Жұма, 29 наурыз, 03:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Балаға бақылау бар ма?

26.07.2022

692 0

Соңғы уақытта қоғамда баланың терезеден құлауы, суға батуы жиілеп кетті. Оның себебі неде?

Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс

Біріккен ұлттар ұйымының бала құқықтары жөніндегі декларациясында: «Бала туғанға дейін де, туғаннан кейін де ақыл-есі жетілгенше ата-ана­сының, қамқоршысының тарапынан қамқорлықта болуы тиіс» деп жазылған екен. Халқымыз мұны «бала адамның бауыр еті» деген бірауыз сөзбен жет­кізген. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Дегенмен көпшілік ата-аналар балаларын бақылаусыз қалдырып кететіні жасырын емес. Себебін сұра­саң «Бала қарап отыруға уақытым жоқ. Жұмыс істеп ақша табуым керек» деген сынды әңгіме айтады.

Құтқарыңызшы!

Биыл облыс бойынша су айдында­рында 21 адам суға кеткені анықталған. Оның жетеуі бала. Сондай-ақ құтқару­шы­лардың көмегімен 7 адам құтқар­ған. ТЖ департаменті қызметкерле­рі мен құтқару бөлімшелері қызмет­керлері су айдындары мен балық аулайтын орындарда 1154 рейд өткізіп, 51702 адамға түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Ал қала көлемінде суға кету дерегі бойынша 8 оқиға тіркелген. Оның ішінде 5 адам (оның 3-і бала) қаза бол­ған. Өткен жылдың осы уақыт аралы­ғында 13 адам суға батып кеткен. Оның 8-і жасөспірім болғаны анықталған. 

Су тіршілік көзі, бірақ тілсіз жау. Осыны әрбір адам қаперінде ұстау керек. Ал балалар жазғы каникулда көбіне үйінде болғандықтан кейде ата-ананың бақылауынсыз су айдында­рын­да шомылып, соңы қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Сондықтан бала қауіпсіздігін басты назарда ұстаған абзал. «Сақтансаң сақтайды» деп тегін айтылмаса керек.

Қараусыз бала құламағанда қайтеді?

– 2022 жылы қала аумағында 18 жасқа толмаған балалардың терезеден құлап жарақат алу жағдайы алаңдатарлық. Өңірде баланың қатысуымен болған әрбір оқиға бала қауіпсіздігіне салғырт қарағаннан орын алуда. Мәселенің ең өзектісі ата-аналар – терезе торына сеніп, баланы қараусыз қалдыруында болып отыр. Айта кетерлік жайт, терезе торы аса сенімді емес. Өйткені күн ыстығына күйіп, уақыт өте сетінейді. Салдарынан бала салмағын көтермей жиегі жыртылып, соңы қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Жыл басынан бері 17 көпбалалы ананың тұрғын үйлерінің терезелеріне арнайы қауіпсіздік ілмешегі орнатылды.    Қала тұрғындарына көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайтыны, бұл жастағы балалар терезе алдында ойнаудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтіндігін және қайғылы жағдай болмас үшін үйдегі қауіпсіздікті сақтау керек екендігін дауыс зорайтқыш құрылғысымен аула аралау арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар әрбір көп қабатты тұрғын үй подъезінің есіктеріне үн-парақтар ілініп, жадынамалар та­ратылды, – дейді қалалық төтенше жағ­дайлар басқармасының бастығы аза­маттық қорғау подполковнигі Жасұлан  Түйменов бізбен әңгімесінде.

Сәуір айында қала орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 4 жасар бала құлап, әртүрлі жарақат­пен облыстық көпбейінді балалар ауру­ханасына жатқызылады. Осы іспеттес жағдай мамыр айында бір мәрте, мау­сым айында үш мәрте қайталанған. Абырой болғанда балалар аман қалған.

Ата-ана не дейді?

Өзекті мәселе төңірегінде ата-ана­лардың да ойын білгенді жөн көр­дік. Көпбалалы ана Сәуле Сайдова бала тәрбиесінде ата-ана тарапынан салғырттық көп екенін айтады. «Бұл жағ­дайға отбасы мүшелерінің жұ­мыс­бастылығы себеп», – дейді ол.

– Ашығын айтайын, бәріміз бала үшін деп өмір сүріп жүрміз ғой.  Қатарынан кем болмаса екен деп таңертеңнен кешке дейін жұмыс істей­міз. Жұмыстан үйіне келген анасы кеш­кі тамақты әзірлеумен әлек болады. Балаларымыздың біреуі жоғары оқу орнында білім алса, қалғаны мектепте оқиды. Әр­­қай­­сы­сында заманауи ұялы теле­фон, ноут­­буктері бар. Уақытта­­рын соған телмірумен өткізеді. Олар­дың не көріп отырғанын күнде бақылай­мыз деп айта алмай­мын. Бірақ ғаламтор­сыз тағы қал­дыра алмаймыз. Қазір берілген үй тапсырмасын орындау, сабақтың өзі телефонға байланып қалған заман ғой. Балалардың бетін қайтара алмайтынымыз тағы бар. Үйден қашу, көшеде қыдыру, бөтен адамның үйіне бару сынды жағ­дайлардың барлығын олар ғалам­тор арқылы көріп қайталауда. Жаз мезгілінде балалар тәулік бойы бос отырады. Ата-аналары жұмыста бол­ғандықтан, ұялы телефон, компью­терге телміріп отыратыны сөзсіз. Менің ойымша, балаларды қосымша үйір­мелерге, спорттық жа­рыстарға көп қатыстыру керек, – дейді ардагер ұстаз Сәуле Сайдова.

Тілші түйіні

Қазіргідей алмағайып заманда көбіміз ақша табу жолына түсіп кеттік. Баланың қарны аш болмаса, киімі бүтін болса басқасына бас ауыртпайтын болдық. Алайда ең маңыздысы бала қауіпсіздігі мен  тәрбиесін ұмыт қалдырдық. «Бала ақ парақ секілді, не жазсаң соны оқисың» деген ұлы ұстаз Әл Фарабидің сөзінің астарына мән беру керек. Мендегі айтар оймақтай ой осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: