2025 жылы 535 мыңнан астам қазақстандық бала тууына және бала күтіміне байланысты мемлекеттік қолдауға ие болды. Бала тууға және күтімге арналған жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 749 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен бала тууына байланысты 312,2 мың адам жәрдемақы алған, төлемдердің жалпы сомасы – 56,4 млрд теңге. Жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты және 2025 жылы 6,5%-ға индекстелген.
Атап айтқанда:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге төленеді.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге арналған жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, бала күтімін жүзеге асыратын тұлғаларға тағайындалады. Жыл басынан бері бұл жәрдемақыны орта есеппен 125 мың адам алған, төлемдердің жалпы сомасы – 40,2 млрд теңге. Ай сайынғы төлем мөлшері:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Жыл басынан бері бұл төлемді 187,2 мың адам алған, жалпы сомасы – 260 млрд теңге, ал орташа төлем мөлшері 1,4 млн теңгеден асты.
«2025 жылдың 11 айында аталған төлем 223,2 мың адамға 392,4 млрд теңге көлемінде тағайындалды, оның ішінде қараша айында 14,9 мың адамға 33,8 млрд теңге төленді. 11 айдағы ай сайынғы орташа төлем мөлшері 86 221 теңгені құрады», делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
