Өскемен қаласында 1 қыркүйектен бастап 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікпен тегін қатынайды, деп хабарлайды Alash.kz «Қазақпаратқа» сілтеп.
Мұндай шешім қалалық мәслихат сессиясында қабылданды. Қала әкімі Алмат Ақышов бұл қадам әлеуметтік қолдау шараларын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті.
– Балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруі – бұл болашаққа салынған инвестиция. Қаламыздың жас тұрғындарын қолдауымыз керек, – деді ол.
Сондай-ақ депутаттар басқа да санаттағы азаматтарға жеңілдік беруді қолдады. Атап айтқанда, 70 жастан асқандар қоғамдық көлікте 55% жеңілдікпен жүре алады. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, басқа елдердегі әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен Өскемен қаласының құрметті азаматтары тегін қатынайды.
Бұдан бөлек, трамвайда бірінші топтағы мүгедектер, екінші топтағы көру қабілеті нашар жандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көпбалалы аналар, «Батыр ана» атағының иегерлері мен «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналар тегін жүре алады. Осындай мүмкіндік 80 жастан асқан тұрғындарға да берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!