Бейсенбі, 21 қараша, 17:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Баға неге қымбаттады?

26.12.2020

5604 0

Базарға барсаң, баға шарықтап тұр. Бұл қарапайым халықтың қалтасындағы қаржыға әжептәуір салмақ болып отыр. Өйткені адамға ең қажетті өнім түрлері қыстың күнгі ауа райы секілді мың құбылып тұр. Оның қашан арзандайтыны әлі беймәлім. Әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері ішінде қарақұмық жармасы мен қант, өсімдік майы және жұмыртқа бағасы тіптен аспандап тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, аталған өнім бағалары 20-40 процент аралығында көтерілген.

Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығына байланысты баспасөз туры өтті.

Баспасөз туры аясында біз аялдаған алғашқы нысан «Мерей» шағын ауданында орналасқан әлеуметтік дүкен болды. Мұнда әдеттегідей келушілер қатары көп. Азық-түлікті молынан алушыларды кездестірдік. Ескі базар маңындағы дүкенде осы тектес. Жә, сонымен жағдайдың жай жапсарын маманның өзінен сұрап білдік.

Маман не дейді?

– Облыс орталығында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан құрылған 29 дүкен бар. Оның 1-і арнайы ет сататын дүкен. Қалғандары халыққа қажетті өнім түрлерімен қамтылған. Расымен, бағада бірқатар айырма­шылық орын алып отыр. Оның түрлі себептері бар. Шикізаттың шетелден тасымалдануы мен құс тұмауының орын алуы жұмыртқа мен өсімдік майының қымбаттауына әсер етіп отыр. Алайда қалыпты деңгейге қайта түседі деп үміттенеміз. Айта кетерлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасы республикалық көрсеткіштен төмен. Жергілікті сауда орындарында бірінші сортты бидай ұны – 127 тг, қарақұмық жармасы – 360 тг, сиыр еті – 1638 тг, күнбағыс майы – 1 литрі 475 тг, тауық еті – 790 тг, пияз – 70 тг, тұз – 40 тг, жұмыртқа – 29 тг, қант – 218 тг, күріш келісі – 210 тг көлемінде сатылуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік бөлімі басшысы Ерхан Ағыбаев.

10 жұмыртқа ғана аласыз

Бағаға байланысты баспасөз туры келесі күні тағы ұйымдастырылды. Әдеттегідей жанымызда тиісті сала мамандары топтастырылған. Сонымен «Жайна» базары маңындағы және «Титов» шағын ауданындағы «Аль асад» сауда үйі жанынан ашылған әлеуметтік өнім бұрышына бардық. Мұнда «Байқоңыр» әлеуметтік комуналдық кәсіпорын АҚ өнімдері бекіткен баға негізінде сатылуда. Дегенмен жұмыртқа тапшылығына байланысты әрбір тұтынушыға 10 данадан артық беруге рұқсат жоқ. Ал басқа картоп, жуа, күріш секілді өнімдерді халық молынан алуға болады. Бұл жұмыртқаның арнайы бекітілген режимде сатылуы үшін және  алыпсатарлыққа жол бермеуге негіз екен.

Қоймада 2400 тонна өнім бар

Жалпы облыс аумағында 8 «Аль асад» сауда үйі бар. Оның 5-і қала орталығында орналасқан. Үшеуі Қазалы, Шиелі аудандары және Төретам кентінде ашылған. Алдағы уақытта Сырдария мен Арал аудандарынан ашылады деп күтілуде.

– Қазіргі таңда 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіпкерлер арасында келісім бекітілді. Бүгінгі күні «Аль асад» сауда үйі оның ішінде «Ритейл» ЖШС-на 50 млн теңге көлемінде айналым қаражаты берілді. Ол осы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында беріліп отыр. Сонымен қатар «Ажар Сити» сауда орталығына яғни «Романов ЖШС-на 50 млн теңге қаражат берілген. Ол жерде де «Ажар Ситидің» екі сауда нүктесінде әлеуметтік қатарлар орнатылып, әлеуметтік өнім түрлері бағаларын тұрақтандыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек «Мирас» сауда орталығының Оразберлин ЖШС-на де 40 млн теңге көлемінде айналым қаражаты берілуде. Барлық айналым қаражаттар бір жыл көлеміне берілуде. Ал кәсіпкерлер өнім шығарушы орталықпен келісімге отырып, сауда орталықтарына алдыртады. Бүгінде тұрақтандыру қорында 2400 тоннадай өнім түрі бар. Сондықтан өнім түрлерінен тапшылық болмайды деп сенім білдіреміз, – дейді «Алтын қамба» ЖШС тұрақтандыру қорының басқарма басшысы Лаура Жанасбаева.

8 машина жұмыртқа бағаны арзандата ма?

Осы аптада аймағымызға 8 машина жұмыртқа әкелінеді. Оның екі көлігі бүгін жеткізіліп, ертеңнен бастап нарыққа шығады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте.

– Республика бойынша жұмыртқа жетіспеушілігі сал­дарынан 20 процентке қымбаттап отыр. Оған құс тұмауы басты себеп деп танылуда. Сонымен қатар қыс мезгілі де тауық өнімінің азайуына әсер етуде. Дегенмен біз осының әлі де болса қымбаттамауының алдын алып және тапшылық болдырмау себебін қарастырып, Ақтөбе облысынан өнімге тапсырыс беріп отырмыз. Ол жақтан 36 теңгеден сатып алынады. Мемлекет тарапынан азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорлары жұмыс жасайды. Жалпы тұрақтандыру қорына жыл басынан бері 6,3 мың тонна өнім қоры сатып алынып, оның 5 мың тоннасы сатылды. Әлеуметтік дүкендер желісін ұлғайту мақсатында қосымша облыс орталығында 20 дүкен, әр аудан орталықтарынан 2 дүкеннен ашу жоспарлануда. Қаңтар айынан бастап Алматы қаласынан да жұмыртқа алдырту жөнінде келісімге келіп отырмыз. Осылайша өңірде тұрмыстық қажетті тағам түрлеріне оның ішінде жұмыртқаға тапшылық болмайды деп болжам жасаудамыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев.

Тұрар Бекмырзаев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: