Дүйсенбі, 25 қараша, 08:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бала өмірі бейқамдықты көтермейді

14.06.2022

1260 0

Бүгінде барлық  ата-ана баласының балабақшадағы қауіпсіздігіне алаңдайды. Әсіресе, кәсіпке негізделген жекеменшік балабақшадағы бүгінгі ахуал көпті елең еткізіп, жан-жақты талқылануда. Соңғы кезде әлеуметтік желілерге тәрбиешілердің балаға қол көтеруі, тасымалдау, ас мәзірі мен басқа да келеңсіз жағдайлар жиі орын алуда. Өкініштісі де осы.

– Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жыл­дам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде жекеменшік бала­бақшалар саны күрт артып, 3 жас­тан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99 процентке дейін қамтылды. Әрине, бұл – жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын кө­бейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы тех­никалық және санитарлық та­лаптарға сай келмейтін ғима­раттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті, – деді  ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов.

Оның айтуынша, екі жыл бұрын лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасалған. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, бала­бақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұста­нымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ білім министрі бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, мемлекеттік аттес­таттау жүйесін енгізді. Бірақ оның нәтижесі көңілден шықпай отыр. Себебі тексерістен өткен балабақшалардың 80 проценті мем­лекеттік аттестациядан өте алмаған.

Бүгінде Қызылорда қаласының өзін­де 200-ден астам жеке балабақша бар. Олар кәсіптік нысан ретінде есептеледі. Алайда саны жағынан басымдық та­ны­тып отырғанымен, халық арасында сапасы жөнінде айтылар сын-пікірлер аз емес. Мәселен, балабақшаны 50 балаға деп ашады. Бірақ онда 40 бала ғана бар. Сондай-ақ бір тауықтың етімен 30 балаға тамақ істейді деген түрлі әңгіме халық арасында өріп жүр. Ал тәрбиешілердің тұрақты жұмыс істемей, жиі өзгеретіні тағы бар. Мақаламызды оқып отырған оқырман «бұл жәй сөз» деуі де мүмкін. Бірақ жел тұрмаса шөптің басы қи­мылдамайтынын ұмытпайық.

Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін шағын кәсіп­керлік субъектілерін, оның ішінде микро­кәсіпкерлік субъектілерін тексеру­ді және профилактикалық бақылау мен қада­ғалауды барып жүргізуге мораторий жариялағаны белгілі. Осыған орай құзырлы орындар жоғарыда айтылған мәселенің анық-қанығына жете алмай отыр. Себебі олар кез келген уақытта барып, жеке балабақшаларды тексере алмайтындарын алға тартады.

Алайда жергілікті тұрғындардың кей­бір жеке балабақшаның сапасына көңілдері толмайды. Үйге келісімен балалар аш­тықтан келгендей тамаққа бас салады. Әрине, бір сағат көлікте отырған баланың түрін елестете беріңіз. Тіпті еріндері бір-біріне жабысып, шөлдеп келеді. Бірақ мемлекеттік балабақшаға қарағанда тө­лейтін ақшасы аздау. Бір үйден бірнеше бала шықса, жеңілдігі тағы бар. Сондай-ақ үйден алып кетіп, есігіңнің алдына дейін әкеп бергенді кім құп көрмесін. Дегенмен таяқтың екі ұшы болғандай, мұның жақсы мен жаман жағы да болып тұр.

Өткен жылы қалалық мәслихат депутаты осы саланың басы-қасында жүр­ген Раушан Жәдігерқызымен сұх­баттасқан едік. Сонда ол кісіге қазір көбі баласын жеке балабақшаға беруге мәжбүр. Олардың сапасына көңіліңіз тола ма? Қызметі талапқа сай ма? Қалай ойлайсыз деген сұрақ қойдық. Ойланбастан «баланы бизнеске айнал­дырған балабақшалар бар» деп жауап берді. Сол сөзі мені әлі күнге дейін ойландырады.

– Қалалық білім бөлімінің жоспары бойынша қаладағы балабақшалар 7 ай­маққа бөлінген. Әр аймақта 36 балабақ­шадан бар. Мен бірінші аймақтың же­текшісімін. Қарамағымда 3 мемлекеттік, 33 жеке балабақша бар. Қазіргі кезде олар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жекелердің заманға сай, балаға жағдай жасалуын арасында зерделеп, қадағалап отырамыз. Қалалық білім бө­лімінің мамандары мен бірге жеке балабақшаларды аралаймыз. Сол кезде көңілім толған, сондай-ақ әттеген-айы басым балабақшалар да кездесті. Мәселен, «Ханшайым ана», «Шырағым-ай», «Жеті қазына» балабақшаларын ауыз толтырып айтуға болады. Бір өкініштісі, баланы бизнеске айналдырғандар да кездесті. Оларды көріп, менің де қарным ашты. Алдағы уақытта түзететіндерін айтып, енді қайталанбайды, талапқа сай қызмет етеміз деп уәдесін бергендер де болды. Талапқа сай келмейтін  балабақшалар әлі де бар. Қазіргі ата-аналар жеке балабақшаның тасымалдауына қызығып береді. Кейде өздері көлікке мініп барып, көзбен көрсе ғой деп ойламын. Бұл жерде баланың өмірі маңызды екенін ескеру керек. Сондықтан ата-ана ең бірінші өзін емес, баласына жайлы жерді іздеуі қажет, – деді депутат.

Осы сұхбаттан кейін жекеге баратын қыздарымды бірден мемлекеттік бөбек­жайға ауыстырдым. Расында, соңғы екі жылдағы карантиндік талап бойынша балабақашаға кіру мүмкін болмады. Тіпті баланы апарған күннің өзінде есіктің аузынан тастап кетесің. Әр жағында қандай жағдай, не болып жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты.

Бәріне бірдей топырақ шашудан ау­лақ­пыз. Десе де 200-ден астам бала­бақ­шаның ішінде барлық жағдайы жасал­ған, талапқа сай, тамағы құнарлы, балаға қолайлы жеке балабақшалар бар. Ал кері­­сінше баланы бизнеске айналдырып отыр­ған кәсіпкерлерді де кездестіресің. Оны жоққа шығаруға әсте болмас. Бүгінде балабақшалардың басым бөлігінде бейне­­камера орнатылған. Кейбірінде ата-ана­лардың онлайн қарап отыруға мүм­кіндігі бар. Олар баласының не ішіп-жеп, уақытын қалай өткізіп жатқанын қадағалап отырады.

Далада бала жата ма? Арамызда сапа­сыз балабақшаға барғанша, үйде отырғаны дұрыс дейтін ата-аналар да бар. Алайда бала-шағаның қамы­мен жұмыста жүрген жандар амалдың жоғынан бауыр еті бала­сын тәрбие­шілерге сеніп тапсырады. Жалпы қала баласы үшін балабақшаның орны бөлек. Өйткені мұнда тұратын ата-ананың 90 проценті баласын бөбекжайға береді.

– Мен осы уақытқа дейін бірнеше жеке балабақшада жұмыс істедім. Сон­дай-ақ барлық бөбекжайға семинарға барып жүрдім. Ең басты айырмашылығы балабақшада тәрбиешіге заң бойынша толық жұмыс күні 4 сағат 48 минут уақыт. Бұл қағида тек мемлекеттік балабақшаларда ғана сақталған. Ал жекелерде тәрбиешілер азаннан кешке дейін жұмыс істейді. Қазіргі кезде туған баласының шулағанын көтере алмайтын ата-аналар көп. Оның қасында жеке балабақшадағы тәрбиешілер күнде 20 баламен сегіз сағат жұмыс істеу, кім-кімге болса да оңайға соқпайды. Әрине, осыдан кейін түрлі жағдайлар орын алуда. Бір балабақшаға ағылшыннан сабақ беруге барғанымда, түскі асқа тек сорпа тамақ  бергенін көрдім. Екінші тамағы қайда? деп сұрағанымда «оны түстен кейін береміз» деп жауап берді. Балабақшаны ашқаннан кейін құрылтайшы баланың өмірі мен ден­саулығына жуапкершілікпен қарау керек. Өйткені бала өмірі бейқамдықты көтермейді, – деді Гүлзат Мұратбекқызы.

Қазақта «мамандық пен жар таң­даудан қателеспеу керек» деген тәмсіл бар. Тәрбиеші боламын деп таңдаған адам жұмыс барысындағы қиындықтар мен жауапкершілікті сезіне білуі керек. Күні ертең ел келешегіне үлес қосатын балаға бастапқы тәрбие беретінін ескеруі керегі тағы бар. Баламен жұмыс істеп, олардың қырсық та қыңыр мінезіне төтеп беру оңай емес екені белгілі. Қазіргі бала «Менің айтқаным ғана болады», «менікі дұрыс» деп жылап қорқытады. Олар кімнің қалай сөйлегеніне дейін аңғарып, бәрін біліп тұрады. Қит етсе, ата-аналарына бізге ұрысты, ұрды деп арызданып жатады.

Бүгінгі жеке балабақшадағы келең­сіз­діктің басты себептері – жалақы мөлшерінің төмендігі, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің болмауы, жеке басының мәселесі де әсер етуі әбден мүмкін. Расында, жекелерде біріншіден айлық аз, екіншіден уақытылы емес. Мұндай жағдай жеке балабақша қызметкерлерінің көңіл-күйін түсіріп, жүйкесін жұқартады.

Сондықтан мемлекеттік балабақша­мен жеке балабақшаны салыстыруға әсте келмес. Себебі олардың арасы жермен көктей. Мәселен, баланың барлық керек-жарағын мемлекет өзі қамтамасыз етсе, жеке балабақшада оған кәсіпкер өз қалтасынан шығарады.

Осы ретте жеке балабақшаның саны көп, сапасы қандай? деген сауал­ды облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің жауапты мамандарына қойған едік. Олар жеке балабақшалардың санитарлық жағдайын тексеріп, баланың санын анықтауға мүмкіндік жоғын алға тартты. Өйткені бұл кәсіпкерлік нысанның құқығына қол сұғумен бірдей екен.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: