Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Баға тұрақталса, көңіл орнығады

27.06.2023

655 0

Республика Премьер-министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған үкімет делегациясы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын өндіру және сату мәселелеріне арналған көшпелі жиын мен «Жерi күрiштi, елi ырысты – Қызылорда!» атты көрме-жәрмеңкесіне қатысты.

Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын өндіру және сату мәселелеріне арналған көшпелі жиын өтті. Жиынға республиканың 19 өңірі мен ірі қалаларынан 120-дан астам өкіл қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде осындай үлкен шараның өткізілуі аймақтың басты  өніміне қатысты екенін атап өтті.

– Облысымыздың кейінгі жылдардағы серпінді даму қарқыны туралы  білесіздер. Биыл жалпы инфляция деңгейі 104,8%-ды құраған болса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 108,8% болған еді. Бұл – еліміздегі баға тұрақтандыру бойынша қабылданған жаңа тәсілдердің оң нәтижесі.  Біз баға тұрақтандыруда сауда желілерінен алшақтап, өндіруші құрылымдарға бетбұрыс жасадық. Бүгінгі ауқымды шарамыз, бастамамыз арқылы  көздеген мақсатымыз – ішкі нарықта өнім өндірушілер мен өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арасында делдалсыз тікелей сауда қарым-қатынасын орнату, – деді аймақ басшысы.

Жиында орталық атқарушы органдар және барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары, азық-түлік тауар өндірушілері әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының қазіргі жағдайына қатысты баяндама жасады. Өзара тиімді форвардтық шарттар жасасып,  «Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі» пилоттық жобасын таныстырды. Мұнан бөлек, мәжілісте экспорттық әлеует және даму перспективалары талқыланып, жергілікті атқарушы орган өкілдері халық кең тұтынатын өнімдердің бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Сыр өңіріне сапары аясында  Серiк Жұманғарин «Жерi күрiштi, елi ырысты – Қызылорда!» атты көрме-жәрмеңкесіне қатысып, тауар өндірушілердің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізді.

Үкімет басшысының орынбасары Сырдария ауданындағы «Мағжан және К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыттарының жұмысымен танысты. Заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын кәсіпорын азық-түлік тауарларының бірқатар түрін шығаруда.

Мұнан бөлек Серік Жұманғарин «Абай-Даулет» ЖШС  күріш зауытын және күріш сататын арнайы дүкенін аралады. «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің қуаттылығы 4000 тонна болатын қойма құрылысымен танысты.

Айта кетейік, сапар барысында үкімет делегациясы Қызылорда су торабына барды. 2020 жылы күзде Қызылорда су торабын күрделі жөндеу басталған еді. Оған  2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталған, су торабының екі арнасы жұмыс жасап тұр.  Алдағы уақытта су торабының автокөлік көпірі нығайтылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл жоба жыл аяғына дейін аяқталып, толық пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин бастаған делегация «Абзал және К» ТС күріш алқабына барды.

Бүгінде өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналған «Абзал және К» ТС 1994 жылы құрылған. Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның күріш өнімдері өзіміздің нарықпен қатар  Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия сынды басқа да елдерге экспортталады.

Сапар барысында үкімет басшысының орынбасарына Нағи Ілиясов ауылында жүргізілген абаттандыру жұмыстары мен салынған әлеуметтік нысандар таныстырылды.

Үкімет делегациясының Сыр өңіріне сапары аясында өткен келелі іс-шаралардан әлеуметтің ахуалын көтеру үшін алдымен бағаны тұрақтандыру керектігін назарға алды.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: