Депутат Жанарбек Әшімжанов ел аумағында кәмелетке толмаған жастарға TikTok желісіне кіруге тыйым салуды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат өзінің сауалында бүгінде балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмайтынын мәлімдеді. Сөзінше, бұған дейін әріптесі Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы дабыл қаққанда ешкім селт етпеген. Дегенмен ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ, опық жейміз деді.
“Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиян ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы тарап жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес”, – деді ол.
Әшімжанов TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою керегін айтады. Сонымен қатар TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек дейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!