Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құрылыс саласындағы жауапкершілік пен сапаны арттыру жөніндегі заңнамалық өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол қазіргі кезде құрылыс саласындағы бақылаудың жеткіліксіз екенін айтып, жаңа Құрылыс кодексінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бұрынғы жылдары құрылыс саласында толық мемлекеттік бақылау алынып тасталған. Кейбір компаниялар салық төлемей, өздеріне тиесілі экспертиза мен технадзорды жеке өзі ұйымдастыратын. Қазір біз мемлекеттік экспертизаны қайтарамыз және ірі құрылыстарға екінші деңгейдегі нақты жауапкершілікті енгіземіз, – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, жаңа кодекс бойынша барлық құрылыс нысандарына он жылдық кепілдік беріледі. Фундаменттен бастап шатырға дейінгі барлық негізгі құрылыс элементтері кемінде он жыл бойы сапалы болуы тиіс. Егер бұзушылық анықталса, құрылыс компаниясы өз қаражатына жөндеуді жүргізуге міндетті.
Егер адам жарақат алса немесе құрылыс сапасыз салынса, құқық қорғау органдары арнайы экспертиза жүргізеді. Құрылыс компаниясы айыпты болса, Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Экспертиза немесе технадзор дұрыс жұмыс істемесе, олардың басшылары да жеке жауапқа тартылуы қажет, – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар бұрынғыдай әкімдердің жеке шешім қабылдау тәжірибесі тоқтатылатыны хабарланды. Енді бас жоспарларды өзгерту, егжей-тегжейлі жоспарларды бекіту тек қоғамдық тыңдау және мәслихат арқылы жүзеге асады. Бұл өзгерістер халық бақылауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ең басты мақсатымыз – азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Құрылыс сапасын арттырып, жауапкершілікті күшейтпейінше, экономикалық немесе қаржылық мәселелерге мән беруге болмайды, – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
