Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық әрекеттерінің алдын алу күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Сондықтан мектептердегі қауіпсіздік жүйесі қатаң бақылауға алынуда.
«Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығының талаптарын орындау қазір мектеп директорларына қатаң тапсырылған. Бұл бағытта қазіргі таңда нақты іс шаралар қолға алынып, тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Қоғамда жасөспірімдер мен балалардың өміріне қауіп төндіретін түрлі жағдайлар орын алуда. Бұл туралы күнделікті әлеуметтік желі, ақпарат құралдары хабарлауда. Балалардың өміріне қауіп төнбес үшін қазір барлық білім ордаларында қауіпсіздік күшейтілген. Соның аясында оқушыларда мектепке және сол аумаққа әкелуге тыйым салынған заттардың бар-жоғын мамандырылған күзет қызметкері арнайы темір іздегіш құралмен тексереді. Сондай-ақ білім ошағының тәрбие орынбасарлары және сынып жетекшілері, психолог мамандарымен күнделікті тексеру жұмыстары күшейтілген түрде жүргізіледі.
Бұдан бөлек ата-аналар арасында «Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ» тақырыбында қалалық полиция басқармасының мамандарымен кездесу ұйымдастырылып, балаларға далада жатқан белгісіз заттарды алмау керектігі туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар ата-аналарға мектепке әкелуге тыйым салынған заттар тізімі таныстырылып, тиісті ақпарат берілген.
Қазіргі таңда балалар жазғы демалысқа шықты. Десе де олардың демалыс уақытында ата-аналарының қараусыз көшеде жүрмеуі ескертілген.
Ал жаңа оқу жылында мектептегі қауіпсіздік шарасы қайта күшейеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!