Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында жергілікті билік өкілдерінің ашық түрде елмен кездесу қажеттігін атап өткен болатын.
Осыған орай қала әкімі Асылбек Шәменов жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуде. Кездесу кестесіне сәйкес шаһар басшысы Белкөл кенті тұрғындарымен жүздесті. Қала әкімімен бірге кездесуге қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов қатысты.
Асылбек Өмірбекұлы алдымен балаларға арналған спорт сауықтыру кешенінде болды. Жеке кәсіпкердің мемлекеттік әріптестік аясында салынған кешенде спорттың 7 түрінен 300-ге жуық бала тәрбиеленуде. Бұл спорт кешені 2019 жылы пайдалануға берілген. Содан бері талай дүбірлі додаларда аймақ абыройын асырып жүрген жасөспірімдер саны артып келеді.
– Біз де жаттығатын жастардың болашағы зор. Стамбулда өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз болған шәкірттер бар. Сонымен қатар Москва қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогы сайысында Сыр елінің даңқын асырған спортшыларымыздың болашағы зор екенін айтқым келеді. Мемлекет қолдауымен жеке кәсіпкерлік аясында кешен өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта кешен құрылысын арттырып, жастарды өнер үйірмелеріне де баулу жоспарлануда, – дейді спорт кешенінің директоры Руслан Алматов.
Қала әкімі кешен жұмысын жоғары бағалап, әлде де дамыту қажеттігін атап өтті. Содан соң теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысты.
Кент тұрғындары бұл мәселені көп жылдардан бері айтып келеді. Жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының жұмысы биыл басталуда. Жоба құны 225,2 млн теңге. Мердігер мекеме «GoIden City DS» ЖШС болып бекітілген. Құрылыстың бас жобалаушысы «Проект Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл қазан айында құрылыс толық аяқталып, халық игілігіне ұсынылады деп күтілуде.
Көпір құрылысы қашан бітеді?
Кент тұрғындары әкіммен кездесуде жол, жарық, ауызсу мәселерін көтерді. Халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге байланысты қала әкімі айтылған ұсыныстар мемлекеттік бағдарламалар аясында реттілігімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ көпір құрылысының сапалы орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
– Белкөл кенті маған бөтен емес. Мұндағы әрбір мәселе ұдайы назарымда. Енді тұрақты түрде сіздермен кездесіп тұрамын. Жаңа Қазақстанды құру жолында елмен етене араласып, халыққа қажетті шаралардың барлығы жасалады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар жасалып жатқаны елдің назарында. Оның ішінде «Өңірлерді дамыту 2020-2025» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары барысында кентке ауыз су тарту, жол жөндеу, көше шамдарын орналастыру мәселері ретімен іске асырылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында арнайы жобалар қаржыландырылып, басқа да қажетті шаралар қолға алынуда. Мұның барлығы – ел әлеуетін арттырудағы жоспарлы жұмыстар. Кенттің келешегі бұдан да жақсара түспек. Сол жарқын жолда халықпен бірлесе жұмыс істеу біздің басты мақсатымыз, – деді қала әкімі.
Бұл жолғы халықпен кездесу еркін форматта өтті. Әдеттегідей ұзын-сонар баяндама оқылып, санамаласа саусақ шаршайтын сандар жиынтығымен жалғасқан жоқ. Билік пен бұқара арасында ашық диалог орнады. Бұл Жаңа Қазақстанның жарқын болашағының символы болса керек. Ендігі мәселе айтылған ұсыныстан оң нәтиже шығарып, әлеуметтің әлеуметтік мәселесінің оңынан орындалуы еді. Бұл – елдің тілегі.
Тасбөгеттегі түйіткілді мәселе қандай?
Қала әкімінің кезекті кездесуі Тасбөгет кентінде жалғасын тапты. Келелі кездесуде 35 мыңға жуық тұрғыны бар кенттің әлеуметтік мәселері талқыланып, оның шешілу жолдарын қарастырды. Халықпен кездесуге шаһар басшысымен бірге қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысты.
Қала әкімі алдымен «СК Қызылорда строй монтаж» ЖШС меншігіндегі темір-бетон өндіру цехында болды.
– Цехта 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 300 млн теңге. Мұнда диаметрі 1,5 және 2 метрлік бетон кольцалар және әртүрлі сым өнімдерін өндіреді. Атап айтар болсақ, торшалар мен қоршауларға арналған қатты металдан жасалған сымдардан халыққа қажетті өнім өндірілуде. Сұраныс жоғары. Қала халқын толығымен қамтамасыз етіп, өзге өңірлерге де экспорттау жоспарлануда. Заманауи талапқа сай жұмысшылардың тәжірибелерін жетілдіруді қолға алсақ деп отырмыз. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс барысын жетілдіріп, жұмысшылар санын арттырсақ деген ойымыз бар. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, басқа да өнімдер өндірсек деген жоспарымыз бар, – дейді цех директоры Александр Ким.
Бүгінгідей экономикасы алмағайып кезеңде өндіріс жұмысын арттыру бізге ауадай қажет екенін айта кету керек. Қала әкімі хех жұмысын толық аралап көріп, қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Тасбөгеттегі түйткілді мәселенің бірі – медициналық нысан. Жергілікті тұрғындар жаңа полеклиника салынса деген ұсыныстарын көптен бері қозғап келеді. Осыған орай халық бұйымтайы ескеріліп, жеке кәсіпкер есебінен кент орталығында жаңадан биометриялық лаборатория құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны жалпы 100 млн теңгені құрайтын бұл құрылыс кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен іске асуда.
Медициналық нысан іске қосылғасын он екі адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Құрылыс жұмысы келер жылы маусым айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Клиника-лаборатория күніне 20-30 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болмақ.
Кент орталығындағы көп қабатты тұрғын үй
Әкім аялдаған келесі нысан кент орталығында бой көтеріп жатқан көп қабатты 53 пәтерлі тұрғын үй ғимараты. Жалпы ауданы 3 339 метр аумақты алып жатқан көп қабатты тұрғын үй «Фирма «МТО-Центр» ЖШС есебінен салынуда. Құрылыс биыл қараша айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарға ұсынылмақ. Асылбек Шәменов құрылыс қарқынын арттыруды тапсырып, сапалы орындалу қажетігін жеткізді.
Нақты іс, тың ұсыныс
Содан соң №11 мектеп-лицей ауласында кент тұрғындарымен кездесті. Ашық аспан астында ашық диалог орнатқан кездесуде ештеңе бүкпесіз қалмады. Ардагерлер ұрпақ болашағы, ұлт келешегіне керек деп танылған түйіткілді мәселелрді ортаға салды. Әкімде әрбір жауапқа тереңінен толғап, әріден қозғап жауап беріп отырды. Бұл өтті-кетті, болды-біттімен емес, нақты іс, тың ұсыныс айтылған жиын болды.
Тасбөгеттің байырғы тұрғыны Тұрсынбай Махамбетов кент ішіндегі жол мәселесін көтеріп, балалар ойын алаңы салынса деген ұсыныс айтты. Шаһар басшысы бұл мәселе заң талаптарына сәйкес оң шешімін табатынын айтып, назарында ұстайтынын жеткізді.
Тасбөгеттіктердің әкім назарына ұсынған тағы бір түйткілді мәселесі САбалақ саяжайындағы жол жөндеу жұмысы мен кент орталығындағы апаттық жағдайда деп танылған көпқабатты тұрғын үй мәселесі болды.
– Тасбөгетке қарасты Сабалақ саяжайында тұрамыз. Онда тұрғындардың бас ауруына айналған басты мәселе – жол. Ол жерде де қаншама халық тұрып жатыр. Осыны назарыңызға алсаңыз, – деді Нұрайым Тұрлығұлова есімді Сабалақ саяжайының тұрғыны.
Бұл сауалға қала әкімі облыстық бюджеттен берілген қаржыға байланысты құжаттары әзірленген көшелер жөнделетінін жеткізді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жалғасын табатынын айтып өтті. Содан соң тұрғын үй жайы халыққа өз реттілігімен кезек бойынша берілетінін түсіндірді. Кентішілік мәселелерді уақытылы орындалуын қадағалау ісін кент әкімі Семсер Сыздықовқа тапсырып, жақын арада есебін сұрайтынын жеткізді.
– Елдің ұсынысымен санасып жұмыс істелу керек. Сонда ғана ол өз нәтижесін береді. Ел арасындағы мәселелер кәсіпкерлер мен мекемелермен бірге, ұйымшылдықпен шешілуі қажет. Айтылған ұсыныстарға орай өзім арнайы тапсырма беріп, оның орындалу барысын қадағалаймын, – деді қала әкімі.
Р.S. Тұрғындар тілегінің басым бөлігі жер кезегі, тұрғын үй алу, жол, жарық секілді әлеуметтік қажеттіліктер болды. Қала әкімі кездесуде өзекті мәселерді сарапқа салып, дер кезінде шешілу жолдарын қарастыру керектігін жеткізді. Бұқара бұйымтайын билік өкілдері өктемсіз қабылдады. «Ашынғанда шығады ащы даусым» деп осындайда айтылса керек-ті. Халық әбден әбігерге түскен мәселелерінің маңыздылығына назар аудартты. Енді оның орындалуы уақыт еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!