Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың барлық саласына заманауи технологияларды енгізу мәселесін талқылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Бұл бағыт Үкімет жұмысының негізгі басымдығына айналмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет басшысы технологиялық серпілістің маңыздылығына тоқталып, жаңа цифрлық өнімдердің пайдасын әрбір азамат сезінуі тиіс екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Біздің басты мақсатымыз – экономиканың барлық салаларына серпінді технологияларды енгізу. Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс», деді Олжас Бектенов.Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде интернет сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр:
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2 606 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. 2026 жылы тағы 1 900 елді мекенді қосу жоспарланған.
- Қазіргі таңда 5G байланысы еліміздің 20 ірі қаласында қолжетімді.
- Бүгінде 3 115 ауыл 4G желісімен қамтылған болса, 2026 жылы тағы 836 ауыл осы сапалы байланысқа қол жеткізеді.
Премьер-министр цифрландыру тек техникалық процесс емес, экономиканың тиімділігін арттыратын және халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын басты құрал екенін баса айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
