Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кәсіпкерлерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазір ЕgovBusiness платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түскен.
«Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмысын аяқтау қажет.
Сонымен бірге осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек. Бұл шаралар кәсіпкерлердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көмегімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады», дейді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қадам әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
