Бейсенбі, 11 желтоқсан, 22:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94 (2206)
09.12.2025
PDF мұрағаты

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 44,9 пайызға артты

11.12.2025

40 0

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл сайын мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, биыл өңірдің ауыл шаруашылығында 211,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,9 пайызға артса, саланың негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 44,9 пайызға артқан. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

– Биыл облыс бойынша 189,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі 80,9 мың гектарды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдан жылға суды көп қажет ететін күріш көлемі оңтайландырылып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл күріш көлемі 4,7 мың гектарға қысқарды. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында егістік жерлерді лазерлік тегістеу жұмысы өз жемісін көрсетті. Нәтижесінде, диқандар күріштің 60 мың гектарын осы әдіс арқылы егіп, суды 20 пайызға үнемдей отырып өнімділікті арттырды. 2026 жылы бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізіп, 2028 жылға дейінн егісті толығымен тегістеу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 50,6 мың гектарға сүдігер айдау жұмыстары жүргізіліп, 4,5 мың гектар жерге күздік бидай егілді. Өңірде тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін пайдалану арқылы егіс көлемі 8,1 мың гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін құру, саланы әртараптандыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, өңірде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған Қызылорда крахмал-сірне зауыты жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба 2025-2029 жылдары аралығында екі кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде – кептіру кешенінің құрылысы жүргізілсе, екінші кезеңде жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынады. Алғашқы кезеңінде зауыт тәулігіне 1 200 тонна жүгері дәнін кептіріп, 30 мың тонналық сақтау қоймасы салынатын болады. Бүгінгі күні зауыт құрылысы үшін 35 гектар жер телімі табысталып, 10 мың гектар жерге дән жүгері дақылын егуге шаруалармен келісімдер жасалды,- деді Талғат Тұрсынұлы.

Сондай-ақ, егісті әртараптандыру, күрішті оңтайландыру мақсатында швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен бірлесіп, құны 51 млрд теңгеге техникалық қарасора, жүгері және соя өсірілетін болады. Бұл жоба аясында 21 мың гектарға қарасора, жүгері және соя дақылдарын егіп, терең өндейтін агроиндустриялық кластер құру жоспарланып отыр.

– Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалынған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Биыл Жаңақорған ауданында қуаттылығы жылына 5 000 басты құрайтын «Қожамберді батыр» ЖШС мал сою және ет экспорттау орталығы іске қосылды. Аталған серіктестік Түркия мемлекетімен 1 000 тонна ет өнімдерін экспорттауға келісім шарт жасады. Бұдан бөлек, сүт бағыты бойынша «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС-нің жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда қаласында 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құру» жобасы жүзеге асты,- деді Талғат Дүйсебаев

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: