Ата мен әженің қызы болу – әке-шешенің баласы болудан биік тұратын атақ. Анаңның үсті-басың лас болмасын деп қайта-қайта ауыстыратын киіміне қарамай, асыр салып топыраққа шомылып келесің. Ол ашуланады. Жаныңа жақындап келе жатқанда-ақ жүзінен соны байқайсың да, жарықтың жылдамдығына салып, атаның не әженің құшағына барып тығыласың. Мұндай кезде ең қауіпсіз орын – ата-әженің құшағы. Әрі қарай анамның маған жақындауға батылы бармай, өз жөнімен кете барады. Иә, сол үшін де әлі күнге дейін ата-әженің құшағын аңсайтын шығармыз? Тоңсаң, жылытатын, қашсаң, құтқаратын, тойға барса, алдына алып отыратын, жылы-жұмсағын саған арнап «тығып» жүретін құшақ.
«Кімнің баласысың?» деген сұрақ ең көп қойылатын сұрақ еді ол кезде. Алдымнан шыққан адам баласының қай-қайсысы да соны білмекке құштар. Ал жауап жалғыз. «Атаның баласымын». Әрі қарай диалогтың қалай өрбитінін жатқа білем.
– Атаңның аты кім?
– Бөкебай.
Атам үнемі газеттен жаңалық оқып отырады, одан бөлек кітапты да жақсы көруші еді. Өзі балажан. Өмірдің бір қызығы бала дейді ме… Ал бала үшін өмірдің қызығы атасының пенсиясы екенін басынан өткендер ғана түсінер. Айдың соңына қарай түсетін пенсияны асыға күтетіннің бірі менмін.
Қолына таяғын ұстап, поштаның маңына пенсия алуға жиналған шал-кемпірлермен қауқылдасып, өткен-кеткенді сөз етіп қайту атам үшін де бір ермек секілді. Кейде үйдегі үлкендер әкеп береді. Не керек, «айлығы» қолына тигенін білетін мен атамның бұйрығын күтіп жүремін. Ол не бұйрық десеңіз, дүкеннен бір не екі қалта насыбай сатып әкелу. Жағдайға қарай оның да саны өзгеріп тұрады. Бірақ біреуін ғана алдырса екен деп тілеймін мен. Себебі насыбайы таусылса, атам қайтадан мені жұмсайды ғой. Ал маған берілетін жолақы – 25 теңге. Атам әр насыбай алдырған сайын бір стаканчик балмұздақ жеймін. Тағы да насыбайы таусылса, тағы да мені жұмсаса деп жүремін.
Сондағы бір стаканчик сыйлайтын бақытты айтсаңшы! Қолымда әлемдегі ең қымбат машинаның кілті бардай, аялай ұстап әрі ерітіп алмайын деп келемін. Тез тауысып тастағым да келмейді. Үйге жеткенше тауысып тастайтыным белгілі. Есесіне ерекше бақытты күйде боламын.
Арада он шақты жыл өтті. Дәл қазір стаканчиктің бағасы 200 теңгедей тұрады. Алайда оны сатып алу үшін атамның «айлығын» күтпеймін. Тіпті күн сайын бірнешеуін алып жесем де, айына бір рет ғана қолым жететін бала кездегі балмұздақтың дәмін сағынамын. Атам сыйлайтын бір насыбай бақытты қайта сезінгім келеді.
Д.БӨКЕБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!