Отбасы банк 2025 жылдың 17 қарашасынан бастап тұрғын үй төлемдерін алушылардан несие өтінімдерін қабылдауды бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар – Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметі, әскери прокуратура және басқа да мекемелердің қызметкерлері мен әскери қызметшілер.
Банк бөлімшелеріне өз бетіңізше барудың қажеті жоқ. Несие беру ведомстволар (министрліктер мен қызметтер) жасайтын тізімдер бойынша жүргізіледі. Банк мекмелерге арнайы хаттар жіберді. Тізімдер дайын болғаннан кейін ғана тұрғын үй төлемін алушылар банкке барады. Онда менеджер қызметкердің аты-жөні тізімде бар-жоғын тексеріп, содан кейін несие өтінімін қабылдайды.
Жаңа тұрғын үй сатып алғысы келгендер “Наурыз Әскери” жаңа бағдарламасына қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі – 9%*. Тіпті бастапқы жарнасыз да қатысуға болады. Егер бастапқы жарна 0%-дан 20%-ға дейін болса, онда несие сомасының ең жоғары мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 миллион теңге, ал басқа өңірлер үшін – 30 миллион теңге болады.
Егер бастапқы жарна 20%-дан 50%-ға дейін болса, банк ең жоғары несие сомасын 80 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Тұрғын үйді тек жаға үйден алуға болады, – делінген банк хабарламасында.
“Наурыз Әскери” – бұл “Наурыз” бағдарламасының тағы бір бағыты. Бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаражат әлеуметтік облигациялар шығару арқылы, яғни нарықтық жағдайларда тартылады. Сондықтан бағдарлама қатысушылары үшін несие мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды. Бұл шара азаматтарға несиені қолжетімді пайызбен алуға мүмкіндік береді.
“Наурыз Әскери” бағыты бойынша жаңа тұрғын үйді Baspana Market (otbasybank.kz) порталында таңдап, брондап және сатып алуға болады.
Егер тұрғын үй төлемін алушылар дайын (екіншілік) тұрғын үй сатып алғысы келсе, олар “Әскери баспана” бағдарламасын пайдалана алады. Бұл бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі – 18%. Бастапқы жарна 20%-дан 50%-ға дейін болуы керек. Қатысушы ең көбі 50 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Бағдарламаға қатысушы өзіне ұнаған тұрғын үйді өзі таңдайды.
Отбасы банкінің тұрғын үй төлемін алушыларды қолдау нәтижелері: Отбасы банк тұрғын үй төлемдерін алатын 44 103 адамның баспаналы болуына көмектесті. Бұл мақсатқа жалпы 870,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде әскери бағдарламалар аясында 18 мың несие, жалпы сомасы 428 миллиард теңгеге берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
