Отбасы болған соң, жиған-терген мүлік те екеуіне ортақ болуы тиіс. Бірақ ажырасқанда көбіне ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің банктегі жинақтарынан бейхабар қалып жатады. Қазір Конституциялық сот ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің банктегі шоты туралы ақпаратты неге ала алмайтынын анықтауда, – деп хабарлайды kursiv.media
Мәселе неден басталды?
Ерлі-зайыптылар ажырасуға бел буады. Некеде тұрған кезде жиналған ақша заң бойынша екеуіне тең бөлінуі керек. Алайда, әйелі күйеуінің (немесе керісінше) банктегі есепшотында қанша ақша барын білмек болғанда, банктер «бұл — банк құпиясы» деп мәлімет бермейді.
Дәл осындай жағдайға тап болған қазақстандық әйел Конституциялық Сотқа шағымданды.
Ол «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы Конституцияға қайшы келеді деп есептейді. Өйткені, бұл заң бойынша банк мәліметін тек шот иесінің өзіне немесе оның жазбаша келісімімен ғана үшінші адамға береді.
Қазіргі заңның шикілігі сол — ажырасу кезінде мүлікті бөлу туралы талап-арыз жазғанда, адам екінші жақтың шотында қанша ақша барын нақты білмесе, өз үлесін талап ете алмайды.
Сотқа жүгінген күннің өзінде, банктер бұл ақпаратты беруден бас тартып жатады. Бұл – ерлі-зайыптылардың бірі ортақ жиған ақшаны жасырып қалуға мүмкіндік алады деген сөз.
Шағым иесінің пікірінше, бұл норма азаматтардың өз мүлкіне иелік ету құқығын шектеп отыр. Егер ақша неке кезінде жиналса, ол ортақ мүлік, демек оның көлемі туралы ақпарат та екі жаққа бірдей белгілі болуы тиіс.
Сот шешімі қандай болады
Конституциялық Сот бұл мәселені жан-жақты зерттеп, жақын арада өз шешімін жариялайды. Егер Сот бұл заң нормасын өзгерту керек деп тапса, алдағы уақытта ажырасу кезінде «жасырын шоттарды» анықтау оңайырақ болуы мүмкін.
Бұл шешім мыңдаған қазақстандық отбасының мүліктік дауларына тікелей әсер етеді. Егер сот әйелдің (немесе күйеуінің) өз жартысының шотын тексеруге құқығы бар деп таныса, бұл мүлікті бөлу кезіндегі әділдіктің жаңа деңгейі болмақ.
Бұған дейін Конституциялық сот төрелік туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруді ұсынған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
