Сенбі, 21 желтоқсан, 18:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бірлікке тағы бір қадам

11.01.2022

848 0

Қырағы әскер. Ізкескіш ит. Жіті тексеріс. Бұл – Қызылорда қаласындағы блок бекеттегі алғашқы көрініс. Оқыс оқиғадан соң жағдайдың ушыққанын сезген тұрғындар да байсалдылық танытып, қажетті тексеріске түсіністік танытуда. Блок бекеттің жанынан көлікті-жаяулы өткен жұрт жеке басын куәландыратын құжат көрсетіп, тиесілі қоржынында қауіпті заттың жоқтығын көрсетіп өтуде. Қалаға кіреберіс жол­дың бойындағы ұзын-сонар көлік кептелісіне қармастан жүргізушілер де сабырлық сақтап, тыныштықтың бұзылмауын тілеп өтетіні байқалады…

Расында, ел көлемінде орын алған қайғылы жағдайдан соң содырларды әшкерелеу, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма беріп, кінәлілерді іздестіру шарасын қатаң бақылауға алуды тапсырған-тұғын. Қылмыскерлерді құрықтау операциясынан бөлек, бейберекетсіздік кезінде ұрлық жасап, мүлік зақымдаған азаматтардың бой жасыруына да тосқауыл қойылуда. Осы мақсатта блок бекетте қаладан кіріп-шыққан көліктердің жүксалғышы, азаматтардың жеке дерегі мұқият саралану үстінде. Жалпы Қызылордада тәртіп сақшылары 381 бүлікшіні ұстап, оның 100-ге жуығына қылмыстық іс қозғаған. Аймақтағы антитеррорлық операция әлі де жалғасып, лаңкестерді құрықтау жүргізілуде.

– Блок бекеттердегі қауіпсіздік шарасы толық бақылауда. Көліктерді, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжат­тарды текеру тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Азаматтардың жанынан күдікті деп танылған зат табылған жағдайда дереу полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оқиғаның ақ-қарасын анықтау жүргізілуде. Қала төңірегінде блок бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Осы орайда қала тұрғындарын оқиғаға сабырмен қарап, қажетті талапты орындауға шақырамын, Бұл алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған әрекет екенін баса айтқым келеді, – деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Оспанов.

Шаһарда блок бекеттегі тексерістен бөлек, комендаттық режим де қатаң бақылауға алынған. Бұл аралықта құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыскерлерді іздеу жұмысын жүргізіп, нәтижеге қол жеткізуге талпынуда. Мәселен, түнгі сағат 23.00-де ауыр әскери техникамен жарақтанған «Арлан», «Барыс»  топтары әуежай маңындағы елді мекендерді ара­лайды. Сондай-ақ саяжайларды түгел тексеріп, бүлікшілер жасырынуы мүмкін деген тоғай, су арналарын да тексеруден өткізеді.

Алайда ескерту мен хабарландыруға қарамастан төтенше жағдай режимін бұзатын азаматтар легі толастар емес. Тіпті бүгінге дейін облыс орталығында төтенше жағдай режимін бұзған 43 дерек тіркелген. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің мәлімдеуінше, аймақта коменданттық режим сақталуда.

– Барша Сыр елінің азаматтарын тәртіпті сақтап, үйде болуға шақырамыз. Аса қажеттілік жағдайында ғана үйден шығып, өз куәліктеріңізді бірге алып жүруге кеңес береміз. Қиын кезеңді бірлікпен жеңейік. Күшіміз бірлікте! Қоғам тыныштығын сақтау бағытында блок бекеттер санын арттырдық. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында – 5,7 ау­дан бойынша 23 блок-бекеттер қойылды. Мұнда әр көлік тоқтатылып, азаматтардың құжаттары мұқият тексеріліп жатыр, – деді Серік Әбжәліұлы.

Бүгінде тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің дерегіне сүйенсек, тұрақтандыру қорының қоймасында 1448 тонна өнім сақтаулы. Апта сайын 120 автокөлік Түркістан қаласынан азық-түлік тауарларын тасымалдайды.

Оған қоса, тұрмыстық тіршілікке қажетті газ, бензин қорында да жетіспеушілік жоқ. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында сұйытылған газ бағасы – 60-65 теңге, АИ-92 – 180 теңге, дизель 229 теңге шамасында. Тағы айта кетерлігі, банктердің мобильді қосымшасы интернетсіз аударым жасауға мүмкіндік ашқан. Ал облыстағы «Halyk Bank»-тың 60 банкоматы жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар әуежай қызметі штаттық режимде жұмысын бастады. Қызылорда-Нұр-Сұлтан бағытында әуе рейсі жанданды. Әуежай алаңына тек билеті бар жолау­шылар ғана кіргізіледі. Әуежайда да арнайы күзет бекеті орнатылған. Ал қоғамдық көліктерде 125 автобус қызмет жасауда. Ауданаралық көліктер қатынап, автовокзалдар мен автостанциялар жұмыс істеуде.

P.S. Ел тілегі – тыныштық. Сәтке болсын берекесіздіктің орнауы қоғам жанына жылдар бойы орны толмас жара салатыны анық. Бұл өз кезегінде елдің рухани дамуы, экономикалық өркендеуін кешеуілдетеді. Рас, азаматтардың еркін ойлы, азат пікірлі болуы – әділетті қоғамның бастауы. Алайда пікір қайшылығы мен теріс пиғылды топтың озбыр  әрекеті жазықсыз жандардың өмірін жалмамауы қажет. Себебі кейде уақыт жеке мүдде мен топтың мұратын ел тыныштығы жолында құрбан етуді де талап етеді…

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: