5 жыл бұрын қызылордалықтар өмірінде өзгеріс орын алды. Үйреншікті уақыттан кейін шегініп, Астана уақытынан 1 сағат қалыс жүрдік. Оған себеп те жоқ емес. Сыр өңірінің уақыт белдеуі елорда уақытына сәйкес емес. Оның үстіне биоырғағы бұзылған жұрттың жұмыс өнімділігі мен тұрмыстық белсенділігі төмендеген. Сәйкесінше, Қызылорда облысын 5-уақыт белдеуінен 4-уақыт белдеуіне көшіру туралы ой-пікір жиіледі. Мұндай ұсыныс қоғам белсенділері тарапынан да айтылып, сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен мақұлданды. Міне, арада 5 жыл өтті. Халық өмірінде нендей өзгеріс орын алды? Уақыт белдеуі тұрғындар денсаулығына қаншалықты әсер етті? Аталған сауалға жауап іздеп көрелік.
Уақыт белдеуінің өзгеруі алдымен денсаулыққа пайда әкелуі қажет еді. Олай дейтініміз, уақыт белдеуін өзгертуге ұмтылған азаматтардың басты уәжі – қызылордалықтардың табиғи биоырғаққа ілесе алмай жүргені-тұғын. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындардың ұйқы жүйесі бұзылып, табиғи мезгіл ауанына сәйкес жүрмеген. Оны қыс мезгілінде жұмысқа таң қараңғысында бару, кеш ұйықтау секілді өзгерістерден аңғаруға болады. Уақыт өзгергелі мұндай олқылық шешіліп, халық бірсарын жүйеге түскен секілді.
– «Биоырғақ» сөзінің қолданысқа енгеніне көп болмады. Алайда бұл өмір үшін маңызды сала. Себебі көңіл күйіміз, белсенділігіміз тәулік пен жыл мезгіліне тікелей байланысты. Оған қоса сыртқы факторлар әсерінен өзгеретін қандағы гормондарға да уақыт ырғағының әсері мол. Мәселен, күн жарықта ағза энергия жұмсаса, түнде жасушалар «түзіледі». Сондықтан біз тиісті уақыттан кешігіп демалып, жұмыс істесек, биоырғақ бұзылады деген сөз. Сыр өңіріндегі уақыт белдеуін ауыстыру осы биоырғақтың уақытынан кешікпей жүзеге асуы үшін орындалды. Яғни, Қызылордада уақыт белдеуі негізінен Меридиан бойынша 2 сағат 38 минутқа айырмашылық бар еді. Осы олқылық қалыпқа келді., – дейді психолог Майра Құсайынова.
Расында, Сыр өңірінің табиғи биологиялық уақыттан ауытқушылығы бары бұрыннан айтылған. 10 жыл бедерінде жиі көтерілген мәселе ақыры шешімін тауып, халық көңілі көншіді. Түрлі ғылыми-зерттеу институттары да өмір сүру ритмінің бұзылуы тұрғындардың денсаулығына теріс әсер ететінін растаған. Уақыт белдеуі ауысқалы Қызылорда тұрғындары да бұл өзгерісті жете сезінген секілді.
Таза географиялық белдеуге сәйкес табиғи уақыт бойынша Қызылорда облысында Астана уақытынан таң бір сағат кейін атып, күн бір сағат кейін бататыны белгілі. Мамандардың пікірінше, табиғи, дағдылы, үйреніскен биологиялық уақытты бұзу облыс халқының тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағын бұзған.
– Бұрынғы уақыт белдеуі қолайсыз еді. Балалар тас қараңғыда мектепке баруға мәжбүр болды. Ұйқылары қанбағандықтан, сабақ үлгерімдері нашарлады. Адамдар уақыттан жаңылысып, табиғи ырғақ бұзылды, қолайсыздық жүйке жүйесіне кері әсер етті, денсаулықтары сыр берді. Қазір бәрі керісінше. Уақыт айырмашылығы бір сағат кейін. Асығып-аптықпайсың. Ұйқың қанады. Денсаулығыма оң әсер берді, – дейді қала тұрғыны Мақсұт Жолдасов.
Расында уақытынан ерте ояну – қауіп белгісі. Ағза ұйқыдан оянар уақытты өзі бағамдайды. Уақытылы ұйықтаған адам сергек оянып, жайсыздық сезінбеуі шарт. Биоырғақ деген осы. Олай болмаған жағдайда ағза қарсылық көрсетпек. Яғни,, адамдарды өзге географиялық уақытымен таңның атуынан бұрын мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қантамырлары жүйесі аурулары мен суицидке әкеліп соғуы ықтимал.
– Биоырғақтан тыс қимыл денсаулыққа әсер етеді. Тіпті, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де себеп болады. Әсіресе, «күзгі-қысқы» уақыттарда, ең бірінші балалар мен егде кісілердің саулығына кері әсері мол. Мәселен, Дания ғалымдары ұйқы бұзылған жағдайда әйелдердің төс обыры ауруы 1,5 есеге артатынын дәлелдепті. Мелатонин обыр клеткалары жайылуын тоқтататыны бұрыннан белгілі. Ал ол таң атысынан бұрын тұрған жағдайда адам ағзасынан дұрыс бөлінбейді. Ұйқыдан тұрған адамның қан қысымын жоғарылататын норедоналин мен картизол да ұйқыдан таң атысынан бұрын тұрған жағдайда қан құрамына енбейді. Норедоналин мен картизол болмаса, инфарктқа ұшырау оңай, – дейді Майра Құсайынова.
Байқасақ, адам тұрмысында уақыт өлшемі әсер етпейтін бірде-бір бағыт жоқ. Сол себепті уақыт белдеуін ауыстыру кезек күттірмейтін қадам еді. Белсенділердің ұйтқы болуымен арнайы сауалнама жүргізіліп, қарапайым тұрғындар пікірі де ескерілді. Халық та қарап қалмай, бұл шешімді қос қолдап қолдады. Нәтижесінде 70 пайыз тұрғын уақыт белдеуін өзгерту қажет деген пікір білдірген еді.
Ерсін Шамшадин
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!