Павлодардағы №116 балабақшада тәрбиешінің балаларға күш қолданған сәті түсіп қалған бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Видеода тәрбиешінің қол көтеріп, балалардың шашынан сүйреп, итеріп, лақтырғаны және басынан ұрғаны анық көрінеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық туғызып, ата-аналар мен желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды. Ата-аналар аталған әрекетке байланысты алаңдаушылық білдіріп, балабақша әкімшілігінен ресми түсініктеме талап етті.
Қоғам белсенділері мен интернет қолданушылары тәрбиешіні заң алдында жауапқа тартуды талап етіп, мұндай жайттардың қайталанбауына нақты шара қолдануды сұрауда. Олар ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті.
Павлодар облыстық Білім басқармасы аталған оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Басқарма мәліметінше, күдікке ілінген тәрбиеші қызметінен уақытша шеттетілген. Қазіргі уақытта бұл іс құқық қорғау органдарының бақылауында, тергеу амалдары басталып кеткен.
Сонымен қатар, балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, тиісті тексерулер жүргізілуде. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өзге де уәкілетті органдар бұл істі жеке бақылауына алған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!