«Әкімге алты сауал» айдарының кезекті сұрағы Белкөл кентінің әкімі Ардақ Ибраимовқа жолданған еді. Кент әкімі қызметіне жыл басында тағайындалған ол бүгінге дейін атқарған жұмыстарын саралап берді. Кентте шешімін таппаған өзекті мәселені де жасырмады.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш, тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндетіміз деген болатын. Орынды сын айтылуы тиіс. Оған құлақ асуымыз керек.
– Биыл біткен іс?
– «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен биыл кенттегі жалғыз мемлекеттік «Балапан» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елді мекенінің кіре-беріс жолына, Железнодорожная, М.Есмаханов, Т.Абуов, Зеленая көшесі және қалалық бюджет қаражаты есебінен Бірлік, Әбдіқадыров көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бойынша жергілікті бюджеттен 3-Линия көшесіне және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Зеленая көшесіне жарық бағаналары орнатылды. Абаттандыру бағыты бойынша К.Әбдіқадыров көшесі мен теміржол өткелі арасындағы тұйыққа тас төсеу және жаяу жүргіншілер жолы салынса, Бірқазан елді мекеніне балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ «Үңгіттердің қорымына» баратын жолға қиыршық тас төселді.
Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерді кенттегі жылу орталығы жылумен қамтамасыз етеді. Былтыр жылу орталығы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 3 дана газ қазандығы және тозығы жеткен жылу құбырлары, биыл ұзындығы 1 037 метрді құрайтын кварталларалық жылу жүйелері жаңадан ауыстырылды.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– Кенттегі клубтың жағдайы сын көтермейді. Кентке мәдениет үйін салу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып арнайы жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Осы жобаны жүзеге асыруға биыл үлгермедік. Келесі жылы бюджетке енгізіп, мәдениет үйін салсақ, халықтың алғысына бөленеріміз анық.
– Сіз үшін кенттегі ең өзекті әрі күрмеуі қиын мәселе?
– Кенттегі өзекті мәселенің бірі – теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу. Белкөл кентінде тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар теміржолдың екі жақ бетінде орналасқан. Тұрғындар оң жақ беттегі мешітке немесе жағажай демалыс орнына бару үшін теміржолдан өтуге мәжбүр. Ал сол жағында әлеуметтік маңызды нысандар орналасқан, яғни мектеп, балабақша, емхана және қалаға қатынайтын қоғамдық көліктер жүреді. Теміржолдан өту – тұрғындарға қауіпті. Жүргіншілер көпірін салу ең бірінші кент тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажет.
– Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы қалай?
– Шағын және орта бизнесті дамытудың «Еңбек», «Бизнестің Жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде биыл 12 тұрғынның жобасы қолдау тапты. Экономиканың әртүрлі салалары бойынша жаңадан кәсіп ашты. Бұл жаңа 45 жұмыс орнының құрылуына ықпал етті. Алдағы уақытта да кентте кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу жалғасады.
– Алдағы жоспармен бөліссеңіз…
– Қазіргі таңда қаламызда жол инфрақұрлымын дамытуға көңіл бөлініп, көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай жобалардан кентіміз кенже қалып тұр деп айтуға болмайды. Дегенмен жөндеу қажет ететін көшелер де жоқ емес. Сондай-ақ жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі де бар. Бұл жұмыстар қаражат ыңғайына қарай, кезең-кезеңімен шешімін табады деген сенімдемін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!