Сәрсенбі, 27 қараша, 08:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Баға, қайда барасың?

05.04.2022

1527 0

Елімізде күннен-күнге базар бағасы шарықтап барады. Жасыратыны жоқ, екі адамның басы қосылса, базардағы бағаны, қымбатшылықты сөз қылады. Себебі айлық азық-түліктен артылмай тұр. Қалтаны қаққан нарық бағасы халықтың ырқына бағынар емес. Кәсіпкерлер мен саудагерлер бағаның қымбаттауын доллар бағамының өсуімен, жанар-жағармай бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Алайда бағаны бір көтеріп алған саудагерлер қайтадан түсірмейді. Қазіргі уақытта базардағы бағалар күннен-күнге өсуде. Бұған қашан шектеу қойылады? Әзірге белгісіз. Атқарушы билік бағаны тұрақтандыруға тырысқанмен баға ырыққа көнбей тұр. Бұл жағдай қарапайым халықты қынжылтты.

Нарық бағынбай тұр

Бүгінде қызылордалықтардың көп­шілігі азық-түлікті «Асқар», «Ажар», сауда дүкендерінен және «Сұлтан», «Отырар» базарларынан алады. Бұл сауда орындарында да баға әртүрлі. Ар­найы араладық. Мәселен, бұл жерлерде картоптың бір келісі – 200-230, пияз – 180, сәбіз – 200, қияр – 800-900, қызанақ – 900-1000,  сиыр етінің келісі – 1750, жылқы еті – 2100 теңгеден сатылуда.

Әсіресе, «Асқар» көтерме сауда дүкенінде халықтың қарасы көп. Қара­пайым тұрғындардың кәдесіне жарап тұрғаны осы дүкен. Баға да көңілден шығады. Азық-түлік өнімдерін сатып алушылар мұндағы бағаның басқалардан  қалтаға қонымды екенін айтады.

– Ай сайын зейнетақымызды алып, осы дүкеннен азық-түлік алып қай­тамыз. Ауыл тұрғындарына бағасы тиімді. Де­генмен осы айда базар бағасы шарықтап кеткен. Мәселен, ай сайын 30 мың теңгеге сауда жасайтын болса, бұл жолы 50 мың теңге жұмсалды. Ұнның бағасы да өскен. Өткен айда ғана 50 кг 1 сорттық ұнды 9800 теңгеден алып едік, бүгін 10 мыңнан асқан. Жұмыртқа бағасы да құбылмалы. Құмшекер жеткілікті дегенмен, келісі 480 теңгеден сатылуда. Бағаны көтеріп алады да, кейін тауарлар бағасы түспейді. Күннен-күнге базар бағасы шарықтап ба­рады. Амал жоқ, қажетімізге жарайтын тауарлар болған соң аламыз. Дәл қазіргі сәтте қонақ күту де қиындап барады, – дейді Базаркүл Байдалиева. 

Нарыққа бағынбай тұрған бағаны тұ­рақтандыруға аймақта шаралар қа­был­дануда. Облыстық ауыл­шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бағаны тұрақтандыру мақса­тында өңір­лік тұрақтандыру қоры жұмыс іс­тейді. Өнім қорларын қалыптастыру мақ­сатында облыстық бюджеттен соңғы үш жылда 3,4 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қо­рында 1570,7 тонна өнім бар. Оның ішінде 344,2 тонна ұн, 154,3 тонна күріш, 35,0 тонна макарон, 320,1 тонна қарақұмық, 68,0 тонна қант, 82,8 тонна картоп, 61,2 тонна пияз, 144,9  тонна сәбіз, 9,2 тонна қырыққабат, 350,9 тонна күнбағыс майы.

Әлеуметтік дүкеннің әуресі көп

Азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру – халық қамы. Осы ретте әлеуметтік дүкендердің септігі мол. Бұл дүкен халықтың қалтасын қақпай, тұрмысын түзеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Қызылорда қаласында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Бұл жерлерде  азық-түлік бағалары нарықтан төмен бағада. Мәселен, нан – 55, қанттың келісі – 263, өсімдік майы – 630, картоп – 130, сәбіз – 130, пияз – 80, қырыққабат – 90, 1 сортты ұн – 135, қарақұмық жармасы – 415, күріш – 200, макарон – 200, сиыр еті – 1650, тауық еті – 785, жұмыртқа – 29, сүт – 280, айран – 225, сүзбе –1283, сары май – 2504 және тұз 40 теңгеден сатылуда.

Байқағанымыздай, дүкенге ке­лу­шілер қатары көп. Қарапайым халықтың игілігі үшін ашыл­ған дүкенге тұрғындар дән риза. Алайда ескі базар жақ­тағы әлеуметтік дүкеннен байқа­ғанымыз, таңертең сағат 9-00 – де барғанның өзінде кезекте тұрған адам көп. Азық-түлікті өлшеп береді. Мәселен,  бір адам 2 келі қант алуға болады. Басқа да  азық түрлері 2-3 келіден ғана беріледі. Сонымен қатар азық-түліктер дүкенде бола бермейді. Әлде тез өтіп кетеді ме?  Сәбіз алсаң, күріші жоқ. Картоп алсаң, пиязы жоқ дегендей мәселе бар. Сондықтан халық «қант үшін ұзын-сонар кезек күтіп тұрмайын» деген оймен, бәрібір басқа дү­кеннен қымбатынан алуға тура келеді. 

Яғни, әлеуметтік дүкеннің әуресі көп.

«Бағаның өсуінен бізге еш пайда жоқ»

Базардың қыж-қыж қайнаған ортасында жүріп сатушыларды әңгімеге тартқанды жөн көрдік. Сатып алушылар заттың қымбат­тағанын сатушыдан көретіні бел­гілі. Алайда бүгінгі әңгімеден кейін басқаша көзқарас пайда бол­ды. Базардағы сатушы да біз се­кілді күнкөрістің қамымен жүр. Осыны да ұмытпағанымыз дұрыс-ау.

Көкөніс сатушылар биыл баға­ның біршама өскенін айтады. Тіпті жергілікті өнімдер де түс­пей тұр. Картоп, сәбіз бағасы былтырғыға қараған да қымбат. Картоптың екі түрі бар. Жергілікті картоп бағасының келісі 200 теңге болса, павлодарлық картоп келісі 230 теңгеден. Оның дәмі тәтті. Сондықтан оған сұраныс көп екен.

– Көкөністің бағасы өткен жылмен салыстырғанда біршама өсті. Дегенмен, халық бағасына қарамай алып жатыр. Жалпы, азық-түліктің қай-қайсысы болса да қымбат болып тұр. Азық-түлік тауарлары бағасының өсу себебі: біріншіден, жанар май бағасының өсуі. Содан кейін доллар қым­баттады. Қазіргі уақытта Ресей мен Украина  қақтығысы өзге ел­дерге де теріс әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан баға тағы да шарықтай түсті. Өнім жеткізуші делдалдардың көп болуы да ба­ғаның өзгеруіне кері әсерін ти­гізеді. Мәселен, алманы келісіне 400 теңгеден қорабымен алып, 450  теңгеден сатамыз. Бірақ көтерме саудамен айналысатындар бізге берген бағамен өздері сатып, екі есе пайда көреді. Біздің затымыз үстіне қосқан соң қымбат болып келеді де, сұраныс азаяды. Біздің тауарлар өтпейді. Қазіргі уақытта халық та ақша жоқ па, әйтеуір жеміс-жидекке сұраныс азайды. Біз де амалдың жоқтығынан тұрамыз базарда. Үстінен қоятының тиын ғана. Ай сайын төлейтін несие бар. Күнделікті тамағың бар. Бағаның өсуінен бізге еш пайда жоқ. Қымбат тауарды ешкім де сатып алғысы келмейді, – деп ағынан жарылды «Сұлтан» базарының сатушысы. Атын атамауды жөн көрген ақ жаулықты ананың базар­да тұрғанына бес-алты жылдан асыпты.

Базар аралап жүріп байқаға­нымыз, бағаны сатушы емес, алыпсатарлар шешетін секілді. Егер ортада жүрген алыпсатарлар үстінен көп қоймаса, базар бағасы да қолжетімді болады. Себебі сатушылар қымбат өнімін сата алмай, күн өткізгеннен қолжетімді бағамен тезірек тауарын өткізіп айналым жаса­ғаны тиімді. Қалтаға қонымды бағамен тұрақты сатып алу­шылары да көбейері сөзсіз.

 Қант пен қағаз қымбат

Иә, елімізде ай сайын бір зат­тың бағасы көтеріліп, халықты дүр сілкіндіреді. Өткен айда қант бағасы шарықтап, жұрт қантқа таласып әбігерге түсті. «Елімізде қант тапшылығы болмайды» де­генмен, сол қымбат бағаны сау­да дүкендері ұстап қалды. Осы­лайша қант қымбаттап кетті.

Ал осы айдың басында жұрт қағаз таппай әуре. Елімізде кеңсе қағазы қымбаттады. Ақ қағаздың бағасы кей аймақтарда 50% бір­ден көтерілген. Қазақстанға қа­ғаз­дың басым бөлігі Ресейден келеді. Ресейдегі өндірістің құл­ды­рауы бағаның күрт өсуіне алып келген. Қаламыздағы кеңсе зат­тарын сататын «Бағила» кө­терме дүкенінде ақ парақтың А 4 түрінің бір қорабы өткен айда 1500 теңгеден сатылса, бүгінде 3500 теңгеден сатылуда. Бұл да халықтың қалтасына кері әсерін тигізері анық.

Түйін. Қалай десек те, халық сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Бірақ соңғы жылдары бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көрмедік. Әсіресе, халық жиі тұтынатын ұн, нан, макарон өнімдері, ет, сүт, көкөністердің бағасы қолжетімді болғанға не жетсін? Әйтеуір, ақша құнсызданып барады. Қалтаға салмақ салған базар бағасы қашан тұрақтанары да белгісіз. Бағаны тұрақтандыру бағытында жұмыстар жасалғанымен, нәтиже байқалмайды. Күнде бір тауардың бағасы аспандап шыға келеді. «Тәуекел, елімізде тыныштық болсын» дейтін қарапайым халық бұған да күннен-күнге көндігіп барады. Қайтеміз? Қымбатшылық халықты қысып барады..

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: