Елімізде балалардың спорт, өнер және қосымша білім алуына жағдай жасау мақсатында бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы қолға алынды. Бұл жүйе балалардың үйірмелер мен секцияларға қатысуын жеңілдетіп, қаржыландырудың ашық әрі тиімді жүргізілуін қамтамасыз етеді. Осы туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Байсынова айтты.
– Балалардың спорт, өнер және қосымша білім алу мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл жоба еліміздің алты қаласында – Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылордада жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда мемлекет балалардың үйірмелер мен секцияларға қатысуына қаржылай қолдау көрсетуде. Алайда жүргізілген бақылаулар кезінде кейбір кемшіліктер байқалды. Мысалы, балалардың шын мәнінде қатыспауы немесе сабақтардың санитарлық талаптарға сай келмеуі сияқты жағдайлар орын алған. Бұл қаржыны тиімді әрі дұрыс пайдалану үшін қолайсыз жағдайлар туғызды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа цифрлық жүйе енгізіледі. Енді ваучерлер тікелей балаға беріледі, яғни қаржыландыру нақты балаларға бағытталады. Бұл ата-аналарға балаларына ең қолайлы үйірме немесе секцияны таңдауға мүмкіндік береді. Платформа балалардың сабаққа қатысуын нақты тіркеп, қаржыны ашық әрі тиімді жұмсауға жағдай жасайды. Сонымен қатар, балалардың жас ерекшелігі мен отбасының жағдайына қарай кезек әділ реттеледі. Жаңа жүйе мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарды біріктіріп, қызмет көрсету сапасын арттырады. Үйірмелер мен секцияларда санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады, сондай-ақ кәсіби мамандар жұмыс істейді. Бұл жоба балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады, – деді Ғалия Балтабекқызы.
Сонымен қатар, облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Серік Жұматов жаңа жобаның спорт саласын дамытудағы маңызын атап өтті.
– Бірыңғай ваучер жүйесін енгізу – балалардың спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаржыландырудың ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз ететін маңызды бастама. Бұл жоба спорт секцияларына, үйірмелерге балалардың еркін қатысуына жағдай жасап, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге, қаржы нақты спортпен айналысатын балаларға бағытталып, ресурстар тиімді жұмсалады. Жаңа жүйе спорт саласының дамуына серпін беріп, балалардың денсаулығы мен физикалық дайындығын нығайтуға мүмкіндік береді. Облысымыздың спорт инфрақұрылымын жетілдіруде бұл жоба ерекше рөл атқарады. Біз бұл бастама арқылы балалардың жан-жақты дамуына және спорт мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосатынымызға сенімдіміз, – деді Серік Айдарбекұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!