Сенбі, 28 желтоқсан, 18:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балалармен әлем әдемі

04.06.2022

958 0

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай орталық стадионда «Бақ орданың бақытты балалары» атты мерекелік шара өтті. Балғындар мерекесіне орай ұйымдастырылған концертте ән мен биден шашу шашылып, балаларға базарлық ұйымдастырылды. 6000-ға жуық бала тамашалаған думанды шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балаларды мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.

− Баршаңызды 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін балаларымыз үшін естен кетпес керемет мереке!  Біз ел болашағы – білікті де білімді ұрпақ тәрбиелеуде барлық мүмкіндіктерге жол ашамыз. Биыл әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент берілді. Сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1030 бала жаңа типтегі электронды оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Жазғы маусымда 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың 97 проценті түрлі сауықтыру, жұмыс­пен қамту, үйірме, экскурсиямен қамтылады. «Балалар жылына» тарту ретінде биыл демеушілер есебінен қаламызда 1 млрд теңгеге 50-ге тарта, одан бөлек аудандарға 30-дан астам спорт-ойын алаңдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жоспарға сәй­кес 400-ден аса ірі көлемді шара өткізіліп, оған 165 мыңнан астам бала қамтылады, − деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада аймақ басшысы түрлі әлеу­меттік санаттағы отбасылардан шыққан, оқуда үздік атанған 20 оқушыға Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» лагеріне тегін жолдама табыстады. Одан бөлек, облыс әкімі халықаралық, республикалық білім сайыстарында жеңімпаз атанған 10 балаға ноутбук сыйлады. Аймақ басшысы балалар жылына базарлық ретінде 100 велосипед сыйға тартты.

Облыс басшысы балалардың қолынан шыққан қол­өнер бұйымдары қойылған арнайы көрмені аралап көрді. Сондай-ақ оқушылар үйінен ашылған арнайы студияда журналист болуды армандаған балаларға сұхбат берді.

 «Ғылымға бет бұрған балалар» көрмесінде №268 мектеп-лицейдің оқушысы Балжан Төрехожа  өзінің ғылыми жобасын таныстырды. Оқушы дайындаған жобаның негізгі мақсаты – дәрілік өсімдіктерді қайта жаңарту. Жоба дайындау барысында жас ғалым сабын ойлап тапқан. Айта кететін жайт, бұл ғылыми жоба Нұр-Сұлтан қаласында өткен байқауда жүлделі І орын иеленіп, Мәскеу қаласына жолдама жеңіп алды.

Орталық стадион жанында ұйымдастырылған «Кеңес беру аллеясында» сала мамандары келіп, балаларға кеңес берді. Облыстық балалар аурухана­сының педиатр дәрігері Раушан Байжанова өз сөзінде аллеяда 50 баланы қабылдағанын жеткізді.

− Облыстық балалар ауруханасынан кеңес беру аллеясына педиатр мен арнаулы мамандар келдік. Таңертеңнен бері 50 баланың ата-анасына бала ден­саулығына байланысты кеңес берілді. Оның ішінде 10 ата-ана өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, оларға кей аурулардың алдын алу туралы кеңес бердік, − деді педиатр дәрігер Раушан Мұқамбетқалиқызы.

Мерекелік шарада «Kalifarniya», Әбдіжаппар Әлқожа сынды танымал өнерпаздар ән шырқады. Сонымен қатар сахна жанында цирк артистері өнер көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шарада аймақтың өнерлі өрендері ән­нен шашу шашса, мың бұралған балғын бишілер таланттарын көпшілік назарына ұсынды.

Нұрай АХМЕТОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: