Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бейнетпен көрген зейнетін

27.10.2022

891 0

Ол – 43 жыл бойы көлік айдаған шопыр. Осыншама жылдар ішінде өзі айдаған машинамен қаншама жол жүріп өтті десеңші… Шопыр болған жылдан бастап облыс ішінде қаншама жүк тасығанын есептеп шығару мүмкін емес. Әйтеуір жүк тасымалы саласына жұрт қатарлы өз үлесін қосқанына ол іштей қуанады.

Біз әңгіме еткелі отырған Серік Әбенов жүк көлігін 43 жыл жүргізіп, бүгінде сол еңбектің зейнетін көруге Алла нәсіп етіпті. Соңғы 30 жылға жуық қаладағы ТЭЦ-6 жылу орталығында автодәнекерлеу машинасын айдап, қала орта­лы­ғында жылу жүйесі трас­сасында күтпе­ген жерден болатын беймізгіл уақыттағы апаттық жағдайлардың талайын басынан өткерді. Әсіресе қаһарлы қыстарда жылу жүйесінде болатын ақауларды қал­пына келтіру оңай емес екенін талай көзбен көріп, автокөлік үстіндегі дәнекерлеу аппа­ра­тының үзбей жұмыс істеп тұруын қам­тамасыз ете білді. Қолы қалт ете қал­ғанда дереу көлік үстін­дегі дәнекерлеу аппара­тының кем-кетігін түгендеп, жөндейтін жер­лерін қалпына келтіріп, келесі жұмысқа әзір­леп майлап-сайлап қоятын. Оған тікелей өзі жауап беретін болғандықтан барынша жауапкершілікпен қарауы да сондықтан. Машина айдаудағы ұзақ тәжірибесі бар­лығына сенген басшылар да Серіктің тап-тұйнақтай жұмысына риза еді. Қашан көрсе де машинасы күнделікті жұ­мысқа сақадай-сай тұрады. Тап-таза мұн­таздай етіп қойған машинаны көргенде Серік Өткелбайұлына механиктер де оның көлігінен ақау шыға қоймайтынына сенім­мен қарайтын. Сон­дықтан да болар, осы 30 жылдың ішінде жұмысы жайынан бір рет те ескерту алмай, зейнет жасқа үлкен абыроймен жетуі. Ол күнделікті жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, осы жылдар ішінде жұмыстан бір рет болса да орынсыз қалып та, кешігіп те көр­мепті. Қашан көрсең де жол үстін­де, жылу жүйесі трассасы бойы­нан табылатын.

Ол жастайынан еңбекпен шыңдалып өскендіктен болар, жұмыстан қалып қоюды өзіне ар санайтын. Көпбалалы отбасынан шыққандықтан шығар, кіш­кентайынан ата-анасы Өткелбай мен Мырзайға қолғанат бола білді. Бойын тіктеп есейе бастағаннан егін де екті, шөп те орды. Қораға да қарады, уақ-малын да бақты. Ауыл балаларына тән жұмыстың бәрін атқарды. Ата-анасы баласының тез есейіп, үйге қолғабыс ет­кеніне қуанды, іштей мақтаныш етті. Міне, Серіктің тынымсыз еңбекқорлығы жас­тайы­нан қалыптасты. Үй жұмысын тындыра жүріп, мектепте де өте жақсы оқыды. Әсіре­се, физика мен математикаға қатты қызығатын…

1-Мамыр ауылындағы №40 Орджа­никедзе атындағы онжылдықты 1978 жылы бітірісімен, қаладағы № 152 СПТУ-да оқып, автокөлік жүргізушісі куә­лігін алды. Сол күннен бастап осы таспа жолдар мен түп-түзу тарамыстай тартылған асфальт жолдарда еңбек жолы­ның ізі қалды. Сұлутөбе сауда меке­месінде автодүкен айдап жүргендегі Сарысу мен Сыр арасын ерте көктемнен бастап тынымсыз жол еткен адал еңбек­тің ізі болатын. Онда отырған қойшы ағайындарға қажетті азық-түлігін уақы­тылы жеткізіп берудің өзі үлкен жауап­кершілікті жүктейтін. Сарысудағы «Тасбұлақ», «Нар­шоқы», «Ит атқан» жайылымы бет­кейінде отырған шопандар автодүкенді асыға күту­мен жүретін. Автодүкен барғанда балалар қалаған заттарын алып, бір мәз болып қала­тын. Ондайда шопанның әйелдері қызу сауда­­ларын жасап, ұн мен майын, үнді шайы мен шақпақ қанттарын алып арқа-жарқа болатын. Серік Өткелбайұлы кезінде авто­­дүкен жүргізіп, қырдағы шопандарға қалтқысыз қызмет жасағанда адамдардың қуан­ғанына жаны жадырап, олармен сағы­ныса көрісетін. Ауылдың амандығын ай­тып, ағайындарының сәлемі мен жақсы жаңа­­лықтарынан хабардар етіп, көңіл­дерін көтеріп тастайтын.

Сарысуға кетіп бара жатқанда, әсіресе жазда ой-шұқыр болып ойылып қалған жолда жүру азап еді. Кейде сондай ұзақ жол үстінде Серік сонау 1968 жылы мек­теп табалдырығын аттаған сәтін сағына еске ала ойға шоматын…

Аяулы Мырзай анасы қолынан жетек­теп апарып алғаш партаға отырғызғаны оның көз алдында. Отбасының үлкені болғандықтан ба, анасының мектепке үлкен қуаныш сезіммен апарғанын іштей түйсінеді. Алғаш партаға отырғызып болып: «Балам, сен енді үлкен азамат болдың, сабағыңды жақсы оқы» деп маңдайынан сипай, елжірей қарағанын қалай ғана ұмытсын?! Сол сәтте анаға деген сағынышы жанарынан мөлт ет­кендей болды. Терең дем ала анасының өмірден ерте кеткеніне іштей өкініші көмейіне тығылып тұрғанын сезді. Ана­сының аурушаңдағына байланысты қала­дағы әжептеуір жұмысын тастап ауылға келуі де сондықтан еді. Сөйтіп жүргенде анасы өмірден 46 жасында озды. Әкесі отбасында шеттей 9 бала-шағамен қалғаны жанына батады. Не істей алсын, Алланың жазуына? Әр күн сайын есік жаққа аяулы жары Мырзайы келіп қалатындай ұзақ телміре қарап қоятынын  көргенде, әкесін іштей аяйды. Бауырларын айтсаңшы? Үйелмелі-сүйелмелі болып жауқазындай жайқалып енді өсіп келе жатқан шақта олар шерлі жетімнің күйін кешіп қалды. Іні-қарындастарының жанарлары жәу­ді­рей, өзіне мұңая қарағанда жүрегі аузына тығылады. Сондайда теріс айнала түсіп, ешкімге көз жасын көрсетпей жеңімен бір сүртіп алып, артына қарайлай жұмысына кете баратынын кім түсінсін?! Үйдің күйбең тірлік қамыты мойнына ерте ілінген кіші қарындасы Айжан мен анасынан 5 жасында қалған кіші інісі Дарханның жайларын жиі ойлайды. «Осыларға қайтсем желеу болар екем?» деген ой жанына тыным бермей келеді. Осылай өз ойымен өзі іштей алысып кешіп келе жатқанда, машинаның доңға­лағы терең шұқырға солқ етіп түсіп кет­кенде ғана селк ете қалып, бойын тежей ой құшағынан арылғандай болды.

Қараса май топырақ бұрқ ете түсті де, кабинаның алдын ақшаң басып қалды. Ой жетегінде келе жатып терең шұқырды байқамай қалғанын енді білді. Шаң басыл­ғанша біраз тоқтап барып жүрді. Алды жазық мидай дала екен. Тақырға шықаннан кейін машина газын басыңқырай, жылдамдықты арттыр­ған­мен үзіліп қалған ой қайта орала береді. «Бүгін маған не болған?» деп іштей ойлап қояды. Соншама көңілшек күй кешіп, шырмауықтай арбап алған қалың ойдан шыға алмай келе жатқанына өзі де таңғалып келеді. Қаншама ойламайын десе де, мектепті алғаш аттаған кезеңі есіне орала берді…

Мектепке алғаш барғанда-ақ класс жетекшісі Қалкөз Асанова апайының өте алғыр бала екенін біліп, барынша оған көңіл бөлгеніне бір жымиып қойды.  Сөйтіп жоғары сыныпқа көшкенде де математика пәні мұғалімі – Шералхан Байжанов ағайы мен физика пәні мұғалімі – Райхан Жүнісова апайының оның зеректігіне көңілдері толып, келешегінен зор үміт күтетіндіктерін ата-аналар жиналысында үнемі үлгі етіп айта­тындарын ой елегінен өткізді. Сол кезеңдегі мектеп директоры болған Тампыш Сақтағанов та жоғары оқу орнына түсуге оған кеңес бергенін масаттана есіне алып, айналаға риза көңілмен бір қарап қойды…

Оның жоғары оқуға түсемін деген талабын отбасындағы аяулы анасының аурушаңдау жағдайына байланысты кейін­ге қалдырды. Анасының жайын ойлағанда өзін қоярға жер таппай, көңілі жабырқаулы күй кешті. Сонша бала-шағаны асырау жалғыз әкесіне де оңай емес екені, үйдің үлкені болғасын оны жақсы сезінді. Күндіз-түні ойлана келе,  әкесінің бір жағынан сүйеу болуды алдына мақсат етіп қойды. Оныншы сыныпты бітірісімен шопырлықты оқуды жөн деп тапты. Жағдайды дұрыстап, қаражат тауып анасын емдетуді парыз санады. «Содан кейін-ақ жоғары оқу орнына түсем» деп бір шешімге келді. Ең өкініштісі мақсатына енді қол жеткізе бергенде, анасының өмірден озғаны жанына қатты батты. Қайғырды, егілді, Алла ісін мойындаудан басқа амалы қалмады. Енді отбасына, іні-қарындастарына қарауды өзіне борыш санады. Осылай жүріп қоңыр тірліктің жетегіне еріп кете барды. Оқу жайына қалды. Содан Сұлутөбе сауда мекемесінде бухгалтер болып өзімен бірге қызмет жасап жүрген сүйікті жары Салтанатты жолықтырды. Екеуі жарасым тауып, отау құрды. Әке арманы орындалып, іні-қарындастарының жүздеріне қуаныш нұры себеледі. Інісі Берік екеуі бір әулеттің жүгін бірге көтерді. Соңдарынан ерген іні-қарындастарына қорған бола бастады. Бүгінде олардың бәрі отбасылы, бір-бір үй болған. Бұлардың барлығына Берік екеуі қолдарынан келгенше сүйеу бола білді. Олар да қос ағаларының алдарынан кесе өтпейді. Бүгінде Серік үлкен әулеттің ақылшысына, қамқоршысына айналған.

Серік бауырларына қарайласа жүріп, еңбек етті. Талай бейнетті басынан өткізді. Соңғы 30 жылда жылу орталығында жұмыс істеді. Өзінің жеңіл көлігіне отырып, бірге жұмыс істеген достарына іштей шексіз алғысын жаудырып үйіне бет алды. Жұмыс деп жүріп өзінің зейнет жасқа жеткенін байқамай да қалғандай күй кешіп келеді. Ол бейнетінің зейнетін көруге жазған «Аллаға мың шүкір!» деп күбірлеп қояды.

Кенжалы БАЙЕГІЗ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: