Сенбі, 28 желтоқсан, 03:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балалар ойыншығы: Сапа сын көтере ме?

26.03.2022

1598 0

Бүгінде балаға базарлық іздеп әлек бол­майсыз. Сауда орындарының сөрелерінде самсап тұрған ойыншықтар көздің жауын алады. Үлкені, кішісі, сүйкімдісі, сұрықсызы, қаттысы мен жұмсағы да бар. Алыстан көз тартатын үлкен ойыншықтарға құмар бала түгілі, ересек адамдардың өзін еріксіз баурап алады. Ондайда ата-ана аянып қалсын ба, бірі-бірінен асып түсетін қызылды-жасылды дүниені қалтасы көтергенше алып, арқаланып шыға келеді. Баласы үшін ешкім аянып қалмайды ғой. Әрине, ата-ана үшін бүлдіршінінің қуанғанын көруден асқан бақыт жоқ. Дейтұрғанмен, кейде сол ойыншықтардың ата-аналар үшін тым үлкен мәселе болып жататыны тағы бар.

Базарда саты­лып жатқан көздің жауын алатын ойын­шықтардың басым бөлігі талап үдесінен шықпайтыны жасырын емес. Бала тілегін орындайтын ата-ана ойыншықтардың қызылды-жасылына қарамай алып береді. Алайда сол дүниеден ауру жұқтырып жатқан балалардың жағдайын айтып, дабыл қағып жатқандар да бар.

Ойыншық өнімдеріне байланысты көп шағым түседі екен. Оның 75 проценті са­тып алған тауарларының сапасыздығына қа­тысты. Адамдардың басым бөлігі азық-тү­ліктен уланса, балалар ойыншығынан зардап шегетіндердің де үлес салмағы аз емес. Ең қиы­ны сапа­сыз ойыншықтардың кесірінен ауру­ға шал­дыққандар оны дәлелдей алмай әлек болады.

– Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің ма­мандары өнімдердің қауіпсіздігін мо­ни­торингілеу мақсатында 2022 жыл­ға бекі­тілген жоспар-кестеге сәйкес сауда орындарынан Қытай Халық Республикасының және Өзбекстан Республикасының 4 ойыншық үлгілері сатып алып, зертханалық сарап­тамалар жүргізілді. Жүр­гізілген зертханалық са­­рап­тама­лардың нәтижесін­де, бар­лық үлгіден сәй­кес­сіз­дік анықталды. Атап айт­қанда, барлы­ғы таң­­балануы бойын­ша тех­­никалық регламенттер­дің талаптарына сәй­­кес келмеді. Сонымен қатар 2 үлгісінен фор­мальдегидтің шамадан тыс мөлшері анық­талса, 1 ойыншық қауіп­сіздік көрсеткіші бойынша, яғни үлгінің қолжетімді жиектері өткір және бұдырлары бар болып шықты, – дейді Қызылорда облы­сының санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің техникалық регла­менттер талаптарын бақы­лау бөлімінің басшы­сы Сабира Ибайдуллаева.

Әрине, адам ағзасына зиян­ды тауарларды өндіріп, тұты­нушыға ұсыну заңға қайшы әрекет болып табылады. Ол үшін өндіруші мекемені жауапқа тартуға болады. Бірақ ең өкініштісі, кейде біз өзіміздің сатып алып жатқан дүниеміздің қайда, қалай жасалатынына мән бермейміз. Еліміздің «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты, тауар белгісі, қолданылу шарт­тары, пайдалану жөніндегі нұс­қаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал базардағы ойыншықтар осы та­лап үдесінен толық шыға ма?

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары жыл басынан бері өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында 21 сауда орнынан барлығы 343 сынама сатып алды. Іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 73,5% тағам өнімдерінің үлесінде болса, 26,5% тамақ емес өнімдер құрады. Оның ішінде отандық тауарлар қатары 20,1%, Еуразиялық экономикалық одақ­­қа мү­ше елдерде өні­­ріл­ген өнімдер – 63,5% және өзге елдердің тауар­лары – 16,3%.                                                           

Жүргізілген сараптамалар нәтиже­сі бойынша сатып алынған барлық өнімдердің 30 үлгі­сі техникалық регламенттердің талаптары­на сай келмей шықты. Атап айтқанда, 4 өнімнен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер тіркелді. Ішек таяқшалары тобының бактериялары тауық етінен, сүттен және тұшпарадан табылса, шайдан зең анықталды. Мұндай азық-түлікті пайдалану түрлі ішек инфекциялары мен тағамнан улану жағдайларына алып келуі мүмкін. Қырғыз және Ресей сүт өнімдерінен май-қышқылды құрамынан 2 сәй­­кессіздік табылды.

Бұдан бөлек фи­зи­калық-химиялық көр­сеткіштер бойынша 4 өнімнен, таңбалануы бойынша 24 өнімнен бұ­зу­шылықтар тіркелді. Ал балалар ойыншығының 2 үл­гісінен фармальдегидтің ша­мадан тыс мөлшері анық­талды. Бұл химикаттың кө­­­­лемі рұқсат етілген дең­гей­­ден асып кетсе ток­сикологиялық улану қаупін туындатады. Сәйкессіздік анықталған екі ойыншық та Қытайда өндірілген. Сондықтан балаларға ойыншық сатып аларда қауіпсіздік құжатының болуына мән беруге кеңес береміз.

Мониторинг аясында анықталған сәйкес­сіздіктердің көпшілігі Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдер еншісінде.   

Кеден Одағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойын­­ша 11 сауда объектісіне ҚР ха­лық­тың санитарлық-эпидемиологиялық са­лауатты­лы­ғы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою жөніндегі нұсқамалар берілді.  Сәйкес­сіздік анықталған   отан­дық өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті ша­ралар қа­был­­дау қажеттілігі туралы ха­барламалар жібе­рілді. Сонымен қатар сараптама нәтижелерімен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік анық­талған импорттық өнімдер туралы ақпарат тиісті елдердің өндірушілерін одан әрі хабарлауы үшін жолданды.

Базардағы ойыншықтар көбіне көрші елдерден әкелінеді. Егер сапасы мен қауіп­сіздігін растайтын құжаты болмаса оны сатып алудың қажеті жоқ. Ойыншықтарды кездейсоқ жерлерден емес, арнайы сауда орындарынан сатып алу керек. Ойыншық таңдау кезінде оның иісіне, түріне, боялуына мән берген жөн. Оны оңай тексеруге болады, ылғалды сүлгімен немесе саусағыңызбен сүртіп көріңіз, егер сүлгі немесе саусағыңызға бояу жағылса, онда мұндай ойыншықтан бас тартқан дұрыс.

Рас, таным-түйсігі қалыптаса қоймаған бала үшін ойыншықтың алар орны ерек­ше. Түрлі қуыршақтар арқылы бала қор­шаған ортаны таниды. Ойынға алданып, жалғыздықтан арылады. Тіпті өзінің сүйкімді қуыршағына бауыр басқан сәби түнде де оны құшақтап жатады. Күні-түні бала қолынан түспейтін қуыршақтардың кейде адам ағзасына кері әсерін тигізіп жататыны да жасырын емес. Сол үшін балаға ойыншық таңдағанда мұқият болыңыз. Себебі сол қуыршақтардан дертке ұшырап жатқандар аз емес.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: