Қазір каникул болған соң, көше кезіп, ойыншық, гүл, түрлі тәттілерді сатумен айналысқан, одан қалды мейрамхана, құрылыста жұмыс істеп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бұл сұрақтың жауабын «Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Зейін Ерғали іздеп көрді.
Елорданың Ақмешіт көшесімен үйге қарай беттеген едік. Сағат түнгі 12-ге таяған шақ. Алдымнан бір құшақ гүл ұстаған 13-15 жас шамасындағы бала шыға қалды: «Мына раушандарды анаңызға апарыңыз. Небәрі 5000 теңге» деп қолындағысын ұсынды. Рахметімді айтып, өте бердім. Ертесіне дәл осы уақыт шамасында жаңағы бала тәттілерімен қарсы алды. Дүкен сөрелеріндегі бағадан әлдеқайда қымбат. Бұл жолы көңілін қимай, ақысын төлеп, біреуін сатып алдым. Кейін әңгімеге тарттым. Есімі Әли. Биыл 6-сыныпты бітіріпті. Үйінде төртеу екен. Анасы ауруханада. Әкесі осы маңдағы супермаркетте күзетші болып жұмыс істейді. Бауырлары ұйықтаған уақытта далаға шығып, сауда жасайтын көрінеді.
«Сыныптастарымның көбі осылай ақша тауып жүр. Бір досым жағалауда су сатады. Күніне 2-5 мың теңге арасында алады. Менде қызығып, әкемнен рұқсат сұрадым. Осы маңда ғана жүремін. Әкем сыртымнан қарап отырады. Тапқанымды анашымның дәрі-дәрмегіне жұмсаймыз. Қалғанына керек затымды аламын. Үйдегілерге қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін», деді 12 жастағы бала.
Осы тұста мақала авторын «Еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жең түрген кәмелетке толмағандарды қайтпекпіз?», «Мейрамхана мен тойханаларда даяшы болып, күнді таңға соғып жегіліп жұмыс істеп жүргендердің құқығы қалай қорғалады?» деген сұрақтар мазалады.
«Кәмелетке толмағандарға оқудан бос уақытында еңбек шарты жасалған жағдайда денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі. Құжат 14 жасқа толған кәмелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қамқоршысымен немесе асырап алушысымен жасалады. Сондай-ақ түнгі уақытта (22.00-ден 06.00-ге дейін), сонымен қатар ауыр жұмыс істеуге, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге, вахталық әдіспен және қызмет уақытынан тыс мерзімде жұмыс істеуге тыйым салынады. 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді: 14 жастан 16 жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейін – 36 сағаттан аспайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын: еңбек инспекциясы, прокуратура, білім бөлімі қорғайды. Бұл жұмыс берушілерге тиімді болмауы мүмкін. Бірақ жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәмелетке толмағандарға еңбек жағдайын жасауға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен жаз мезгілінде балалардың жұмыс істейтінін жиі көреміз. Бейресми түрде – ең төменгі жалақы үшін, өйткені жұмыс берушіге жұмыс күнінің толық құнын төлеу тиімсіз. Әдетте, бала еңбегі ересектерге қарағанда әлдеқайда арзан. Екінші жағынан, жасөспірім ашуланбайды, өйткені бұл қаражат оған жеткілікті. Осыдан он жыл бұрын «150» сенім телефонына балалар еңбегін пайдалануға қатысты өтініштер келіп түскен. Бүгінге дейін бізге ондай қоңыраулар түскен жоқ. Адамдар барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілетін Еңбекті бақылау бөлімінен кеңес сұрай бастады», деді Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Зүлфия Байсақова.
Жалпы, дүниежүзінде әр оныншы жасөспірім еңбекке араласуға мәжбүр. Халықаралық Еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо соңғы 20 жылда алғаш рет балалар еңбегін пайдаланудың артуы байқалғанын мәлімдеді.
«Бала еңбегі көбінесе ата-анасының нашарлығы немесе қамқорлығын көрмей отыр деумен түсіндіріледі. Керісінше, бұл – әлеуметтік әділетсіздіктен туындап отыр. Балалар еңбегін шешудің ең тиімді жолы – отбасын қамтамасыз ету үшін ересектерге лайықты жұмыс орындары қажет. Бұған қоса балаларды әлеуметтік қорғауды күшейту керек», деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!