Қазақстанда банк картасын үшінші тұлғаларға бергені үшін жауапкершілік енгізілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабына банк деректерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ, материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар осы деректерді қылмыстық кірісті қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады.
«Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді. Жеке және банк деректері жай ғана ақпарат емес, бұл – сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті», – деді ІІМ өкілдері.
ІІМ мынадай кеңес берді:
- ешқашан банк деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз;
- күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!