Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бірлік жоқ жерде Тәуелсіздік ешқашан тұрақтамайды

19.12.2022

989 0

Ұлт тарихының айшықты сәті Тәуелсіздік мерекесі біз үшін маңызды. Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. 1986 жылы желтоқсан айында алаңға шыққан аға-апаларымыз Тәуелсіздік таңының атуын жа­қындатты. Болашақ ұрпақтың тәуелсіз елде өмір сүруіне себепкер болды. Ел ертеңі үшін шырылдаған жастардың Алматыдағы орталық алаңға жи­налып, ұлт болашағы үшін ұрандаған тарихи сәттерін газет беттерінен оқып, есімізде сақ­талды. Бейбітшілік үшін ерлік жасап, желтоқсан оқиғасына қатысушылар бүгінгі ұрпаққа еңселі егемендігімізді мұра етіп қалдырды. Сол оқиғаның куәсі болған жандар бүгінде арамызда бар. Біз жастардың бойына ерлік сыйлау үшін, тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен әң­гімелесуді жөн көрдік. Қыстың қаһарлы аязы мен сол кездегі желтоқсан желі олардың әлі жадында.

Желтоқсан оқиғасына куә­герлердің бірі – қызылордалық Гүлмира Баялиева. 1986 жылы ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің фи­лология факультетінің 2-курс студенті болды. Желтоқсан оқи­ғасы кезінде сол уақыттарда студент болған жастар қаһарлы қыстың аязын ұмытпайды. Гүлмира апай сол күнді еске алып, естеліктерімен бөлісті.

Бірлік жоқ жерде Тәуелсіздік ешқашан тұрақтамайды

– Желтоқсанда мұндай оқи­ға болатынын ешкім болжама­ды. Түскі сағат 13:30 кезінде сабақ бітіп, қайтып бара жатқанымыз­да студенттер жиналып тұр екен. Бір күн бұрын Қонаевты ор­нынан алып тастағанын естіген болатынбыз. Орталықтың 18 ми­нуттық пленумында Қонаев­ты орнынан алып, біздің елге қатысы жоқ, тілімізді, дінімізді, экономикамызды, мә­де­ниеті­мізді білмейтін Колбин­ді әкеп қойғаны қазақ еліне, жастарына ауыр тиді. Сол кезде жастар қарсы болып, республика алаңына ба­рып, қазіргі әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әнін айтып бар­дық. Алаңда студенттер, жастар толып тұр екен. Сағат үштердің кезі еді. Жастар тек бейбіт шеруге шықты. Тек олардың билікке талабы болды. «Қонаев өзі алаңға шығып, неге орнынан кеткенін айтсын» деген талап қойды. Бір уақытта мінберге Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова шығып, халыққа, жастарға басу айтты. «Айналайындар, арты дұрыс бол­майын деп тұр, қайтыңдар» деп жастарды қайтуға шақырды. Алайда жастар тыңдап жатқан жоқ. Деканымыз Т.Кәкішов келіп бізді қайтарды. Күн суық. Жел ызғарлы. Жастар итеріп, бір-бірін көрмейді. Содан арасында біздің топтан қалып қойған студенттер де болды. Сағат кешкі бестің кезінде біз қайтып бара жатқанда өрт сөн­діру, су таситын машиналары келіп жатты. Ертеңіне естігеніміз жастарға су шашқан. Оларға арақ таратуға тырысқан. Жатақханаға келгеннен кейін қатаң тәртіп болды. Қазақ жастары Орта­лық комитетінің қитұрқы саясатының құрбаны болған еді. Есімде қал­ғаны сол кезде орталық алаңда үлкен прожектор айналып тұрды. Прожектор суретке түсіріп тұрған екен. Кейін суреттер шыққанда көбі оқудан шығарылды. Ал біздің топтың студенттерінің оқу­дан шықпауына Т.Кәкішов ағамыздың көп көмегі тиді. Расында, Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ. Себебі Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы, қазақтың қайта оянған ұлттық рухы, – деп еске алды Гүлмира Баялиева.

Бүгінде ол Қорқыт ата атында­ғы Қызылорда университеті «қазақ тілі мен әдебиеті және журна­листика» кафедрасында қауым­­дастырылған профессор міндетін атқарушы. Оның пі­кірінше, осын­дай бір­лікпен, ер­лікпен, табан­дылықпен келген Тәуелсіз­діктің қадірін бүгінгі жастар ұғынуы тиіс.

– Бірлік жоқ жерде Тәуелсіз­дік ешқашан тұрақта­майды. Бі­лім мен мен мәдениет жоқ жер­де өркениетке бара ал­маймыз. Қазіргі жастарда ер­кіндік бар, ой-пікірлерін айта алады. Жаңа Қазақстанның ұлан­дарының жағ­­дайы жасалған. Бі­рақ осы мүм­кіндікті пайдалана ал­май жүрген жастар бар. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанын сезі­ніп, жақсы оқуға, білім алуға тырысуы қажет. Тәуелсіз елдің ұрпақта­ры бақытты болуға лайық, – дейді ол.

Тағы бір жерлесіміз қызыл­ордалық Мадина Жүсіпбекова да 1986 жылы Алматыда білім алып жүрген еді. Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің 2-курс студен­ті болатын. Бұл топта үлкен жігіттер көп-тін. Себебі ол уақыттарда заң факультетіне түсу қиын. Сондықтан ол топта біркелкі жастар емес, әртүрлі жастағылар оқитын. Сол жас­тардың барлығы Желтоқсан оқиғасының куәсі болған. Оның пікірінше, Желтоқсан оқиғасын еске алғанда селт етпейтін жүрек жоқ.

Бірлік жоқ жерде Тәуелсіздік ешқашан тұрақтамайды

– Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің алғышарттары деп айтуға болады. Сол уақытта жас­тар алаңға шығып, өздері­нің құ­қықтарын қорғады. Еркіндікті, бейбітшілікті талап етті. Ең ал­дымен сөз еркіндігін басымдық ретінде айтты. Қазіргі таңда осы қағидалар – құқықтық мемлекеттің басты талабы. Жастардың патриоттық сезімі оянып, алаңға шығуының бір­ден бір талабы – «Қазақстан Республикасының азаматы ғана елді басқарсын. Елдің әлеу­меттік, экономикалық жағ­дайын білетін азамат қазақ еліне басшы болуы тиіс» деген талап қойды.

Желтоқсан оқиғасын еске ал­­ғанда ызғарлы күндердегі жас­тардың елі үшін, жері үшін күрескенін мақтанышпен айтар едік. Әрбір жастың бойында еліне деген сүйіспеншілік бай­қалады. Олар қаһарлы қыс­та бостандық үшін, еркіндік үшін алаңға шықты. Ешкімнен қорықпады. Мен өзім желтоқсан оқиғасына қатысқан жоқпын. Бірақ біз сол оқиға болған жер­дің куәсі едік. Дәл сол күнді еске түсірсек, КазГудің студенттері және де басқа да жастар бейбіт шеруге шыққан болатын. Қол­дарында қару болмаған. Тек өз­дерінің ойын, талабын билікке жеткізу еді. Күндізгі уақытта сабақ болып жатқан кез. Бізді оқытушы жібермеді. Университет есік­терін жауып тастады. Бірақ кеш­ке қарай оқиға болған жерге барған кезде, мынадай суреттер көз алдымызда тұрды. «Қақаған суық. Жастар алаңға жиналған. Басшылар жастарды қайтаруға тырысқан, олар қайтпаған соң мұздай су шашқан. Кейбір группаластарымның айтуынша, алаңдағы жастарға арақ, басқа да зиянды заттар таратқан.  Ал кешке жақын жатақханаға кел­сек, сол кездегі предсадетель Мукашов деген кісі: Мынау алаңда «арақ ішіп, наша шеккен жастар бұзақылық жасады» деп айтып жатыр. Сол кездегі 56-бап бойынша жастар жауапқа тартыла бастады. Желтоқсан оқи­ғасына қатысқандар бірінен соң бірі түрмеге қамалды. Ал ертесіне «медицина» сабағы болып, ауруханадан келе жатқан кезде көргеніміз жан-жақтан әс­керилерді әкелген. Дубинка ұс­таған олар орталық алаңды қоршап тұрды. «Алаңнан тез-тез кетіңдер» деп қуды. Одан бөлек автобусқа отыра алмай қалған группадағы қыздарды айдалаға апарып, дубинкамен ұрып-ұрып тастап кеткен. Таяқ жеген қыздар әрең дегенге жатақханаға келген. Осындай оқиғалармен,  ерен ерлік нәтижесінде қол жет­кізген Тәуелсіздіктің бағасын түсінуіміз қажет. Желтоқсан оқи­ғасында қыршын жастардың қаны төгілді. Бірақ азаттықтың ақ таңы атты. Өз алдына егемен мемлекет болдық. Сондықтан да Тәуелсіздік қадірін ұғына жүріп, Желтоқсан оқиғасына қа­тысқан батыр азаматтарды ұмыт­пауымыз керек, – деді Мәдина Қойшыбайқызы.

Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситеті «Экономика және құқық» институтының «Құқықтану» ка­­федрасының доценті, заң ғылым­­дарының кандидаты Мәдина Қойшыбайқызының айтуынша, жас­тар Тәуелсіздіктің қадірін түсінуі қажет. Осы ұс­танымды үнемі студенттеріне де айтып отырады.

– Алдыңғы буын жастар мен қазір­­гі жастардың арасында алшық­тық бар. Ол кезде жастар кітап­ты көп оқитын. Жастар­дың патриоттық рухы жоғары дең­гейде еді. Өйткені қазіргі уақытта сенбілікке студенттер­ді шығара алмаймыз. Бұл да туған жерге деген патриоттықты біл­діреді. Жастар біздің – бола­шағымыз. Олар қоғамның көп бөлшегін құрайды. Сондықтан жастар Тәуелсіздігімізді сақтау керек. Егер шындаса жастар­дың қолынан барлығы келеді. Желтоқсан оқиғасы да – соның дәлелі. Бұл оқиға тарихи естелік болып біздің жадымызда мәңгі сақталады. Бүгінгі бейбіт өмір­дің қандай жолмен келгенін жас буын білуі қажет. Сонда ғана бейбітшіліктің қадірін түсінеді. Ең алдымен бүгінгі ұрпақ бі­лімді, саналы азамат болып қа­лыптасуы қажет. Сол кезде жаңа Қазақстан жоғары деңгейде да­миды деп айта аламыз, – дейді Мәдина Жүсіпбекова.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: