Сейсенбі, 24 желтоқсан, 08:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Біз лагерьге барамыз

04.06.2022

1053 0

Балғын балаларымыз сағына күткен жаз мезгілі де жадырап келді. Дәл осы сәтте каникулға шығатын мектеп оқушылары үшін лагерьге жолдама алу – үлкен қуаныш.  Осы орайда, өрендердің демалысын тиімді өткізуді ұйымдастыру – жауапты іс.

Бүгінгі таңда тынығу лагерьлері балаларға көңілді демалыс өткізуге дайын.

Маусымның алғашқы күнінде қаламыздағы Тәкей Есетов атын­дағы №264 мектеп лицейде жас өрендерге «Зерентай» тынығу лагеріне жолдама ұсынылды. Олардың ішінде үздік оқушылар, түрлі пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лардың балалары алғашқы ауы­сымда демалуға мүмкіндік алды. Бұл күні Абай атындағы №2 мектеп-лицей, Ы.Алтынсарин атындағы №10, №212 мектеп-гимназияда білім алатын 60 балаға тегін жолдама табысталды.

– Ел ертеңі – балалардың болашағын баянды ету барша адамзатқа ортақ парыз. Олардың балғын жүзінен нұр шашып, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Бала­лардың демалысын тиімді ұйым­дастыру жұмыстары үнемі на­зарда. Бұл кезең оқушыларға ұмытылмастай әсер қалдыратыны сөзсіз. Уайымсыз, қамсыз балалық шақтың балдәурен сәті осы кезеңмен байланысты. Сондықтан біз лагерьде балаларға барлық жағдайды жасадық. Олар түрлі бағдарлама бойынша демалыс күндерін қызықты өткізеді. Ал­дағы уақытта қала бойынша 1000-ға жуық баланы тегін жазғы тынығу лагерімен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шолпан Жүнісова.

Қаламыздағы Ы. Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің оқушысы Дәулетжан Өмірзақов биыл 7-сыныпты бітірді. Ол да өзге балалар секілді жаздың жаймашуақ күнін асыға күтті. Өйткені олар үш ай бойы дема­лып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен қарсы алуды қа­лайды. Бірі ауылдағы туыстары мен ата-әжелеріне баруды ойласа, кейбірі лагерьде тынығуды жөн көреді. Дәулетжан демалысты лагерьде өткізуге асық.

– Жазғы демалысым өте та­маша өтетініне қуаныштымын. Онда балаларға барлық жағдай жасалған. Жаңа достар табамыз. Түрлі үйірмелерге қатысып, көңі­ліміз көтеріледі. Лагерьде барлық іс-шараға белсене қатысуды жос­парлап отырмын, – дейді ол.

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп шат­танған өрендердің жүзінен қуа­ныш байқалады. Демалысын қы­зықты өткізуге мүмкіндік алған оқушылар алғысын жеткізді.  

– Лагерьге жолдама берген мектеп ұжымына алғыс білді­ремін. «Зерентай» тынығу лаге­рін­де уақытты тиімді өткізу үшін қызықты ойындар ұйым­дастырылады екен. Мұражайға экскурсия жасалады деп естідік. Түрлі үйірмелерге қатысып, шабытыңды шыңдауға болады. Керемет көңіл-күймен қайтамыз деген сенімім мол, – дейді 8-сы­нып оқушысы Аяулым Жакиева.

Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсау­лығын нығайтуына, жаңа оқу жылын тың күшпен бас­тауларына қолайлы уақыт. Сондықтан да бұл уақытты өрендер ерекше күтеді. Олар демалысты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Осы тұрғыда арнайы орындар оқушылардың сана-сезімдік, дүние­танымдық тұрғыда дамуы­на, жетілуіне мол мүмкіндік береді. Сол үшін де бұл кезеңде өрендердің лагерьге баруына тиісінше көмектер жасалуда. Атап өтсек, сырбойылық өрендер үшін 9 балалар тынығу лагері өз жұмысын бастады.

– Облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 159 263 баланың 100 мыңнан астамы жазғы ты­нығу лагерінде демалады. 7 мем­лекеттік және 2 жеке жазғы ты­нығу лагерьі балаларды күту­ге дайын. Қоғамның басты байлы­­ғы – бала. Сондықтан оларға тиісті назар аударылуы тиіс. Біз осы бағытта жұмыс істеп отырмыз, – дейді облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Жадыра Шариева.

Үш ай демалыс кезінде бала­лардың уақытын қызықты өткізу үшін басқа да жоспарлар бар. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 32 мыңнан астам оқушы өңірдегі тарихи ескерткіштерге саяхат жасайды. 5 мың бала облыстағы демеушілер есебінен Нұр-Сұлтан қаласына экскурсияға барады. Айта кет­кен жөн, жазғы маусымда бала­лардың қауіпсіздігін сақтау маңызды шарт. Сол үшін де бұл тұрғыда екі жақ бірдей баламен жұмыс істеуі керек. Ал лагерьде төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты тиісті шаралар жа­салады. Арнайы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді.

Жазғы демалыс – балалардың жақсы тынығып шығуына жаса­латын  мүмкіндік. Сондықтан олардың бұл мезгілді  қызықты өткізуіне қолайлы жағдай бол­ғанына не жетсін.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: