Жексенбі, 24 қараша, 08:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бірлігі бекем Сыр елі

04.05.2022

804 0

Қызылордалықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін сән-салтанатымен ерекше атап өтті. Орталық алаңнан бастау алған думанды іс-шарада түрлі ұлт өкілдерінің ән мен биі, салты мен дәстүрі жаңғырып, ынтымақтың ырысы тасып, бірліктің байрағы желбіреген керемет күн болды. Ақшаңқан ақ боз үйлер адалдықтың символындай сезілсе, мерекелік нышандағы әрленген әуе шары, балалар сахнасы бәрі-бәрі жұртшылыққа мамыражай көңіл күй сыйлайды. Мұндағы келушілердің жүзінде бір-біріне деген құрмет пен жанашырлық сезім айқын аңғарылды. Бұл – бірлік күніндегі барша халықтың ыстық ықыласы еді.

Мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын бірлік күнімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Тұрғындарды тәуелсіздік, татулық пен тұрақтылық сынды баға жетпес құн­дылықтарды сақтауға шақырды.

– Халқымызда «Ынтымақты елге ырыс қонады» деген даналық сөз бар. Қазақ елінің қай замандарда да досқа құшағы кең болған. Қазақстан бүгінгідей дамудың жаңа сатысында да ұлы мақсаттар жолында көрші елдермен тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында серпінді істеріміз нәтижелі болып, өңіріміз жаңа деңгейге көтеріліп, елі­міздің іргесі берік болуына тілектеспін. Ауызбіршілікпен ортақ мүдде жолындағы қиындықтарды қайыспай көтеріп, асыл құндылықтарымызды ардақтай білейік. Бұл – тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір жұртымыздың айнымас бірлігінің шексіз дәлелі. Біздің күшіміз – болаттай берік бірлікте. Сол ізгі мақсат жолында жұмыла жұмыс істейміз деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрмені аралап, балалар шығармашылығын топтастырған шағын қойылымды тамашалады.

Қолөнер бұйымдары көрмесіне қыз жасауы мен тұрмыстық қолданыстағы көрпе-жастық, құрақ көрпе, балалар киімдері қойылған.

– Қолөнер көрмесіне хал-қадірімізше өз өнімдерімізді ұсындық. Келіп көрушілер қатары қалың. Қолөнер – аса талант пен төзімді талап ететін бұйым. Осымен айналысып келе жатқаныма біршама жылдың жүзі болды. Бірлік күнгі берекелі шараға біз де өз үнімізді қосып, ел шаттығын асыруды мақсат тұттық, – дейді Балжан Сатыпалдиева есімді қолөнер шебері.

Думанды мерекеде әнші Серік Ибрагимов және жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, елге қуаныш сыйлады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: