Бас прокуратура өкілдері некеге мәжбүрлеу адам құқығын өрескел бұзу екенін, таяуда Қылмыстық кодекстің жаңа 125-бабы тәжірбиеге енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратура 2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру-жетілдіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын еске салып өтті. Заң күшіне енгеннен кейін, Қылмыстық кодексте неке қиюға мәжбүрлегені үшін жаңа 125-1-бап тәжірибеге енгізіледі. Бұл бапта 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Неке қиюға мәжбүрлеу – адамның өз еркінен тыс, қысым көрсету немесе зорлық-зомбылық арқылы некеге отырғызылуы. Бұл жағдай адам құқығын өрескел бұзу болып саналады. Неке екі адамның еркін және саналы келісімімен құрылуға тиіс. Келісімсіз қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс екенін ескертеміз», – делінген прокуратура хабарламасында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!