11 қаңтарда белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлы қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы хабар жайлы бүгін М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Facebook парақшасында жазды.
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін (1953), оның аспирантурасын (1964) бітірген.
1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор;
1969–75 жылдары ҚазПИ-де доцент, 1975–91 жылдары Қазақстан ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1991–2000 жылдары арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі‚ Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зертттеу орталығының директоры;
2002–2003 жылы Түркітану ғылыми-зертттеу институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан М.Х. Дулат атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және «Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зертттеу орталығының директоры, “Бауыржантану” ғылыми-зертттеу орталығының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарды.
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитану, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, Абай мұрасының шығыспен байланысы терең зерттеле бастады.
Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Ясауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді.
Мырзахметұлы патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”), қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді.
Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!