Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 13:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бақыт кілті кімде?

15.02.2022

1633 0

Кеше ғана өзіміз бақытты сәтіне куә болып, тойда ақ тілек арнаған жас жұбайлар көп ұзамай ажырасқанын естігенде іштей әттеген-ай деп қынжыласың. Оған не себеп? Үлкендер жағы жастардың тіл табыса алмауы мен мінезінің үйлеспеуін алға тартады.

Соңғы кезде ажырасу мәселесі қазақ қоғамының дертіне айналды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміз әлем бойынша бұл жөнінен алғашқы ондыққа кіреді екен. Біздің өңірдің де көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Мәселен, былтыр облыс бойынша 2807 неке қиылса, 232 ерлі-зайыптының жолы екіге айрылған. Ал биылдың өзінде 161 жас шаңырақ көтерсе, 13-і дәм-тұзы жараспай ажырасқан.

БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР БОЛМАСЫН

Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін бақытты ұрпақ тәрбиелеу керек. Сол үшін бірлігі жарасқан, тату-тәтті отбасын қалыптастыру – басты міндет. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Десе де отбасы беріктігі – мемлекет байлығы. Сондықтан әрбір адам шаңырағын шайқалтпай ұстауға жіті мән бергені жөн.

– Біз – ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халықпыз. Бұрын қандай қиын-қыстау заман болса да ажырасу деген ұғым мүлдем жоқ. Сонымен қатар қарттар мен жетімдер үйлері бізге жат атаулар. Алайда бұл мәселелер бүгінгі қоғамның қасіретіне айналды. Өйткені Алла тағала ешқашан адам тағдырымен ойнауды құптамайды. Қазіргі кезде әлеуметтік желідегі ажырасқан жұлдыздардың өмірі сананы әбден улауда. Оның орнына ұзақ жылдар бойы бірге ғибратты ғұмыр кешкен отбасы, 10-15 баланы дүниеге әкелген «Батыр» ана жайында неге насихаттамасқа? Қандай қиындық болсын мойымай, жұмыспен қатар нәрестені де дүниеге әкелген көпбалалы аналар жетерлік. Міне, нағыз отбасы құндылығы деп осыны айтуға болады. Олардың ерлігін қазіргі жастарға неге үлгі етпеске?! Ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің ортасына суретке түсіріп, өнегелі отбасыны көрсете білсек қандай керемет. Қазіргі кезде жастардың басым көпшілігі кішкентай мәселені үлкен дауға айналдырады. Соның салдарынан ортадағы бала зардап шегуде. Міне, қоғамның ащы шындығы – осы. Мәселен, «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген ұстанымды ата-бабамыз сан ғасыр бойы жалғап келеді. Бүгінде «құда – мыңжылдық» деген сөздің астарына басым көпшілігі үңілмейді. Оның негізгі түп-төркіні – қызыңды, ұрпағыңды барған жеріне аманаттау. Қазақта аманатқа ешқашан қиянат жасалмаған. Оны бүгінгі жастар жіті түсініп, отбасы құндылығын басты орынға қойса екен. Қарап отырсаңыз, қазір көп отбасында әкенің орны төмендеп кеткен. Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені әкенің орны қашанда биік болу керек. «Әке берген тәрбиені жүз мектеп бере алмайды». Сондықтан анасы баласына «әкеңнен сұран, әкең ұрысады» деген сөздерді ұдайы айтып отырғаны жөн. Сонда ғана ол отбасында өскен ұрпақ дұрыс жолды таңдайды, – деді дін мәселелерін зерттеу орталығының аға теолог маманы Бақтияр Оспанов.

ТӘРБИЕ БАСТАУЫ ОТБАСЫНДА ЖАТЫР

Тәрбие неден басталады? Бүгінде жас ата-аналар ұл мен қызына лайықты тәрбие беріп жүр ме? Бұл жөнінде 12 баланы дүниеге әкелген қала тұрғыны Мырзакүл Алшоразованың ой-пікірін білдік.

– Қазақта «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген әдемі сөз бар. Әрине, әр отбасының өзіндік ұстанымы, ережесі, тәртібі болады. Құдайға шүкір, екі ұл, он қызды отағасы екеуміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдік. Қазір бәрі де отбасылы. Қыздарымның алды немере сүйіп отыр. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтылмаса керек. Мәселен, қыздарымызды мәпелеп өсірдік. Десе де «Ертең сен бір әулеттің келінісің, үй тірлігін үйрен» деп үнемі құлағына құйып отырдық. Сондай-ақ ер азаматты қашанда жоғары қойып, құрмет көрсету керектігін үйреттім. Қандай қиындық болса да баланың болашағы үшін ана төзімділік таныту керек. Ертеңгі күннен, жақсылықтан үміт үзбеуі қажет. Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ер адам ұл-қызы өскеннен кейін өзі-ақ басылады. Міне, тәрбиенің нағыз бастауы – осы. Мұны мен өз анамнан көріп-біліп өстім. Сондықтан оны қыздарымнан да талап еттім, – деді батыр ана.

«Отбасында бақытты жан өмірде де бақытты». Себебі әр адамның алтын бесігі, аялы ордасы отбасы екені анық. Әрбір жан отбасында бақытты болуға әбден лайық. Әрине, ол әркімнің өз қолында. Ең бастысы, ата-ана, отбасы, балаға деген жауапкершілікке немқұрайлы қарамаған жөн. Соңғы кездері әйелдің бірінші күйеуінен баласы бола тұра, екінші рет тұрмысқа шығып, одан опық жеп жүргендерді көп естіп жүрміз. Тіпті еріп келген баласына қазіргі күйеуінен зорлық-зомбылық жасалған жағдайлар қоғам дертіне айналды.

– Бүгінде ажырасуға әкеп соғатын түрлі себеп бар. Оның ішінде қызғаныш, зорлық-зомбылық, тұрмыс тауқыметі, алдамшы сезім басты орында тұр. Орынсыз қызғаныш қаншама отбасыны орға жығуда. Бұл – көбіне екеудің сеніміне селкеу түсіп, бір-біріне күдігі көбейген кезде қылаң беретін қауіпті сезім. Сондай-ақ нәзік жандардың ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылық, зәбір көруі олардың сезімін суытып, отбасылық жылуын жояды. Әсіресе ішіп келген күйеуінен жазықсыз жазаланатын келіншектің өмір сүруге деген құлшынысы төмендейді. Олар тек баласы үшін ғана күнін өткізеді. Мұндай жағдай көп кездеседі. Әрине, осындай мәселемен тікелей жұмыс істеп отырғандықтан оны ашып айта алмаймыз. Ол – біздің саланың құпиясы. Десе де «Ажырасуыңызға не себеп болды?» деген сауалнамаға әйелдердің көбі «Күйеуім табыс таппайды», «Ішімдік ішеді» деп жауап береді. Сондықтан әрбір ер адам отбасын құруға психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Бала-шағасын асырай алмай, соқыр сезімнің жетегіне еріп, үйленер болса, оның соңы некенің сақталмауына әкеп соғады. Әйел заты жаратылысынан қамқорлық пен мейірімді күтеді. Арқа сүйер ер-азаматымыз болғанын қалаймыз. Бұл – заңдылық. Алайда бүгінде кейбір азаматтар мұндай сенім үдесінен шыға алмай жүр, – деді әлеуметтік психолог Шынар Мырзағали.

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ КІМДЕ?

Ата-ана қадірін кеш түсінеміз. Жастар арасында отбасы құндылығы жайында түсінік таяздау секілді. Соның салдарынан шарасыз күйде қалған аналардың, дүниеге келгеннен жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилердің, қартайған шағында пана іздеген қарт кісілердің сан қилы тағдыры көз алдымызда орын алуда. Соңғы жылдары тұрмыс тауқыметіне түскен аналар қатары артып, алименттен жалтарған жауапсыз әкелер көбеюде. Соның салдарынан әкеге деген баланың теріс пікірі қалыптасып, қоғамдағы орны төмендеп кетті.

Қарап отырсақ, барлығы бір-бірімен байланысып жатқан дүниелер. Бір мәселеден қаншама келеңсіздік туындайды. Бүгінде ана мен бала құқығы – басты назарда. Қазіргі кезде облыста «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Онда тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, қиын жағдайға тап болған әйелдерге түрлі көмек көрсетіледі. Олар мұнда уақытша баспанамен қамтылып, медициналық, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық кеңес алады. Бір өкініштісі, жыл сайын бұл орталықтың көмегіне жүгінетіндер саны артып отыр.

Бүгінде зорлық-зомбылыққа тап болған аналардың құқығын қорғауда тынбай еңбек етіп жүрген облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Светлана Баймағанбетова да өз пікірін білдірген еді.

– Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Ата-анасының, ағайын-туыстың, бауырларының ортасында өскен баланың болашағы зор, ертеңгі күні жарқын. Өкінішке қарай, қазір жастардың бойында адамгершіліктің жоғалуы, тәрбиенің төмендеуі отбасындағы келеңсіздікке тікелей байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші әрбір ата-ананың жүрген жолын баласы да басары анық. Мәселен, «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» дегендей әке-шешесінің жанжалы жасөспірімнің психологиясына кері әсерін тигізеді. Үйдегі осындай жағдайлар кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне әкеп соғуда. Сондай-ақ некенің бұзылуы бала күнінде көрген қорқыныштың басты себебі болуы да ғажап емес. Бүгінде күйеуінен зорлық-зомбылық көрген аналар қатары көп. Күн сайын түрлі тағдырмен бетпе-бет келеміз. Бірін татуластыруға әрекет етсек, енді біріне қылмыстық іс қозғаймыз. Біздің басты міндетіміз – ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді ол.

Некенің беріктігі кімге байланысты? Осы тақырыпты жаза бастағаннан аталған сауал ойымнан шықпай қойды. Расында, кімге байланысты… Әрине, ойландыратын сұрақ. Десе де айналамдағы адамдардан сұрастырып көргенімде, көбінің ойы бір жерден шықты. Ол тікелей әйелге байланысты. Шындығында солай ма? Әлде олар «Әйелдің қырық жаны бар» деген тәмсілге сүйеніп айтты ма екен?.. Бірақ отбасының айрандай ұйып, тату-тәтті өмір сүруіне екі тараптың да бірдей жауапкершілігі қажет секілді. Сіздің ше қалай, қадірлі оқырман?

А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: