Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балалар жылы ән-думанмен шектеле ме?

29.03.2022

2183 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады.

 – Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Иә, балалар үшін биыл бастамаларға толы жыл болғалы тұр. Қаламызда «Балалар жылына» арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Жаңа жобалар бастау алды. «Шахматтан ақыл-ой» спорттық жарысы, облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауы және қалалық бүлдіршін қыздар арасындағы «Ең сүйкімді бүлдіршін – 2022» атты жобалар жас өрендердің білімін шыңдап, талантын танытуына берілген таптырмас мүмкіндік.

Осы жылдың тартуы ретінде дәстүрлі «Көктем нұры» атты облыстық оқушылар айтысы да өтті. Мұндағы  мақсат – сөз құнын жоғары қоятын жас ақындарды айтыс өнеріне баулу. Қазақ мәдениетінің айтыс өнерін дамыту.

Балалық шақ бақытты кезеңмен маңызды. Солардың кішкене күлкісі адамға күш-қуат беріп, демеп тұрады. Ел ертеңін ұстар өрендердің денсаулығы мықты болғаны да маңызды. Осы орайда спортпен шұғылданып, кішкентай кезінен жан-жақты дамуы керек. «Бақытты балалық шақ», «Денсаулық жан байлығы» атты спорттық жарыстар осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр.

Осы жыл аясында мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмайды. Маусым айында және жаңа жыл қарсаңында ерекше балалар арасында «Бар мейіріміміз балаларға» атты ойын-сауық мерекелік кеш өтеді деп жоспарланған.

Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар  тізбегі де жасақталған. Мәселен, «Барлығы балалар  үшін» атты мерекелік концерт, «Бала тілі – бал» атты театрландырылған қойылым өткізуге басымдық берілген.

Балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында «Ертегімен есейемін» атты ертегі айту сайысы, «Сурет әлемнің сырын жеткізген»  атты балаларға арналған суретшілер сайысы, «Туған өлкем» атты танымдық экскурсия сынды шаралар өтеді деп жоспарланған.

Біз атап көрсеткен іс-шаралар осы жылдың жоспарының бір бөлігі ғана. Қала және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде балалар жылына орай өтетін іс-шаралар нақты бекітіліп, қолға алынды.

Осы орайда айта кететін жайт, балалар жылы тек іс-шара, концертпен өтпеуі тиіс. Нақты іске кірісу керек. Мәселен, әсіресе балалардың денсаулығына назар аудару керек. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақы мөлшері де аз. Себебі қазіргі таңда дәрі-дәрмек, дәрігерге қарату секілді жұмыстар көп қаржыны қажет етеді. Демек осы жыл тек концерттік, мерекелік шаралармен өтпеуі тиіс. Баланы оқыту, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау секілді жұмыстар қолға алынса, бала болашағын жарқын етуге үлес қосқанымыз.

Елімізде балаларға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары тек Балалар жылының аясында шектелмеуі керек. Мәжіліс депутаты, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанованың айтуынша, балалардың өмір сүру деңгейінің  сапасын арттыру – бұл біздің міндетіміз және де оны тұрақты түрде іске асырып отыруымыз керек. Оның пікірінше, балалар бақытты отбасында тәрбие алып, сапалы білім алуға жағдайы жасалған, денсаулық сақтау қызметі тегін ұсынылатын, өзін-өзі үнемі дамытуға мүмкіндік жасалған ортада өсіп жетілуі қажет-ақ. «Балаларымызға көбірек уақыт бөліп, жақсы көретінімізді көрсетсек, жыл аясында атқарған әрқайсысымыздың нәтижелі ісіміз болмақ. Турасын айтқанда, балаларымызды жақсы көру үшін арнайы мерекені күтудің де қажеті жоқ», – дейді Ләззат Рамазанова.

Биылғы жылдың басты мақсаты – балаға қамқорлық жасау. Әрине, бұл тұрғыда мемлекетке қарап қол қусырып, отыра беруге әсте болмайды. Ұрпақты тәрбиелеу баланың әр сәтін бақытты шаққа айналдыру біздің де міндетіміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Бастысы, балаға қатысты батыл шешімдер қабылданатын берекелі жыл болғай деп тілейік.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: