпейді. Себебі бәрі қымбат. Бір шүкір ететінім, несиеміз жоқ. Әйткенмен балалардың киімдері бар. Оларды қосымша үйірмеге де бергіміз келеді. Бірақ қаржы жетпейді. Сонда да болса үміт үзбейміз. Осы ұрпағымыздың несібесіне азық-түлік бағасы сәл де болса арзандаса деген тілек бар, – деген ойымен бөлісті Асқар Мұратбетов.
Алайда жалақы не болмаса зейнетақы өседі екен деген қауесет шықса болды, бағаның да көкке ұшып кететінін қалай түсінеміз? Десе де тәубесі аузында, қанағаты көңілінде жүретін жұртшылық болашақтан үмітін үзбей, ертеңгі күннен жақсылық күтіп елеңдеумен келеді. Әне-міне, өмір жақсарады, баға тұрақтанады деумен өздерін сабырға шақырып, басып қояды. Бір байқағанымыз, көбі «бастысы, еліміз тыныш болсын» деген сөзді жиі айтты.
Рас, елдің тыныштығына, адамның амандығына ешнәрсе жетпейді.
Тілші түйіні:
Иә, біз мың өліп, мың тірілген қазақ не көрмедік? Бұдан да қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткердік. Сол сын сағаттар, сол қиындықтар қайталанбау үшін бүгін дұрыс бағыт ұстап, еңбек етуіміз керек. «Керей қайда барасың, Сырдың бойын көбелеп? Сен қашсаң да, мен қойман, Арғымағым жебелеп…» деген екен сондай бір ауыр кезеңдерде елді бірлікке шақырған абыз бабамыз Бұқар жырау. «Әр заманның айтар өз зары бар» демекші, бүгінгі күні сол Бұқар бабамыздың сарынымен «Баға қайда барасың, қалтамызды тақырлап?» демеске шарамыз жоқ. Жалынды жырмен қатыгез нарықтың «жүрегін» жылытамыз деу бос әурешілік, әрине. Оған жібіп, ырыққа көне салатын бағаны көре қоярымыз да неғайбыл-ау…
Өйткені бағаның қашан тұрақтанары белгісіз. Ал өскен бағаның қайта түспейтіні де белгілі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!