Жұма, 27 желтоқсан, 00:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Баспана кезегі қалай жылжиды?

18.07.2023

446 0

Тұрғындар үшін басты мәселенің бірі – баспана жайы. Бүгінде елімізде халықты баспанамен қамту мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асып келеді. Мұнан бөлек, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамту мемлекет тарапынан жүзеге асып келеді. Бұл орайда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі халыққа бес түрлі мемлекеттік қызмет түрін көрсетіп келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, тұрғын үй сертификаттарын беру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру, қауіпті өндірістік нысандарды салуға, кеңейтуге, жаңғыртуға, және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу және қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару қзметі бар.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде тұрғын үй кезегінде 28195 отбасы, оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагері – 1, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 14442 адам, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар – 4703, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарында – 10587, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 10905, жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтар – 557 адам кезекте тұр.

Айта кетелік, үй кезегі автоматтандырылып арнайы сайтқа орналастырылған. Яғни әрбір тұрғын өз кезегін сайт арқылы көріп, кезектің жылжу барысын да өзі бақылап отырады.

– 2022 жылы «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету «Тұрғын үй қоры» сервистік бағдарламалық өніммен «Kezekte.кz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметіне ауыстырылды. Кезекке қою қызметі қазіргі таңда то­лықтай автоматтандырылған және «Kezekte.кz» сайтына орналастырылған. Азаматтар кез келген уақытта тұрғын үй алу кезектілігін, кезекте тұрған басқа азаматтардың тізімін көруге мүмкіндік жасалған. Автоматтандырылған жүйе азаматтардың меншігінде үй бар-жоғын, жұмыс орнын, санатын тексеріп, кемшілік болған жағдайда автоматты түрде шығарады. Автоматтандырылған жүйе өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, сыртқы факторлардың орын алуын тежейді, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы  Абзал Рысбекұлы.

Сондай-ақ мелекеттік тұрғын үй қорынан пайдалануға берілген арендалық үйлерді мақсатына сай пайдалануды бақылау мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып жұмыс істейді. Яғни бұл баспанаға мұқтаждық мәселесі шынайы шешімін тауып жатқанына көз жеткізу болса керек.

– Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 19.12.2022 жылғы №71 бұйрығымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан пайдалануға берілген арендалық тұрғын жайларды мақсатына сай пайдалануына түгендеу жүргізу мақсатында жұмысшы тобы құрылды. Сонымен қатар аталған бұйрықтың 2 тармағымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан пайдалануға берілген арендалық тұрғын жайларды мақсатына сай пайдалануына түгендеу жүргізу үшін іс-шаралар алгоритмі бекітілді, – дейді Абзал Рысбекұлы.

Ең бастысы, халықты баспанамен қамтамасыз етуде аталған бөлім кезектің жариялы әрі заңдылыққа сай жүргізілетінін қамтамасыз етіп келеді. Бұл орайда «пәтер алып беремін» үшін қарапайым халықтың қалтасын қағып, зар қақсатып кететін алаяқтарға алданып қалмау қажет. Бұл мақсатта да бөлім «Заң керуені» акциясын жүйелі өткізіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Басшылар байланыста» жобасын жүзеге асырып келеді. Басты мақсат – халықтың уақытылы әрі заңдылыққа сай баспаналы болуы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: