Өскемен қаласының тұрғыны Құралай Базаралықызы екі жыл бұрын сәбиінен айырылған. Ол баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтып, әділдік сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, егер медициналық көмек уақытылы көрсетілгенде, баласын аман алып қалуға болар еді. Ал медициналық мекеме өкілдері өз тараптарынан барлық әрекеттерді бекітілген протоколға сәйкес жасағандарын алға тартады.
Құралай Базаралықызы – жедел жәрдем станциясының фельдшері. Алғашқы жүктілігі сәтті өткен. 2023 жылдың тамыз айында келіншек ана мен бала орталығына түседі. Алайда бала анасының жатырында шетінеп кеткен.
“Мен жүктіліктің 40 аптасында ауруханаға түстім. Кесар тілігін жасап беріңіздерші деп өтінген едім. Олар маған «Сен протоколға сәйкес келмейсің, 41 аптаға дейін күтеміз» деді. Олар балам ішімде өліп кеткенше күтті”, – дейді ол.
Құралайдың айтуынша, сәби меконий жұтып, тұншығып көз жұмған. Осы жағдайдан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, Құралай түрлі мекемелерге 70-тен аса өтініш жазған. Тек биыл ғана сәбидің өлімі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
“Бізде статистикада кесар тілігінің кеш жасалуынан балалардың өлімге ұшырауы нақты көрсетілмеген. Алайда сараптама қорытындыларында егер кесар тілігі уақытында жасалғанда, бала тірі әрі сау болар еді деген тұжырым бар”, – дейді адвокат Сергей Замляков.
Ал медициналық мекеме өкілдері кесар тілігін көрсеткішсіз жасау ана мен балаға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
“Біздің тарапымыздан көмек бекітілген протоколдарға сәйкес көрсетілді. Сондықтан бұл іске байланысты соңғы процессуалдық шешімді тергеу органдары қабылдап, оны қадағалаушы прокурор қарайды”, – дейді «Ана мен бала орталығы» КМК заңгері Ернар Тұрысбаев.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары бақылау күшейтілгендіктен, елімізде нәресте мен ана өлімі азайған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!